Қоғам

Тәулік бойы бақылау жүргізуді ескертті

 Биылғы қыста қар молынан жауды. Соған орай, жер ылғалы жеткілікті, егіннің бітік болуынан дәмелілер де баршылық. Алайда, көктемгі егістен бұрын қардың мол түсуі су тасқынына ұласып кету қаупін де тудыратыны рас. Осыған орай, облыс әкімдігінің кезекті мәжілісіндеқарғын суға қарсы шаралардың мән-жайы талқыға салынды.

Жиында белгілі болғандай,биыл Бұқтырма су қоймасына құятын өзендер аңғарына қар қалыпты жағдайдан 15 пайызға артық түскен. Ал Ертіске құятын өзендер бассейнінде қар көлемі орташажылдық көрсеткіштен 40-65 пайызға асқан. Таулы өзендер аңғарларындағы қар 20-50 пайызға көп.

– Алтай ауданындағы қар жамылғысының биіктігі 130 сантиметрден асыпты, ал Глубокое ауданында 125, Күршім ауданында 106, Көпекті ауданында 90, Үржар ауданында 83, Бородулиха ауданында 82 сантиметрге жетіп отыр. Өзге өңірлердегі қар жамылғысының биіктігі 60 сантиметрден артпайды, – деді облыстық төтенше жағдайлар жөніндегі департамент бастығының орынбасары Қанат Әділов.

Бүгінде мамандар Алтай ауданындағы Бұқтырма, Тұрғысын өзендерінің, Шемонайха және Бородулиха аудандарындағы Үбі өзенінің, Глубокое ауданындағы Глубочанка және Үлбі өзендерінің бойында орналасқан ауылдарды су басу қаупі жоғары дейді. Сонымен қатар Үржар, Көкпекті аудандарындағы таулы өңірлер де қатерлі аумаққа жатқызылған.

Бүгінгі таңда департамент қызметкерлері облыстағы тасқын қаупі жоғары елдімекендердің тізімін жасап отыр.Ең қатерлі деп Ертістің бойындағы аумақтар саналуда. Ол – Семей қаласы мен Бесқарағай ауданының жерлері.

Қазіргі кезде мамандар Шүлбі су қоймасын қатаң бақылауға алған. Ол 620 миллион текше метр артық суды қабылдап, Ертіс өзенінің деңгейін қалыпты жағдайда ұстауға мүмкіндік бере алады.

Өзендердегі мұзды жару үшін жеті ауданға 150 миллион теңге қаржы қарастырылыпты.

Департамент «ГеоСат» ЖШС-мен шартқа отырып, 19 ақпаннан бері облыс аумағындағы қар жамылғысының жағдайы туралы ғарыштан түсірілген суреттерді алып отыр. Яғни, жағдай толық әрі тұрақты қадағалауға алынған.

– Барлық аудан-қалаларда тасқынға қарсы жұмыстар басталып кетті. Тиянақты жоспар жасалып, республикалық жолдардағы 155 көпірдің 51-і, 2040 су өткізгіш құбырдың 85-і, облыстық жолдардағы 2200 құбыр мен көпірдің 457-сі тазартылды. 700 мың текше метр қар елдімекендерден тыс жерлерге шығарылды, бұл өткен жылмен салыстырғанда 75 пайызға көп. Мұнымен қоса, 177 шақырым арық пен арна, 1088 су өткізгіш имарат аршылды. Бүгінде 65 мың қапшық пен 4 мың тонна инертті материал дайын тұр, – деді  департамент бастығының орынбасары.

Баяндама соңында департамент өкілі наурыз айына арналған ауа райы болжамын жария етті. Айдың бірінші жартысында ауа температурасы түнде -20 градусқа дейін төмендеп, күндіз +5 градусқа жоғарылайды, сонымен қатар қар жауады. Ал екінші жартысында температура түнде ары кеткенде -10-15 градусқа суыса, күндіз +5 градусқа дейін ғана жылиды. Яғни, синоптиктер алдағы айда күннің күрт жылынуы болмайды деп отыр. Десек те, тиісті мекемелер тас түйін дайындықта отырғандарын айтады.

– Осы қыс Шығыста ерекше қарлы болып тұр. Қар мөлшері кей жерлерде қалыпты жағдайдан 15-65 пайызға асқан. Қазір арнайы жұмыс тобы құрылған, апта сайын селекторлық режимде кеңес өткізіп отырмын. Облыстағы 108 елдімекенді су басу қаупі бар, олар бойынша комиссия жұмыс істеуде. Қаржы басқармасына қосымша қаражат бөлуді тапсырып отырмын. Әсіресе, Зайсан, Абай, Үржар аудандары қажетті құрал-жабдықтармен, әсіресе, мотопомпалармен қамтылуы тиіс.Арнайы жадынамалар әзірленіп, тұрғындарға таратылатын болады, – деген аймақ басшысы барлық жауапты мекемелерге тасқынның алдын алу шараларын ширата түсуді, жағдайды тәулік бойы бақылауда ұстауды ескертті.

Ержан Әбіш

Осы айдарда

Back to top button