Руханият

«Тағдыры бір – екі жұлдыз» сөнбейді

«Тағдыры бір – екі жұлдыз» сөнбейді

Талай-талай тума таланттарды туғызған Шығыс өңірі қазақ опера өнерінің мақтанышына айналған ағайынды Абдуллиндерді де дүниеге әкелген киелі өлке. Өткен аптада Халық әртістері ағайынды Абдуллиндердің 100 жылдық мерейтойы туған қаласы Өскеменде кеңінен аталып өтті. Мерейтойға арналған шаралар легі облыстық драма театрында өткен «Тағдыры бір – екі жұлдыз» атты мерекелік кешпен қорытындыланды. Оған облыс әкімінің орынбасары Жақсылық Омар қатысты.
Асқақ Алтайдан қанат қағып, атағы әлемге тарап, ән өнерінің биігін бағындырған қос таланттың 100 жылдығына арналған «Тағдыры бір – екі жұлдыз» атты мерекелік кештің шымылдығы Шығыс Қазақстан облысы симфониялық оркестрінің орындауындағы композитор Серікжан Әбдінұровтың дастанымен ашылды. Әсем ән мен күмбірлеген күйге сусап қалған қалың қауым дуылдата қол соқты. Содан кейін сахна төріне Абай атындағы Мемлекеттік опера және балет театрының жетекші әншісі, Мемлекеттік сыйлықтың лауреаты Шахимардан Әбілов шығып, «Абай» операсындағы Абай ариясын құйқылжыта орындады. Бұл ария егіздің сыңары Ришат Абдуллиннің бағын ашқан шығарма болатын. «Абай» операсының тұсауы сонау 1944 жылдың 4-желтоқсанында Қазақ мемлекеттік академиялық опера және балет театрында қиылған еді. Қазіргі таңда ағайынды Абдуллиндер салған опера жанрындағы шығармашылық сара жолды жалғастырып келе жатқан өнер тарландарының бірі осы – Шахимардан Әбілов.
Халық әртістері ағайынды Абдуллиндердің 100 жылдық мерейтойына арналған мерекелік кешке жиналған өнерсүйер қауым негізінен егіз әншінің музыкалық мұрасына айналған әндерді тыңдау бақытына ие болды. Жерлесіміз, Абай атындағы Қазақ Мемлекеттік Академиялық опера және балет театрының әншісі Нұржан Бажекеновтің орындауындағы «Евгений Онегиннің» Ленскийдің ариясын да жұртшылық ерекше жылылықпен қабылдады. Сонымен қатар өскемендік әнші, Қазақстанның еңбек сіңірген мәдениет қайраткері Вячеслав Ткач пен семейлік дәстүрлі әнші Берік Омардың, Мапруза Өтуленова мен Валерий Коваленконың орындаған сыршыл әндерге де залдағы қауым ұзақ қол шапалақтап, құрмет көрсетті.
– Биыл біз үшін ерекше жыл. Бүгін біз қазақ ән өнерінің алыптары, музыка өнері дейтін бәйтеректің қос бұтағы Ришат пен Мүсілім Абдуллиндердің 100 жылдығын атап өтіп жатырмыз. Адамның сезімін, ішкі дүниесін әуелі сөз жеткізеді, сөз жеткізе алмағанды поэзия жеткізеді, поэзия жеткізе алмағанды саз жеткізеді. Оны жеткізетін, әрине, әнші. Олай болса жерлестеріміз Ришат пен Мүсілім Абдуллиндердің тойы Шығыстың ғана емес, бүкіл елдің тойы. Қазіргі біздің қаладағы Жамбыл атындағы саябақтың орнында бұрын тұрғын үй массиві болған, сол жерде дүниеге келіп, атағы әлемге мәшћүр болған егіз әншінің мерейтойы өңіріміздің аудандары мен қалаларында да кеңінен аталып өтуде. Облыс әкімі Даниал Кенжетайұлы да Халық әртістері ағайынды Абдуллиндердің мерейтойын жоғары деңгейде өткізу туралы арнайы тапсырма берген болатын. Бұл мерейтойлық шаралар жыл соңына дейін жалғасады, – деген облыс әкімінің орынбасары Жақсылық Омар барша қауымды ән мерекесімен құттықтады. Сондай-ақ, облыс басшысының орынбасары өз сөзінде Өскемендегі Халық әртістері ағайынды Абдуллиндер атындағы өнер училищесіне жөндеу жұмыстарын жүргізу үшін 320 миллион көлемінде қаражат бөлінетінін де атап айтты.
Бір атап айтарлығы, «Тағдыры бір – екі жұлдыз» атты осынау мерекелік кешке ағайынды Абдуллиндердің артындағы ұрпақтары, атап айтқанда, Мүсілімнің кенже ұлы Сағынай мен қызы Ғалия, Ришат Абдуллиннің немересі Карина да Алматыдан арнайы келіпті. Залдағы қауымның қошеметімен сахнаға көтерілген Абдуллиндердің ұрпағының атынан белгілі қазақстандық әнші, Ришат Абдуллиннің немересі Карина Абдуллина сөз алып, осынау шараны ұйымдастыруға ұйытқы болған облыс әкімшілігіне үлкен ризашылығын білдірді.
Одан әрі қонақтар Халық әртістері ағайынды Абдуллиндердің 100 жылдық мерейтойына орай Шығыс Қазақстан өнер училищесінде өткен ІІ-ші республикалық вокалистер байқауының жеңімпаздарын марапаттау құрметіне ие болды. Сонымен, байқаудың «жеке орындау» номинациясы бойынша қызылордалық Аружан Қойшығара, өскемендік Андрей Шагидевич, семейлік Мади Мадияров, алматылық Диана Уловиченко бірінші дәрежелі дипломмен марапатталса, «ансамбльмен орындау» номинациясы бойынша осындай дипломға алматылық Абдулмайин Сахиб пен Әуесхан Құрмет ие болды. Ал бас жүлде – облыс әкімінің арнайы жүлдесін павлодарлық өнерпаз Лейла Қайыр қанжығасына байлады.
– Бір қуанатыным, артымыздан еретін, жолымызды жалғастыратын талантты жастар көп екен. Соған көзім жетті, – дейді қазылар алқасының төрағасы, елімізге еңбек сіңірген әртіс, Мемлекеттік сыйлықтың иегері, Құрманғазы атындағы қазақ ұлттық консерваториясының профессоры Шахимардан Әбілов.

Мейрамтай Иманғали

Осы айдарда

Back to top button