COVID-19 

Тағы екі апта шектеуде боламыз

Облыста карантиндік шектеу шаралары  сегізінші желтоқсанға дейін ұзартылды. Алайда облыстың бас санитарлық дәрігерінің 19 қараша мен 23 қарашадағы қаулыларына сәйкес, бірқатар нысандардың жұмысы жандандырылған.

Облыстық санитарлық-эпидемиялық бақылау департаментінің өкілі Талғат Тұңғышбаев кезекті брифингте өңірде коронавирус індетінің біртіндеп азайып келе жатқанын атап өтті. Спикер аурушаңдық көрсеткішінің жақсаруын оқшаулау орталығының оңды қызметімен байланыстырды.

–Облыста «қызыл аймақтан» шығуға бағытталған кешенді шаралар қолға алынған. Бұл орайда оқшаулау орталығының қызметі орасан зор. Ковидке тестілеу деңгейі бұрынғысынша жоғары, соған қарамастан  өңірде аурушаңдық азайғаны байқалады. 23 қарашада 154 науқас тіркелсе, пандемия басталғалы  15 417 шығысқазақстандық  қауіпті жұқпаны жұқтырды.  Санитарлық-эпидемиологиялық талаптардың орындалуын қадағалайтын 166 мониторингтік топ жұмыс істейді. Белсенді топтың күшімен 6553 нысанның жұмысы тексерілді,  1274 нысанда сақтық шараларын сақтауға қатысты тәртіп бұзушылық анықталды, – деген мәліметтерді келтірді департамент өкілі.

19 қарашадағы қаулыға сәйкес, фитнес орталықтары,  спорт залдары мен  жаттығу орындарына белгілі  бір талаптарды сақтай отырып, жұмыс істеуге рұқсат берілді.  Ал 22 қарашадағы қаулымен ұлттық сараптама орталығына әскери борыштарын орындап, үйге қайтатын мезгілдері жеткен Ұлттық гвардия ұландарына ПТР зерттеулерін жасауға тапсырма беріліпті. Өйткені облыс аумағынан тестің теріс қорытындысынсыз шығуға болмайтыны белгілі.  Талғат Тұңғышбаев облыстың  бас санитарлық дәрігері орынбасарының  24 қарашадағы қаулысымен шектеу шаралары 8 желтоқсанға дейін ұзартылғанын ескертті.

– Облыста карантиндік шектеу шаралары  сегізінші желтоқсанға дейін ұзартылды.  Риддер қаласы, Алтай мен Глубокое аудандарын қоспағанда, ғимараттардан тыс орналасқан базарлар мен азық-түлік базарлары ешқандай шектеусіз, сағат 8.00-ден 18.00-ге дейін, дүйсенбіден жұмаға дейін жұмыс істейді.  Демалыс және мереке күндері қызметтеріне тыйым салынады, –деді спикер.

Талғат Тұңғышбаев пандемия басталғалы коронавирустың 60 жағдайы шеттен келген азаматтарда анықталғанын жеткізді.

–Наурыз айынан бастап шеттен келген ковидтің барлығы Ресей Федерациясынан енгізілді. Олардың 32-сі 6-қазаннан бері тіркелген. Барлығы Қазақстан азаматтары. Осы уақытқа дейін Қытайдан коронавирус жұқтырған бірде-бір азамат келген жоқ, – деді Талғат Тұңғышбаев.

Айна Ескенқызы

Осы айдарда

Back to top button