БілімТОП

«Табысқа апарар жол» NIS-тен басталады

«Назарбаев зияткерлік мектептері» дербес білім беру ұйымында «Жас ұстаз: Табысқа апарар жол» атты бірінші республикалық жас мұғалімдер форумы өз жұмысын тәмамдады. Аталған форум жас мұғалімдердің біліктілігін арттыруға арналған NIS-тің  ауқымды жобасы аясында өтті. Бұл идеяның өзі жас ұстаздардың «Назарбаев зияткерлік мектептері» дербес білім беру ұйымының Басқарма төрайымы Күләш Шәмшидиновамен кездесуден соң туған болатын. Елорда мен Өскеменде, Қарағанды мен Алматыда, Павлодар мен Қостанайда бірқатар кейс-сессия өтті.

– Біз, ұстаздар, болашақ премьер-министрлер мен президенттерді, ұлт қаһармандары мен әлем жұлдыздарын, ең бастысы, нағыз патриоттар мен бақытты адамдарды оқытамыз. Бүгінде еңбек жолын бастаған әрбір жас маман өз өмірін мектепке, балаларға арнайды, – деді шарада Басқарма төрайымы Күләш Шәмшидинова.

Ұлыбританиядан NIS-пен ұзақ уақыттан бері табысты ынтымақтастық орнатқан Кембридж университетінің білім беру факультетінің өкілі Элейн Уилсон жас оқытушылар қатарына қосылды.

– Қазақстанда Педагогикалық шеберлік орталығы тарапынан әзірленген мұғалімдерді кәсіби даярлаудың көптеген жақсы бағдарламасы бар. Ұстаздар үнемі білімдерін жетілдіріп отырады, бұл сіздің елдің біліктілікті арттыруда жетекші екенін дәлелдеп отыр. Бәрін білемін деп ойламаңыз, оқи беріңіз, оқи беріңіз, – деген Элейн Уилсон форум қатысушыларына сәттілік тіледі.

Екі күндік форум шығармашылық талпынысқа, жаңа таныстықтарға, кәсіби жаңалықтарға, өршіл жобаларға, шабыттандыратын тренингтер мен шеберлік сағаттарына толы болды.

Форум қатысушыларымен «галстуксыз кездесуге» оқу-ағарту министрі Асхат Аймағамбетов, «Назарбаев зияткерлік мектептерін» дамыту қорының директоры, «SHARE орта білім берудегі ғылым» жобасының жетекшісі Назипа Аюбаева, цифрлық даму, инновациялар және аэроғарыш өнеркәсібі министрінің кеңесшісі Әсел Молдабекова келді.

Жас мұғалімдер Асхат Қанатұлына философиялық, мемлекеттік ауқымдағы және өзіне тән – жеке лайфхактардан бастап әдеби талғамға ұласқан сауалдар қойды. Әсел Молдабекова да қиын сауалдарға жауап берді. Жас ұстаздар әсіресе электронды білім беру жүйелеріндегі ақпараттық интеграцияға, ауылдық жерлердегі интернеттің жылдамдығының нашарлығы мен тұрақсыздығына, мектептер үшін серверлер мен платформалардағы мәселелерге назар аударды.

Өскемендік Алена Рахимованың бүгінгі мектептегі ең өзекті мәселе – бағалауға арналған шеберлік сабағы форум қатысушыларының үлкен қызығушылығын тудырды. Ол топтық жұмыста оқушыны бағалау әрдайым қиын екенін, объективтілік баланың оқуға деген қызығушылығын сақтайтынын ерекше атап өтті.

Ұлан ауданынан ағылшын тілі пәнінің мұғалімі Әділ Анарбеков бағалау кезінде баланың психологиялық жай-күйі шешуші мәнге ие екенін айтты.

– Шәкірт пен ұстаз арасындағы алтын көпір – сенім, ол адалдық, сүйіспеншілік және үміттен құралады, – дейді ол.

Мексикадан жас педагогтар форумына қосылған Дэвид Марш арадағы мыңдаған шақырымға қарамастан қатысушылармен достасып үлгерді. Ол кез келген елде мұғалім табысының басты критерийі оның өз мамандығына деген адалдығы деп санайды.

Семей қаласындағы зияткерлік мектептің физика пәнінің мұғалімі, Қазақстаннан алғаш болып Global Teacher Prize жаһандық сыйлығының топ 50 иегері қатарына еніп, амбассадоры атанған Асхат Жұмабеков жаңа буын ұстаздардың мерекелік көңіл-күйіне ерекше үн қосты. Асхат өз мамандығын саналы түрде таңдағанын айтып, нағыз мұғалім ретінде форум қатысушыларына олардың әрқайсы өзінің ең үздік нұсқасы бола алатынын нық сеніммен жеткізді.

Форум ұйымдастырушылары – отандық мұғалімдердің кәсіби дамуын жүйелі түрде жүзеге асырып келе жатқан Педагогикалық шеберлік орталығының табысты командасы сахнаға шығып, жас мамандардың ыстық ықыласы мен қошеметіне бөленді.

– Жас мұғалімдер – әр мектептің стратегиялық ресурсы, бүгінгі білім саласына жаңа идеялар мен жаңа шешімдер әкелетін де солар.  Олардың жаңа білімге ашық, оқуға дайын екендігіне қуаныштымын, – деді Педагогикалық шеберлік орталығының директоры Жанбота Қабдыкәрімова.

Орталық online.cpm.kz платформасында жұмыс істейтін «Жас мұғалім мектебі» ашық онлайн курсын әзірлеп, дайындады. Жаңа ресурс әртүрлі бағыттағы оқу материалдарын біріктірді: мұғалімнің құндылықтары мен көзқарастары, оқыту стратегияларының калейдоскопы, көлденең және тік жоспарлау, сонымен қатар сабақты зерттеу, эмоциялар мен уақытты басқару және басқа да танымал басымдықтар.

Еліміздің әр өңірінде Педагогикалық шеберлік орталығы «Жасампаз жас ұстаз» жас мұғалімдер клубтарын құрып, кәсіби алаңға айналып үлгерді. «Шамшырақ» онлайн-платформасы негізінен ауыл мектептерінен келген үздік жас мұғалімдердің тәжірибесі туралы бейнематериалдар жариялауды бастады.

Осылайша, «Табысқа апарар жол» бірінші жас мұғалімдер форумы тарих бетіне жазылды деп есептеуге болады. Алдағы уақытта еліміздің үздік жас мұғалімдері NIS-пен бірге табысқа жету жолын жалғастыра беретін болады.

Мейрам Екпін

 

 

 

 

 

Осы айдарда

Back to top button