Қоғам

Табысқа жетудің сырымен бөлісті

Табысқа жетудің сырымен бөлісті


Өскемендегі А.Пушкин атындағы облыстық кітапханада «Жомарт жүрек» сыйлығының лауреаты, жеке кәсіпкер, қалалық мәслихаттың депутаты Сергей Коротинмен кездесу өтті. Онда депутат балалармен ашық әңгімелесіп, өзінің табысқа жету жолымен бөлісті.

Сергей Коротин – Өскемен қаласының тумасы. Ол кезінде № 15 орта мектепте білім алған. Кейін Өскемен құрылыс-жол институтына оқуға түсіпті. Негізгі мамандығы – инженер-механик.

– Мектеп бітірген соң екі рет жоғары оқу орнына түстім. Ол кезде екінің бірі институтқа түсе бермейтін еді. Ал қазір заман басқа, өйткені білім беру жүйесі өзгерді. Кейін ақыл тоқтатып, әскери борышымды өтеу үшін Германияға аттандым. Ондағы бар ойым ел тыныштығын күзету болатын. Содан соң елге оралып, үшінші рет оқуға тапсырдым. Бұл жолы да сыннан сүрінбей өттім. Сөйтіп, қазіргі Д.Серікбаев атындағы ШҚМТУ-дың түлегі атандым. Кейін бар күш-жігерімді жинап, жеке кәсіпкерлікке бет бұрдым. Оған дос-жарандарым мен туған-туыстарым қолдау көрсетті, – дейді Сергей Коротин.

Бизнестің қыр-сырын жетік меңгерген депутаттың қайырымдылықпен айналысатыны да белгілі болды. Кездесу өте қызықты өтті. Оған қатысушылар өздерін көптен бері толғандырып жүрген сауалдарын қойып, тиісті жауаптарын алды. Басқосу барысында жас әнші Ақерке Амалят ән шырқап, жиналған қауымның ыстық ықыласына бөленді.

– Ата-анамды үлгі тұтамын. Ал өмірлік ұстанымым – қандай жағдай болмасын, адами қасиеттерімді сақтап қалу, – дейді Сергей Коротин.
Айта кетейік, бұл кездесу «Bilimfest» фестивалі аясында ұйымдастырылды. Басты мақсат – балалардың таным көкжиегін кеңейту.
Басқосу соңында «Нұр Отан» партиясы облыстық филиалының «Жас Отан» жастар қанатының төрайымы Маржан Бахыт халық қалаулысына сый-құрмет көрсетіп, алғысын білдірді.

Ажар Сағатбекова

Осы айдарда

Back to top button