Таңдаулы өнімдердің тізімі анықталды
Өскемендегі Металлургтердің мәдениет сарайында «Қазақстанның үздік тауары-2017» көрме-байқауының өңірлік кезеңі өтті. Үздік деген атқа лайық өнімді облыс әкімінің бірінші орынбасары Нұрымбет Сақтағанов бастаған сарапшы топ анықтады.
Бұл үздіктер енді байқаудың республикалық кезеңінде бақ сынап, Астанада өтіп жатқан ЭКСПО көрмесіне қатысады. Сарапшы топқа 80 кәсіпкердің ішінен үздік тауар ұсынған өндірушіні анықтау оңай болмады. Өйткені, бұл сынға шын мәнінде өз ісінің үздіктері үміттерін үкілеп келген екен. Әсіресе, Өскемен мен Семейдің, Глубокое, Ұлан және Зырян аудандарының кәсіпкерлері өте белсенді болды. Байқау үш аталым бойынша өткенімен, сөреге қойылған өнімдердің бағыты өте кең. Бірі қолөнер бұйымдарын, бірі ұлттық тағамдарды, бір жиһаз бен құрылыс материалдарын, бірі техникалық бөлшектер мен технологиялық қондырғылар әкеліпті.
-Былғарыдан аяқ киім тігуді жасымнан меңгергенмін. Осы кәсіппен түпкілікті шұғылдану үшін «Жұмыспен қамту-2020» бағдарламасы бойынша бір миллион теңгенің несиесін рәсімдеп, етік тігуге қажет станоктың бәрін алдым. Былғарыны Алматыдан алдырамын. Қытайдан әкелгеннен сол тиімді. Жазғы туфлилерді 10-15 мың теңгеге, саптама етіктерді 20-25 теңгеге сатамын. Өйткені, бір етікті тігуге кемінде төрт күн кетеді, – дейді глубокоелық шебер Озатбек Ахметұлы.
Жалпы, Глубокое ауданынан бұл байқауға бес бірдей кәсіпкер қатысыпты. Үш аталым бойынша сынға түсіп отыр. Біздің назарымызды қазақи оюмен әдіптелген киіз кілемшелер өзіне аударды. Бұл керемет туындылардың авторы – Татьяна Чучипалова. Қазақтың өнерін ғаламтор арқылы үйренген ісмер киіз бұйымдар бізге қарағанда Ресейде жоғары бағаланатынын айтады. Шеберлігінің арқасында Біріккен Араб Әмірліктеріне дейін барған кәсіпкер жүннің сапалысын Тараздан, қалыпты сұрыптарды Катонқарағай, Зырян аудандарынан алатын көрінеді.
Ал жиһаз нарығында 19 жыл еңбек етіп келе жатқан «Solo интерьер» фабрикасы мұндай көрмелерге соңғы жеті жылда үзбей қатысып келе жатыр.
-2010 жылдан бері осы іспеттес көрмелерге қалмай қатысып келеміз. Соның арқасында клиенттеріміздің саны артты. Қазір Өскемен мен Семейді есептемегенде, Астана, Шымкент қалаларынан да тапсырыс түсіп жатады. Мұндай көрменің берері көп. Әріптестік байланыс орнатуға өте ыңғайлы. Көбінесе сол үшін келеміз, – дейді кәсіпкер Руслан Сейітханов.
Жарма ауданының атынан сынға түскен «Реммель С.А.» жеке кәсіпкерлігі «Колониядағы бизнес» жобасы бойынша өндірілген өнімдерін ортаға салды. Өскемендік кәсіпкер Денис Синельщиков болса, «Изнавр» брендімен сатылатын пістелерін жұртқа тегін таратты. Қазақстан бойынша 15 қаланың 23000 дүкенінде пісте құтыларын орнатқан кәсіпкер 250 адамды жұмыспен қамтып отырғанын айтады. Ең бастысы, өңделген пістені Д.Синельщиков өзі егіп, баптайды.
Аягөздік кәсіпкер өзінің өніміне «экожем» деп ат қойыпты. Шаң мен тозаңнан, техникалық майдың иісінен стерильдік тәсілмен тазартылған жемге тоғыз түрлі қоспа қосып, өңделген.
-Осы қоспалардың арқасында біздің экожеммен азықтанған мал тәулігіне 1,5 келі салмақ қосады. Дәстүрлі жем жеген мал болса, күніне тек 600 грамм салмақ қосады. Біздің өнімнің артықшылығы осында, – дейді Болат Мүсәфірбеков.
«Төре-Тоғамның» балығы, «Біздің форманың» мектеп киімдері, «Vaskania»-ның сәнді киімдері, «СемАЗ»-дың қытайлық техникалары, «Восток котлы» ЖШС-нің құбырлары көрменің көркін кіргізді.
Сарапшылардың шешімімен үш аталым бойынша үздіктер қатарына төмендегі кәсіпкерлер енді.
«Үздік өндірістік тауар» аталымы бойынша үшінші орын мен 50 мың теңгенің сертификаты «Силикат» ЖШС-не, екінші орын мен 75 мың теңгенің сертификаты «Силумин Восток» ЖШС-не, бірінші орын мен 100 мың теңгенің сертификаты «Кэмонт» АҚ-на бұйырды.
«Үздік халықтық тауар» аталымы бойынша үшінші орынға «Ерошина» жеке кәсіпкерлігі, екінші орынға «Solo-интерьер» ЖШС, бірінші орынға «УК ЮНИС» ЖШС ие болды.
«Үздік азық-түлік тауары» аталымы бойынша «Медовый рай» шаруа қожалығы, «Төре Тоғам» ЖШС және «Эмиль» ЖШС үшінші, екінші және бірінші орындарды өзара бөлісті.
-Жыл сайын конкурсқа ұсынылған өнімдердің тізімі жаңаланып келеді. Соның көбі шетелдік импортты алмастыруға қабілетті. Біз бүгін елдің мақтауына ие болған брендтерді насихаттауға күш салуға тиістіміз, – дейді облыстық кәсіпкерлер палатасының директоры Игорь Шацкий.
Байқау барысында көрме қонақтары арасында викториналық ойын өткізіліп, жеңімпаздарға ЭКСПО билеттері үлестірілді.
Есімжан Нақтыбайұлы