ҚоғамТОП

Табиғатпен тамырлас жазушы

Белгілі орнитолог ғалым, биология ғылымдарының кандидаты, жазушы Борис Щербаков жуықта 85 жасқа толды. Мерейтой иесін аймақ жұртшылығы облыстық Достық үйі – Қоғамдық келісім орталығында өткен салтанатты рәсімде құттықтап, оған зор қошемет көрсетті.

Мерейтой иесінің достары мен әріптестері жазушы Геннадий Пуссеп, Наталья Матвеева, Ирина Каланчина салтанатты іс-шараны ұйымдастырып, өткізуге белсене атсалысты. «Алтай изумрудный» әдеби журналының кезекті нөмірі толық Борис Щербаковтың өмірі мен шығармашылығындағы жаңа белеске арналды. Мұндай құрмет білім-ғылым саласында, өнер мен шығармашылықта жүрген кез келген тұлғаға көрсетіле бермейді.

Жүрек қалауы

Мерейтойлық мерекенің нағыз тосынсыйы – Борис Щербаковқа өзінің сиясы кеппеген, жаңа ғана баспадан шыққан шығармаларының он томдық жинағын тапсыру болды. Осындай айтулы күні бұдан артық сыйлықты ойлап табу да мүмкін емес еді. Арқалаған жүгі ауыр, мазмұны бай жерлес жазушының бұл кітаптарын ойлы оқырман жылы қабылдайтыны анық.

– Борис Васильевичпен бірге бастаған Шығыстың рухани керуенінің көші жалғасуда. Ол бәрімізді бір арнаға тоғыстырды, шығармашылық орта, кітапханалар, Достық үйі бәрі «бір жағадан бас, бір жеңнен қол шығарып» қоғамдағы бейбітшілік пен рухани келісімді нығайту үшін жұмыс істеуде,  – деп атап өтті мерейтой иесінің досы, жазушы Геннадий Пуссеп.

Щербаковтың шығармашылығы оның негізгі ғылыми қызметінің шеңберінен әлдеқашан шығып кеткен Оның «Еуразия жүрегі – Шығыс Қазақстан» кітабы өңірдің нағыз беткеұстар туындысына айналды. Бірегей туынды шетелдік делегациялардың мүшелеріне сыйлық ретінде ұсынылады, өйткені кітаптан Шығыстың таңғажайып табиғаты туралы, еліміз жайында көп мағлұмат алуға  болады.

Салтанатты жиында облыстық ішкі саясат басқармасының басшысы Серік Жеңісов өңір басшысы Ермек Көшербаевтың құттықтау хатын оқып берді: «Құрметті Борис Васильевич! 85 жас – айтулы белес және даналыққа қадам басқан шақ. Көп жылдар бойы сіз Шығыс Қазақстан облысының биологиялық әртүрлілігін сақтау үшін қажымай күрес жүргізіп келесіз. Сіз Батыс Алтай және Марқакөл табиғи қорықтарын, сондай-ақ Тарбағатай табиғи зоологиялық қорығын құрудың басында тұрдыңыз. Аймақты зерттеуге және табиғатты қорғауға қосқан үлесіңіз орасан зор. Белсенді ғылыми қызметті жүзеге асыра отырып, сіз өзіңізді өте маңызды және қажетті іске арнадыңыз. Сіздің адалдығыңыз, кәсібилігіңіз және еңбекқорлығыңызды жоғары құрметтеп, алғыс айтамыз. Осынау тамаша күнде сізге зор денсаулық, амандық, ұзақ өмір және ғажайып ғылыми зерттеулер тілеймін!» ,  – делінген құттықтау хатта.

Облыстық мәслихаттың төрағасы Денис Рыпаков өз сөзінде  мерейтой иесінің ғылыми көкжиегі, өмірге деген қызығушылығы мен сүйіспеншілігі, бойындағы жоғары патриотизм жас ұрпаққа үлгі болатынына тоқталды.

Сондай-ақ облыстық ардагерлер кеңесінің төрағасы Айтқазы Шерубаев есімі елімізге танымал ғалымның, педагогтың ерекше тұлғасы, адамгершілігі, мейірімділігі мен ақыл-парасаты кейінгі буын жастарға үлгі болатынын атап өтті.

– Өскелең ұрпақты тәрбиелеу жолында атқарған орасан зор еңбегі үшін Борис Щербаковқа «Шығыс Қазақстан облысының құрметті ардагері» атағы берілді. Борис Васильевич бұл атаққа әбден лайық, – деді облыстық ардагерлер кеңесінің төрағасы Айтқазы Шерубаев.

Абайға жол

Борис Щербаков хәкім Абайдың мұрасын зерттеуге мол үлес қосқанын атап өткен жөн.

– Сіздің мәдени-тарихи мұраны зерттеу және насихаттау жөніндегі қызметіңізге баға жетпейді. Соның нәтижесінде біз бүгін Абай Құнанбаевтың ұлы мұрасына жаңа көзқараспен қарап, еліміздің ғажайып сұлулығы мен тартымдылығын басқаша сезіне аламыз.

Сіздің шығармашылығыңыз облыстың бірыңғай мәдени-ақпараттық кеңістігін қалыптастыру және оны әлемдік мәдени қоғамдастыққа одан әрі ықпалдастыру үшін айрықша маңызға ие, – деп атап өтті ішкі саясат басқармасының  басшысы Серік Жеңісов.

Естеріңізге сала кетейік, мерейтой иесі – экология мәселесі өткір тұрған Өскемен қаласының Құрметті азаматы. Сондықтан оның  табиғатты қорғау бастамалары мен ымырасыз ұстанымы қала мен облыстың әрбір тұрғынынан үлкен қолдау тауып келеді.

– Біздің кітапханалардың бірінің  «Щербаковтың жасыл үйі» деп аталуы кездейсоқ емес, – деп атап өтті Өскемен қаласы әкімінің орынбасары Ирина Смит. – Себебі, жұмыстың көптігіне қарамастан сіз әрқашан жастармен, кішкентай балалармен біргесіз. Жас натуралистерді тәрбиелеп, баулып келесіз. Олардың арасында сіз салған соқпақпен жүріп, мұғалім, ғалым болғандар бар. Сіздің табиғатқа, өңірімізге, елімізге деген сүйіспеншілігіңіздің арқасында көптеген адам Шығыс Қазақстанды танып, білді.

«Парыз» қоғамдық қорының төрағасы Владимир Головатюк та ғалыммен жақсы таныс, онымен көп жылдар бойы тығыз қарым-қатынаста болған және оның еңбектерін өте жоғары бағалайтындар қатарында.

– Сіздің жазбаларыңызда айтылған жерлер туралы оқығанда адамның міндетті түрде сол жерлерге барғысы келеді. Сіз Шығыс Қазақстаннан әдемі жер жоқ деп жазасыз. Бұл шынымен де солай! Сіз бүкіл өміріңізді табиғатты зерттеуге, ғылымға, Отанға қызмет етуге арнадыңыз. Сіздің кітаптарыңызда аймақтың, елдің тарихы бар, оны мектептерде, сабақтан тыс үйірмелерде оқытады, – деді Владимир Головатюк.

Дұрыс таңдау

Щербаковтың мерейтойына орай «Звено Алтая» әдеби бірлестігі поэзия, проза, публицистика байқауын өткізді. Бірлестік басшысы Наталья Матвеева конкурстың қорытындысын жариялап, түрлі номинация бойынша жеңімпаздарға грамоталарын табыс етті, оларға шығармашылық табыс тіледі.

Мерейтой иесінің құрметіне танымал шығармашылық ұжымдар өлең оқып, әннен шашу шашты, сонымен қатар  әр жылдары жарық көрген кітаптардың көрмесі көпшіліктің қызығушылығын тудырды. Ирина Каланчина мерейтой иесіне орыс жазушылар қауымдастығының Құрмет грамотасын табыс ете отырып өлең жолдарын оқып берді.

– Сіз дұрыс таңдау жасай білдіңіз, бәрі керемет, – деді Ирина Каланчина. – Сіз жүріп келе жатқан жол да, жаныңыздағы қосағыңыз да керемет. Ал енді жолға келетін болсақ, сіз достарыңыз бен қалың оқырмандарыңызды, жалпы бір қауым жұртты табиғаттың ғажайып әлеміне апаратын жолмен бастап келе жатырсыз, сол үшін сізге мың да бір рақмет. Мен жиналғандарға сіздің бірегейлігіңізді тағы бір еске салғым келеді. Жиналғандардың ішінде кім Борис Васильевичтен көп кітап жазған адамды атай алады? Ал иығына рюкзагын артып, сізден артық жаяу жүрген кім бар? Сізден басқа ешкім жоқ!

Табиғатпен сырлас ғалым

Орнитолог құстарды дауысынан таниды, олардың тілін түсінеді, табиғат ол үшін құпияға толы кітап іспеттес. Щербаков істің адамы, ол қызыл сөзден гөрі нақты іске көшкенді, жобаларды жүзеге асырғанды артық көреді.

– Барлығы табиғатты қорғау керек дегенді айтады. Ал мен нақты  шешімдерді ұсынумен айналыстым. Нені күзету керек, қайда күзету керек, қалай күзету керек дегендей. Соның нәтижесінде мен атқарған жұмыстардың ішінде қорықтардың ашылуы бар. Мен облыстық аңшылық инспекциясында да қызмет еттім. Ұмытылып бара жатқан бір нәрсені еске салғым келеді. Бір кездері мен өңірде қырғауылдың сақталуына үлес қостым. Қазір бұл патша құстары Қара Ертісте, Сайханда, ішінара Сауырда, Кендірлікте, Зайсан мен Қалжырға дейін барлық жерде кездеседі. Институтта зертханашы болып жұмыс істеген кезде үлкен көлбақаны тараттым. Біздің облыстың биосферасында оның өзінің орны бар, қызметі бар. Мысалы басқа жануарларға, балықтарға жем болады, сондай-ақ  масалармен күреседі, осы сияқты мысалдар көп, – дейді Борис Щербаков.

Ғалымның айтуынша, бақаның тіршілік ету ортасы кеңейіп, тіпті Ресейдің Томск қаласының маңынан да табылған. Бұл туралы ұстаз  жолымен жүріп, ғылым-білімді өмірлік серік еткен шәкірттер хабарлапты.

Ғалымның өсімдіктердің бай әлеміне деген  қызығушылығы да фаунаға қызығудан кем емес.

Әр жылдары ол Орталық Азия елдерінен, тіпті сонау Үндістаннан өсімдіктер әкеліп, Шығыс Қазақстанға жерсіндерген. Қазір ол өсімдіктер тамыр жайып, жайқалып өсіп тұр. Сонымен қатар ол мұның барлығын өз еркімен, әртүрлі ғылыми эксперименттерге деген қызығушылықты  сезіне жүріп істейді.

– Әрине, адам үшін ең бастысы денсаулық қой. Осы жасқа келгенде денсаулықтың қадірі тіптен арта түседі. Адам дені сау болған кезде, оның өмірге деген құлшынысы, жұмысқа, ғылымға, жаңалықтарға деген қызығушылығы сарқылмайды, – деп түйді жазушы Борис Щербаков.

Көпшіліктің пікірінше, ғалым Борис Шербаков Шығыс Қазақстан мен еліміздің табиғатын зерттеп, қорғау үшін жаралғандай. Бұл орайда оның еңбегі ұшан-теңіз. Ол Шығыстың бағына туған адам шынымен. Осындай әлемдік деңгейдегі ғалым әрі энциклопедиялық білім иесі біздің өңірде дүниеге келіп, бар өмірін өлкеміздің қоршаған ортасын аялап, сақтауға арнап келе жатқаны бәріміз үшін мақтаныш.

Осы айдарда

Back to top button