Қоғам

Табысы төмендерге несие берілмейді

 

Енді табысы төмен қазақстандықтарға қарыз берілмейді. Мұны жуықта Ұлттық банк  мәлім етті. Банктегілердің айтуынша,  2020 жылдың 1 қаңтарынан бастап қарыз жүктемесін есептеу тәсілі өзгереді, бұл дегеніміз жалақысы күнкөріс деңгейінен төмен қазақстандықтарға несие берілмейді деген сөз.

Президент биыл  Қазақстан Республикасының кейбір заңнамалық актісіне қаржы нарығын реттеу мен дамыту, микроқаржылық қызмет және салық салу мәселелері бойынша өзгерістер мен толықтырулар енгізу туралы заңға қол қойды.

Қазақстандықтарға несие енді қалай беріледі, табысы төмен азаматтарды несиеден шектеудің салдары қандай болмақ? Осы сауалдарға жауап іздеп көрдік.

Айта кетейік, бүгінде Қазақстанда ең төменгі күнкөріс деңгейі – 29 400 теңге, ал ең төменгі жалақы – 42 500 теңге. Яғни, енді жалақысы 29 400 теңгеден төмен қазақстандықтар кепілсіз несие ала алмайды.

Жазда несиелік нарықты сауықтыру мақсатында еліміздің бір топ азаматтарының  қарызы Үкімет есебінен өтелгеннен соң, Президент Қасым-Жомарт Тоқаев табысы өмір сүру деңгейінің көрсеткішінен аз қазақстандықтарға кредит беруді доғару керегін айтқан болатын. Өйткені еліміздегі жұмысқа жарамды халықтың 90 пайызынан астамының басында кемінде 700 мың теңгенің несиесі бар болып шықты.       “Тұтынушылық несиелермен қалыптасқан жағдай одан әрі қайталанбауы тиіс. Ұлттық банк реттеушілік сипаттағы қатаң шаралар қабылдауға, қаржы ұйымдарының жауапкершілігін күшейтуге міндетті. Табысы ең төменгі күнкөріс деңгейінен төмен азаматтарға одан әрі жағдайдың нашарлануына және қаржылық жағдайды болдырмау үшін қарыз беруге тыйым салу қажет”, – деген еді Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев.

Қаржы институтының мәліметінше, мұның барлығы қазақстандықтардың қарызын азайту мақсатында жасалып отыр. «2017 және 2018 жылдары кепілсіз тұтыну несиесіндегі қарыз бір жылда 31 және 28 пайыз болды. Ал биылғы көрсеткіште кепілсіз тұтыну несиесі бойынша қарыз небәрі сегіз  пайыз. Сондықтан қазақстандықтардың қарызға батуының алдын алып және тұтыну несиелерін көбейту мақсатында Ұлттық банк қажет шараларды жүзеге асырып жатыр. Осылайша, несиелеу субъектілерінің барлығы бірыңғай ереже бойынша жұмыс істеп, Ұлттық банк барлығы шартта көрсетілгендей орындалуын бақылап отырады», – делінген еді Ұлттық банк хабарламасында.

Онлайн банктердің айы оңынан туа ма?

Осылайша, банк қарыз алушыларды бақылап қана қоймай, ломбард, шағын қаржылық ұйым мен оңды-солды онлайн несие таратушы субъектілерді де қатаң бақылауға алмақ. Жаңа заң осы күнге дейін реттелмей келген қаржылық ұйымдарды 2020 жылдың 1 шілдесіне дейін Ұлттық банкте тіркелуге міндеттейді.

Ұлттық банк мәліметінше, шағын қаржылық ұйымдарды осылайша тіркеу және реттеу арқылы қарыз алушының құқығын қорғау көзделіп отыр. Өйткені ресми банктерден несие ала алмаған жұрттың көбі пайызы аспандап тұрған онлайн несие мен өзге де қаржылық ұйымдардың қызметіне жүгінеді. Бұл өз кезегінде аталмыш ұйымдар қызметінің сұранысын арттырып, пайыздарының одан бетер өсуіне негіз болар еді.

Қыркүйек айында Заңнамаға жаңа ережесе енгізілді.  Банктер қарызды борышкердің есепшотынан тікелей өндіріп алған жағдайда күнкөріс минимумы сомасында, яғни 29400 теңге қалдыруы  міндетті. Сондай-ақ Заң алимент, жәрдемақы мен әлеуметтік төлемдер үшін ашылған есепшоттан қарыз өндіруге тоқсауыл қоймақ.

Қарыз табыстың 50 пайызынан аспауы тиіс

Сонымен, несие кімдерге бірілмейді?  Бұл жөнінде бірінші кредиттік бюроның атқарушы директоры Әсем Нұрғалиева тәптіштеп түсіндіріпті. Оның айтуынша, азаматтарға  ай сайынғы төлемі табысының 50 пайызынан көп болған жағдайда несие берілмейді.

– Қазақстандық банктерге борышкердің қарызы табысынан 50 пайыздан асатын жағдайларда кредит рәсімдеуге тыйым салынады. Несие беру кезінде бірінші кезекте басқа да қарыздың болу-болмауын тексеріп, күнкөріс деңгейін кәмелетке толмаған әр балаға шақтап есептеу қажет. Егер де қарыз алушының табысы жеткілікті болса, банк қарыз жүктемесін есептей бастайды. Барлық қарыздың сомасы табыстың 50 пайызынан асып кетпеуі тиіс. Қарыз жүктемесі 50 пайыздан асқан жағдайда банк борышкердің өтінішін қабылдамайды немесе қарыз сомасын азайтуға тура келеді. Ұлттық банк басқармасының 292-қаулысы бойынша кепілсіз қарыз беретін кезде борыш жүктемеcінің коэффициентін есептеу керек. Яғни, кредит бойынша бұрынғы төлемдеріңіз бен жаңа несиенің төлемі табысыңыздың 50 пайызынан аспауы тиіс. Көп адамда табысы бұрынғы төлемдерін жабуға жетпей жатса, банк несие беруден бас тартуы мүмкін , – дейді ол.

Кредит тарихы мен еңбек өтілі  де  әсер етеді

Маманның айтуынша, несиенің берілуіне басты факторлардың бірі – несие тарихы. Ол нашар болса, банк кредит беруден бас тартуы мүмкін. Кредиттің берілмеуіне негізгі екі себеп бар. Біріншісі – нашар несие тарихы. Әсіресе, ол әлі де жабылмаса, 30, 60, 90 күн бойы кредит төленбесе. Борышкер 90 күннен аса уақыт бойы несиесін төлемесе, ол дефолтқа енеді. Ал Әсем Нұрғалиеваның айтуынша, кредитке өтінім түскенде банк борышкердің қашаннан бері жұмыс істеп жатқанына да қарайды. “Бұл тұста борышкердің қашаннан бері жұмыс істеп жатқаны да есепке алынады. Борыш жүктемесінің коэффициенті соңғы алты  айда болған аударым арқылы есептеледі. Кем дегенде 2-3 ай бойы үздіксіз аударым жасалып отыруы керек. Соңғы алты айда аударымдар, яғни жұмыс тәжірибесі болмаса, банк кредит беруден бас тартуға мәжбүр болады”, – дейді ол.

Лимиттелген несие картасы да кредит алу кезінде әсер етуі ықтимал екен. «Мысалы, миллион теңге лимитімен несие картасын алып, толық лимитті таңдап, ай сайын минимал төлем жасап отырсаңыз, бұл жүз пайыз «утилизация», яғни, несие картасын кредит секілді пайдаландыңыз деген сөз. Бұл негатив фактор болып саналады. Яғни, банк сізді қазіргі кредитіңізді жабу үшін тағы бір несие алғалы жатыр деп ойлайды. Жалпы, несие картасы мейлі ол аз ғана сомаға ашылып, пайдаланылмаса да, заем алу кезінде карта ашылған сомадағы несие ретінде қарастырылады. Әр фактордың минустағанда несие картасы да табыстың 10-15 пайызын алады»,- дейді маман.

Талапты  күшейту қаншалықты тиімді?

Ұлттық банк пен Үкіметтің басты мақсат – проблемалық қарыздың санын азайту. Мойнында берешегі көп адамдардың көбеюіне жол бермеу. Осылайша, несие тұрақты еңбекақысы бар, төлеуге қабілетті тұлғаларға беріледі.

– Еліміз нарықтық экономикаға көшкен уақыттан бері халық арасында қаржылық тәртіп дұрыс жүргізілмеді. Салдарынан халықтың 40 пайызы банктен алған несиелерін қайтара алмай жүр. Қазіргі уақытта ломбард, микроқаржылық орталықтардың қызметін Ұлттық Банк бақылай алмайды. Мұндай ұйымдар пайызды өздері қояды. Қаржылық сауаты жоқ адамдар солардан ақша алып, бірнеше есе ғып қайтарады. Өтей алмаса, пайыз күн сайын өсе береді. Сондықтан біз өз халқымызды заң бойынша реттелмеген шығыннан қорғау өте дұрыс қадам,-дейді Алматы экономика және статистика университетінің Өскемендегі филиалының қаржы ісі факультетінің оқытушысы Фархат Борамбаев.

Ал қарапайым халықтың бұл жөніндегі пікірі басқаша.

– Бұқаралық ақпарат құралдары арқылы осы жаңалықты естіп, уайымдай бастағаным рас. Себебі, қазір екінің бірі кредит алады. Адам банктен еріккеннен несие алмайды ғой. Мұқтаждықтан, қажет болған соң барады. Осыдан үш  ай бұрын  жаңа теледидар сатып алған едім. Банк арқылы 120 мың теңгені бір жылға бөлді. Маған солай тиімді. Өйткені жалақымен күн көріп жүрген халық мұндай соманы бірден төлей алмайды. Қазір адамдардың басым көпшілігі ұялы телефон, ноутбуктерді несиеге рәсімдеп жатады. Алдағы уақытта мұндай мүмкіндік барлығына берілмесе, тұрмыстық жағдайымыз  жақсарып кетеді дегенге сенбеймін,-дейді Өскемен қаласының тұрғыны Амангелді Байахметов.

– Ұлттық Банк өкілдері жаңа талап проблемалық қарыз санын азайтуға көмектеседі деп отыр. Банк несие беруден бас тартса, үйге қажетті тауар алуға бекінген адам ломбардтар мен қолма-қол ақша беретін микроқаржылық орталықтарына да жүгіне алмайтын болса, не істеуіміз керек? Демек, осындай қадамға барған Үкімет оған балама үлгі ұсынуы керек. Тұрмысы, табысы төмен азаматтарға төмен пайызбен несие беретін функциялар енгізілсін онда,-дейді Глубокое ауданының тұрғыны Аида Байбакирова.

Халықтың пікірінен түйгеніміз, бұл Заң несие нарығын сауықтырғанымен, несиеге мұқтаж жандарды құқықтарын шектеу, жалған құжат жасау, пайызға ақша берушілердің көбеюі сынды салдардың  туындауына  әкеліп соғуы мүмкін.

Лаура Тілеубайқызы

Осы айдарда

Back to top button