Қоғам

Табиғатты аялауға баулып жүр

Табиғатты аялауға баулып жүр


Өскемендік жастарды мәдениет пен туризмге баулитын «Кругозор» орталығының құрылғанына биыл 24 жыл болыпты. Ширек ғасыр уақытта бұл мекеме қала жастарын табиғатқа етене жақын ету үшін талай шаруа тындырды, түрлі сәтті жобаларды өмірге әкелді.

Уақыт сынап сияқты, бір орнында тоқтап тұрмайды. Толқынды толқын қуып, буындар алмасуда. Өзгермейтін Татьяна Нетунаеваның кәсібі ғана. Қазір есімі облысқа кеңінен белгілі «Кругозор» ұйымының іргетасын өзі қалады. Содан бері орталықтан бірнеше буынның түлектері қанат қақты. Жай ұшпай, жүректеріне отанға деген құрмет, табиғатқа деген жанашырлық ұялатып аттанды барлығы.

«Туризм де спорт сияқты бір сиқыр. Белсенді демалыс – денсаулық кепілі. Біздің орталықта балалар соның бәрін туған өлке тарихымен, географиясымен ұштастырып сіңіреді. Бұл – Қазақстан патриоттарын тәрбиелеудің төте жолы деуге болады», – дейді Татьяна Нетунаева.

Ол балалардың экологиялық тұрғыда сауатты, мәдениетті әрі жан-жақты болып ержетуі үшін өте маңызды деп санайды.

«Жыл сайын «Кругозор» қысқы лагеріне сауықтыру сапарларын ұйымдастырып келеміз. Мұнда өтетін шығармашылық шаралар мен интерактивті сабақтар үш тілде жүреді. Экологиялық туризм қайткен жағдайда қауіпсіз кәсіп бола алатынын ұқтырып, балаларды жалықтырып алмас үшін «Құтқарушы» дейтін ойын ойнатамыз. Облыстағы музейлердің барлығына бізге келген балалар барып жүр», – дейді ол.

«Киелі Қазақстан» жобасы жастар орталығының жұмысына жаңа бағыт үстеген екен. Шығыстың киелі орындары оқушылар мен ата-аналар арасында да үлкен сұранысқа ие. Облыстық туризм және сыртқы байланыстар басқармасымен бірлесе отырып қолға алған «Туған жер» туристік маршруты бүгінде кеңінен танымал. Оған 14-17 жас аралығындағы мектеп оқушылары мен балалар үйінің шәкірттері, жоғары оқу орындары мен колледж студенттері қатыса алады.

«Сапар соңында әр оқу орнының командасы алған әсерін көпшілік талқысына ұсынады. Өздерінің табаны тиген жерлердің экологиялық ахуалына тоқталып, тарихи дерекнама әзірлейді», – дейді Татьяна Нетунаева.

«Экобілгір» танымдық бағдарламасы да жасөспірімдердің сүйікті шарасына айналған. Балалар сурет салу, бейне-ролик әзірлеу тәсілдерін меңгеріп, экологиялық әдістемелер мен шаралар жоспарлаудан өзара жарысады.

Қоқыс – өнер шикізаты. Заманауи өнерде «artdump» деп аталатын жаңа бағыт пайда болды. Ағылшын тілінен тікелей аударсақ, «dump» сөзі қоқыс дегенді білдіреді. Қалдықты өнердің шикізаты етіп пайдалануға суретшілер де, сәулетшілер де ден қоя бастады.

Жаңа бағыттың ұтымдылығы қоршаған ортаны қорғауға бейімділігінде. Тонналаған қалдықтар күресінге төгіліп, айналаны ластаудың орнына аксессуарға айналады.

Бұл жаңашылдыққа «Кругозор» орталығының тәрбиеленушілері де қызығушылықпен атсалысуда. Өйткені аталмыш бағыттың өзегінде экологиялық тәрбие жатыр. Ата-аналарының көмегімен балалар қалдықтан түрлі қолөнер туындыларын жасауда. Мұнда жасалған туындының барлығы бірдей шедевр болу шарт емес. Мұндай өнердің шикізаты да сан алуан. Қағаздан бастап газет-журналдар, консерв банкі мен мата қиқымдары, компакт-дисктер мен пластик ыдыстар да кәдеге жарап жатыр.

«Пластмасса қалдықтарынан көптеген туынды жасауға болады. Бұл тұрғыда оған теңдесер «шикізат» жоқ. Сәйкесінше оның таралу аумағы да орасан. Полиэтилен қаптама мен дорбаның өзі ғана айналаға қаншама зиян келтіруде! Қағаз табиғат аясында үш жылдың ішінде шіріп, жоғалатын болса, пластмасса қалдықтары 200 жылға дейін сақталады. Осының барлығын біз балаларға, солар арқылы ересектерге жеткізіп жүрміз», – дейді орталық директоры.

Экологиялық сауатты тұлғаны тәрбиелеу балабақшадан бастау алуы тиіс. Сондықтан мектепке дейінгі тәрбие мекемесінің қызметкерлері де бұл игі істен сырт қалмай, шәкірттерін «Экобілгір» конкурстарына үкілеп қосты. Бұл бастама орталықтың жұмысын жандандырғаны сонша, жер-жерде көшпелі көрмелерге ұласты. Көрмелердің атынан-ақ мазмұны қаншалықты бай болғанын көруге болады: «Суды қорғау – табиғатты сақтау», «Таза қаланың таза көліктері», «Келешегіңді таңдай біл» және тағы басқа.

«Шаралар барысында қалдықты сұрыптап төгу мәселесі көп қозғалды. Тұрғындар бұған дайын емес деп, қол қусырып отыра беруге болады. Бірақ халықтың жаңа талапқа икемделуі қажет. Таразының екінші жағында қоршаған ортаның тазалығы тұр өйткені. Бұл да өте ауқымды шаруа», – дейді Татьяна Нетунаева.

Орталықтың ұйымдастыруымен жас экологтардың слеті өтті биыл. Оған қатысушылар экологиялық білімін арттырып, табиғат қорғау ісіне бейімдіктерін таразылап қайтты.

Есжан Ботақара
Материал облыстық табиғи ресурстар және табиғат пайдалануды реттеу басқармасының тапсырысы бойынша әзірленді

Осы айдарда

Back to top button