Табыс көзін тапсақ, бюджеттің бүйірі шығады
Облыс Әкімі Бердібек САПАРБАЕВТЫҢ төрағалығымен өткен көшпелі кеңейтілген мәжілісте ескерілмеген резервтер есебінен жергілікті бюджеттегі жеке табысты ұлғайту мәселесі қаралды. Мәжіліске қалалар мен аудандар әкімдерінің орынбасарлары, облыстық және аудандық басқармалар мен бөлімдердің басшылары қатысты.
Мәжілістің Семейде өтуі де кездейсоқтық емес. Осы орайда 2012 жылдың қорытындысы бойынша бюджеттегі жеке табысын ұлғайтуда Семей өңірі көш басынан көрінгенін атап өткен жөн. Мұндағы кіріс бөлігі 115 пайызды құраса, ал осы мерзім аралығындағы шығыс бөлігі небәрі екі пайызға ғана өскен. Семейдегі бюджетке қосымша табыс көзін табу жөніндегі ұйымдастыру жұмыстарындағы тәжірибесін бар-лық басшылар қабылдауы тиіс.
– Мемлекет басшысының саяси бағытына сәйкес біз алдымен халықтың әл-ауқатын жақсартуды қамтамасыз етуіміз керек, – деді Бердібек САПАРБАЕВ. – Ал ол үшін облыс экономикасы тұрақты әрі серпінді жұмыс істеуі тиіс. Экономика жақсы бюджет болғанда ғана алға басады. Мұның өзі табыс бөлігіндегі қорға байланысты. Жалпы, жыл қорытындысы жаман емес. 2012 жылы облыстық бюджет 6,7 миллиард теңгеге өсіп, 2011 жылмен салыстырғанда өсім 16 пайызды құрады.
2009 жылдан бері аймақта бюджеттің кіріс бөлігін толтыру үшін косымша көздерді іздестіру жөніндегі комиссия жұмыс істеп жатыр. Осы комиссия жұмысының нәтижесінде облыстық бюджетке қосымша 828 миллион теңге түсті (салыстырмалы түрде айтсақ, 2011 жылы бұл сома 406 миллион теңге аз түскен). Мұның 40 пайызға жуығы Семей өңіріндегі атқарушы органдардың үлесіне тиіп отыр. Енді комиссия алдында бюджетті толтырудың жаңа кіріс көзін табу міндеті тұр.
Облыстық экономика және бюджеттік жоспарлау басқармасының бастығы Елена Ясинская соңғы екі жылдың ішінде бұл комиссияның жұмыс қарқыны төмендеп қалғанын атап өтті. 2009-2011 жылдары нәтижесі жоғары болса, соңғы кездері қалалар мен аудандар біршама босаңсып кеткен. Семей өңірінде ғана қосымша табыс сомасы 325 миллион теңгені құраған. Өскемен 229,5 миллион теңге көрсеткішпен екінші орынға шықты. Ал Шемонайха ауданы 2,8 миллион теңгені және Бесқарағай ауданы 2,7 миллион теңгені бюджетке түсіріп, көш соңында қалған.
Кәсіпорындардағы жалақыны заңдастыруға байланысты жүргізілген жұмыстар нәтижесінің айтарлықтай тиімділігі болып, облыстық бюджетке қосымша 293,2 миллион теңге түсті. Үржар ауданында бұл тұрғыда ешқандай көрсеткіш жоқ. Зайсан ауданынан ең төменгі сома – 1,2 мың теңге түскен.
Салық төлемдерінің құны төмендетілген коммерциялық нысандарды қадағалап тексеру арқылы бюджеттің қосымша кіріс көзі ашылды. Бір жылдың ішінде бизнестің 823 нысаны заң талаптарына сәйкес келтірілуі арқасында бюджетке 201 миллион теңге түскен. Осындай шаралар кезінде Өскеменде 105 миллион теңгенің, Семейде 63 миллион теңгенің қайтарымы қамтамасыз етілді. Бұл бағытта жұмысты мандытпаған Абай ауданы 7,7 мың теңге, Зайсан ауданы 19 мың теңге мөлшерінде ғана шектеліп қалған. Сондай-ақ, салық түсімі бойынша көлік құралдарында да резервтер баршылық. Бұл саладан облыс бюджетіне 70 миллион теңге түскен.
Бірнеше жылдан бері тұрғын үй қорына енгізілмеген нысандардың 10880 иесі анықталып, есепке алынған. Бұлар бұрынғы пәтерлерді дүкендерге, кафелерге, офистерге лайықтап қайта жабдықтаған және салық органдарында тіркеуден өткізбеген болып отыр. Қазір төлем тәртібінің бұзылуы жойылып, соның нәтижесінде бюджет 60 миллион теңгеге толықтырылды.
Тағы бір қосымша табыс көзі – құрылыс ұйымдарындағы есепке алынбаған жұмысшыларды анықтау арқылы 2012 жылы бюджетке 31,5 миллион теңге түсті. Алайда, бұл бап бойынша Глубокое, Тарбағатай, Шемонайха, Абай, Бесқарағай, Бородулиха аудандарынан, сондай-ақ, Курчатов, Риддер қалаларынан ешқандай бюджеттік түсімдер болмаған.
Жергілікті атқарушы билік органдарының бастамасымен жер телімдерін сатуды ұйымдастыру арқылы қосымша табыс сомасы 59 миллион теңгені құрады. Облыстың аудандарында тұрғындарға жер телімдерін беру заң талабына сай конкурс шарттары бойынша біркелкі жүргізілмей жатқаны да белгілі болып отыр. Мәселен, өткен жылы Үржар ауданында сатылған жерден түскен табыс 12 миллион теңгені құраған. Мұндағы жер телімдерінің барлығы сауда арқылы сатылмаған. Бесқарағай ауданындағы иесіз телімдерді есепке алу жұмыстарын өткен жылы бітіру керек болса, оны енді ғана бастаған.
– Жер телімдерін сату аукциондары барлық өңірде бірдей өткізілуі керек, – деді облыс Әкімі Бердібек САПАРБАЕВ. – Ал біздің кейбір аудандарда бұл көрсеткіш жоққа тән. Тұрғындар арасында жерге деген сұраныс жоғары болса да іс ілгері жылжымай жатыр.
Облыстық жер қатынастары басқармасының бастығы Қонысбай Төлеубеков өткен жылы облыста ауыл шаруашылығы қажетін өтеу үшін 432 миллион теңге сомасында 1966 жер телімі сатылғанын, ал аукцион арқылы жер сату барлық ауданда бірдей ұйымдастырылмағанын айтты.
Жалақының өсуі де бюджетке қосымша табыс көзінің бірі болып отыр. Өткен жылы кәсіпорындардың басшыларына өз қызметкерлерінің еңбекақысын кемінде 10 пайызға көтеру жөнінде тапсырма берілген болатын. Алайда Семейдегі он компанияда кері үдеріс жүріп жатыр. Онсыз да төменгі еңбекақы бұрынғыдан да азайып барады. Мәселен, «Хлебокомбинат Восток» жауапкершілігі шектеулі серіктестігінің жұмысшылары орта есеппен 26 мың теңге алса, ал қазір 20 мың теңге мөлшерінде ғана болып отыр.
Елена Ясинскаяның айтуынша, қазір комиссия өздерінің қосалқы шаруашылықтарынан ет өнімдерін өткізетін жекеменшік иелерінің жұмыстарына ықпал ету үшін Ауыл шаруашылығы министрлігімен келіссөз жүргізіп жатыр. Олардың еттері базарда сатылатындықтан міндетті түрде ветеринарлық зертханадан өткізілетін болса, мал дәрігері салық төлеуден тасаланған малшылар туралы ақпарат беріп отырар еді. Етті көбінесе алыпсатарлар тексеруге өткізетіндіктен бұл жұмыстарды реттеудің әзірше мүмкіндгі болмай жатыр.
– Қалалар мен аудандардың әкімдері қосымша жаңа кіріс көздері туралы ұсыныстарын білдіруі тиіс. Ал іс жүзінде енжарлық пен немқұрайдылық байқалады. Өткен жылы Семей қаласында ғана тиянақты жұмыстар жүргізілді, – деді Елена Ясинская.
– Мен бірнеше рет облыстық басқармалар басшыларына олардың әрқайсысы облыс экономикасын дамыту үшін жұмыс істеуге міндетті екенін айтқанмын, – деп атап өтті Бердібек САПАРБАЕВ. – Егер бұлай болмайтын болса, онда тиісті министрліктер мен ведомстволарға мұндай басшылардың құзыреттілігі жөнінде мәселе қоюға дейін жеткіземін. Аудандармен жұмыс істеу тәсілін өзгертетін кез жетті. Бөлімдер қосымша қаржы сұрайды. Біз олардан бұл ақшаны жергілікті жерлерден іздеу үшін не істегендерін сұраймыз. Облыста бюджеттің шығыс бөлігі жағында қиғаштықтар байқалады. Қосымша ақшаны өздеріңіз неге іздемейсіздер? Өйткені, облыстан, республикадан алуға ғана әдеттенгенсіздер. Ешқандай бастама көтермейсіздер? Резервтер бар. Басқалары оны тауып та жатыр ғой. Бұлай жұмыссыз отыруға болмайды.
Салық департаментінің бастығы Уәлихан Әмірханұлы бюджеттің кіріс бөлігін толықтыратын үш негізгі блок бойынша атқарылатын жұмыстар туралы айтып берді. Мұның біріншісі – ауылдық округтер мен аудандар әкімдерінің жұмысы. Бұлар жылжымайтын нысандардың төмендетілген бағаларын, сонымен қатар салық органдарында есепке тұрмаған ауыл шаруашылығы өнімдерін өткізушілерді айқындау болып отыр. Риддерде төмендетілген бағадағы 50 нысан бойынша, Аягөз ауданында 24 нысан бойынша, Зайсан ауданында 20 нысан бойынша анықтама жұмыстары жүргізілмеген. Екінші блок бойынша жұмыс берушілер тарапынан төленген жүздеген миллион теңге жалақылар есепке алынбастан салықтан тыс кетіп жатыр.
Үшінші блок бойынша өкілетті органдардың шетелдік жұмыс күшінің саны туралы мәліметтерді нақтылы уақытында бермеуі, тіркелмеген көліктердің (әсіресе, ауылдарда), жеке кәсіпкерлер арасында пәтерлерінің есепке алынбауы, жалға берілуі және басқалары бюджет түсімін азайтып отыр. Мәселен, Ұлан ауданындағы ауылдық округтердің бірінде үш жыл бойы 115 көлік салық комитетіндегі есепке енгізілмеген.
Мәжілістің бір мақсаты – Семей аймағының жұмыс тәжірибесін үйрену. Қала әкімі Айбек Кәрімов соңғы екі жылда жасалған іс тетіктері туралы әңгімелеп берді. Оның айтуынша, жергілікті бюджеттің кіріс бөлігін құрап отырған 28 млрд. теңгенің 16,6 млрд. – шағын және орта кәсіпкерлік саласындағылардың үлесі. Бұл – ірі кәсіпорындары жоқ осы өңірдің экономикасын алға сүйреуші басты күш.
Бюджет табысының негізгі көзі – халықтан түсетін табыс және әлеуметтік салықтар түріндегі түсімдер. Осылайша басты назар еңбекақыны заңдастыру шараларына аударылды. Сонымен бірге жол полициясы қызметімен бірлесіп көліктерін тіркемеген азаматтарды, көліктерін тіркеуден өткізуден жалтарып жүрген автокөлік иелерін табу шаралары да өз нәтижесін берді.
Жарнама агенттіктерінің қызметінен түскен салықтың өзі ғана 80 млн. теңгені құрап отыр. Онымен қоса қаладағы барлық билбордтарды есепке алу жұмыстары қатар жүргізілді. Солардың тең жартысының нақты иесі жоқ болып шықты. Құрылыс бөлімі мамандарының қала орталығындағы тұрғын үйлерді қайта жоспарлау жәйттеріне байланысты жүргізген қосымша тексеру шаралары тұрғын үйлердің бірінші қабаттарында коммерциялық қызметтермен айналысып жатқан, арнайы тіркеуден өтпеген көптеген заңсыз тұлғаларды анықтады.
Бюджет түсімдерінің қосымша резервтерін іздестіруде жер қойнауын пайдаланушылармен жүргізілген жұмыстың да үлкен нәтиже бергенін айта кету керек. Егер салық пен міндетті төлемдерге қарызы болған жағдайда мемлекеттік органдар жер қойнауын пайдаланушылармен пайдалы қазбаларды өндіру туралы келісімшартты бұзулары тиіс. Бұл тәжірибе қазір енгізіліп те отыр. Облыстық кәсіпкерлік және өнеркәсіп басқармасының бастығы Шәкәрім Бұқтұғұтовтың айтуынша, өткен жылы осы себептермен облыстың15 кәсіпорнымен келісімшарт бұзылған. Тағы да 16 кәсіпорын келісімшарт міндеттерін бұзу туралы ескертпе алды. Бүгінгі күні жер қойнауын пайдаланушылармен 142 келісімшарт жасалған. Облыста пайдалануға беруге болатын тағы да 200-дей зерттелген қазба орындары бар.
– Бізге құм, қиыршық тас сияқты құрылыс материалдарын жеткізу мәселесін біржолата шешу қажет, – деді аймақ басшысы өз сөзінде. – Кәсіпкерлікпен жасырын айналысып жүргендер үнемі құрылыс материалдарын жеткізудің мерзімін бұзып келе жатқанымен қоймай, салық төлемейді. Одан да қазба орындарынан осындай қарапайым шикізаттарды өндіруді ауылдық әкімдіктердің құзыретіне беру керек, осылайша табыс тапсын. Осылайша біз нысанға құрылыс материалдарын мезгілінде жеткізу мәселесін шешіп қана қоймай, мемлекет бюджетіне тұрақты түсімді де қамтамасыз ететін боламыз.
Сонымен қатар, Қазақстанның басқа қалалары мен облыстарында тіркелген жер қойнауын пайдаланушылармен де жұмыс жүргізуді күшейтуіміз қажет. Олар біздің өңірде жұмыс істей отырып, салықты өзге жаққа төлеп жатыр. Бердібек САПАРБАЕВ тендер шартына жер қойнауын пайдаланушы кәсіпорынның міндетті түрде Шығыс Қазақстанда ресми филиалы болуы қажеттігі талабын енгізуді ұсынды. Бұл жергілікті бюджетке өндірістен түсетін салық көлемін арттыруды қамтамасыз етпек.
Қосымша салық түсімі көздерін табудың төмендігі мәселесі әсіресе, облыс орталығы Өскемен қаласына келгенде қоюлана түсті. Облыс басшысы ірі кәсіпорындар шоғырланған, солардың есебінен жергілікті бюджет түсімінің көлемі артып отырған Өскемен қаласының қосымша салық түсімі көздерін табу бойынша екінші орында тұрғанына көңіл аудартты.
– Көрсеткіштер неге төмен? Өйткені, өздігінен түсіп жатқан үлкен қаржыға үйреніп қалғансыздар, – деді облыс Әкімі қала басшылығына. – Бюджетті толтырудың қосымша көздерін қарастырғыларың келмейді. Бұл мәселемен күн сайын айналысу керек. Міне, әкімдіктің жақсы жұмысының жарқын мысалы: Семей жарнама жасаудан түсетін салықтардан қосымша қаржы тауып отыр. Барлық жарнама агенттіктерін есепке алу дұрыс жүргізілсе, жетіп жатыр.
Өскемендегі тағы бір түйінді мәселе жеке кәсіпкерлердің өз жұмысшыларына еңбекақы төлеуден бас тартуы. Олар ресми түрде өз жұмысшыларына ең төменгі еңбекақы төлеп, қалғанын конвертке салып беретін көрінеді. Әзірге бұл жұмыс берушілердің заңсыз әрекеттері дәлелденбей келеді. Құны әдейілеп төмендетілген 27 коммерциялық нысан да осындай салықтан жалтарудан жасалған қадамдардың нәтижесі болып отыр.
Мәжілісте, сондай-ақ, бюджет түсімі деңгейі 5-25 пайызға дейін күрт төмендеп кеткен Курчатов, Бородулиха, Шемонайха, Глубокое, Абай аудандары әкімдерінің орынбасарлары да орындарынан тұрғызылды. Себеп біреу-ақ: қала немесе аудандағы ірі кәсіпорынның салық кеңістігінен кетіп қалуы. Айталық, Бородулиха ауданындағы Жезкент кен байыту комбинатының кетіп қалуы салдарынан бюджет түсімі бірден 25 пайызға төмендеп кеткен. Глубокое ауданындағы Белоусовка кен байыту комбинатының кетіп қалуы салдарынан бюджеттің болжамдағы деңгейіне 90 млн. теңге түсім жетпей қалған.
– Мен Елена Павловнаның комиссия жұмысының бәсеңдеп қалды дегенімен келісемін, – деді мәжілісті қорытындылаған Бердібек САПАРБАЕВ. Жақсы талдау керек, барлық департаменттер мен басқармалардың жұмысын оңтайлы етіп үйлестіріп отыру керек. Ең бастысы, әр аудандағы табыс пен түсімнің ара қатынасын алшақтатпай, тепе-тең етіп ұстап отыру қажет. Ол үшін ай сайын келіп түскен әрбір қосымша табыстың мәліметтерін есептеп, дәйектеген дұрыс. Кент әкімдерін әрбір автокөліктің тіркелгендігін анықтап, ол деректерді салық органдарына мәлімдеп отыруға міндеттеу керек. Сонымен қатар, жалға пәтер беріп жатқан пәтер иелерін де тәртіпке шақыратын кез жетті. Олар салықтан жалтарып қана қоймай, өз пәтерлеріне де қарамай отыр. Бірінші жартыжылдықтың соңында комиссияның сол уақыт ішінде атқарған жұмысын қорытындылайтын осындай мәжіліс өткізуді қажет деп ойлаймын.