Қоғам

Тұңғыш аймақтық байқауда ұстаздар сынға түсті

    Өскеменде өңірдегі техникалық және кәсіптік оқу орындарының арнайы пәндер оқытушылары мен өндірістік оқыту шеберлері арасында WorldSkills стандарты бойынша «MasterSkills Shygys – 2020»  аймақтық кәсіби шеберлік байқауы өтті.

  Бұл – оқытушылар мен өндірістік шеберлер арасында өтіп отырған тұңғыш аймақтық чемпионат.

– Шығыстың командасы республикалық чемпионатта екінші жыл қатарынан жеңімпаз атанды. Ұстаздарымыздың арқасында еліміз әлемдік додада лайықты орын алды. Осымен шектеліп қалмауымыз керек. Бірнеше құзыреттілік бойынша ғана емес, барлық мамандық бойынша алда болу үшін студенттеріміздің шеберлігін әлі де болса жетілдіре түсуіміз керек. Бүгінгі сайыста сарапшыларға әділдік тілеймін, – деді облыстық білім басқармасы басшысының орынбасары Қажымқан Оспанғалиев.

Бұл жолы шеберлік байқауында әдеттегідей студенттер емес, облыстағы колледждердің бетке ұстар ұстаздары мен шеберлері сынға түсті. Техникалық және кәсіптік білім беру жүйесінің 46 оқу орнынан келген жүзден астам оқытушы мен өндірістік оқыту шебері «Графикалық дизайн», «Веб-дизайн», «Сән технологиясы», «Шаштараз өнері», «Жеңіл автокөлікке қызмет көрсету, жөндеу», «Аспаз ісі», «Ауылшаруашылық машиналары мен тракторларын жөндеу слесарі» мамандықтары бойынша білім-біліктерін көрсетті.

Байқау Өскемендегі политехникалық, құрылыс колледжі, қызмет көрсету саласы қатарлы бірнеше колледжде жәнеҰлан ауданы, Саратов ауылындағы Шығыс техникалық гуманитарлық колледжі, Өскемен көпсалалы технологиялық колледжі және Саратов ауылындағы Шығыс Қазақстан ауыл шаруашылығы колледжінде өтті.

Шеберлік байқауының қортындысында Р.Байсеитов атындағы Семей қаржы-экономикалық колледжінің ұстазы Ілияс Медхатов, Электротехникалық колледждің ұстазы Әйгерім Саньязова, Өскемен қызмет көрсету саласы колледжінің ұстаздары Жадыра Абрайымова мен Любовь Попова, Өскемен құрылыс колледжінің ұстаздары Ақыл Қуанышбеков пен Павел Колупаев, Ауыл шаруашылығы колледжінің ұстазы Андрей Нұрмұхамбетов, Риддер көпсалалы колледжінің ұстазы Наталья Ткаченко жеңімпаз атанды.

Айжанат Бақытқызы

Осы айдарда

Back to top button