Қоғам

Төтенше жағдай кезінде  еңбек тәртібі  қалай өзгереді?

Елімізде төтенше жағдай жариялануына байланысты кейбір мекемелер қашықтықтан жұмыс істеу немесе қысқартылған жұмыс күні тәртібіне көшуге рұқсат берілді. Сондай-ақ елімізде жұмыссыз адамдар қатары да толығуы мүмкін.

Бұл туралы Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрі Біржан Нұрымбетов елордада өткен брифингте айтқан болатын.

Оның айтуынша, қашықтықтан жұмыс істеу мүмкіндігі бар барлық кәсіпорындар мен мекемелер осы режимге ауысуға міндетті.

Мұндай жағдайлардың  Еңбек кодексімен қалай реттелетіндігі туралы  облыстық еңбек инспекциясының басшысы Бақытбек Қизатовтан сұраған едік.

Инспекция басшысы бүгінде елімізде төтенше жағдайдың жариялануына байлынысты еңбек заңнамасына қатысты облыстың көптеген кәсіпорындары мен мекемелерінен, сондай-ақ жұмысшылардың өздерінен көптеген сауалдар түсіп жатқандығын атап өтті.

– Қашықтықтан жұмыс істеу Еңбек кодексінің  138-бабымен реттеледі. Қашықтықтан жұмысқа көшкенде, еңбекақы төлеу тәртібі өзгермейді. Бұл жерде азамат өзінің жұмыс орнында емес, үйден жұмыс істеуге мүмкіндік алады. Еңбек кодексі бойынша, оған жұмыс беруші тиісті жағдай жасауға міндетті және жалақысын ай сайынғы алып жүрген көлемде төлейтін болады, – деді Бақытбек Қизатов.

Сонымен қатар мекемелер тарапынан ең жиі қойылатын сауал –  қысқартылған жұмыс күніне көшуге қатысты. Инспекция басшысының  айтуынша, жұмыс берушілер өз бұйрығымен қысқартылған жұмыс режиміне көшуге құқылы. Мұндайда бір аптадағы жұмыс күндерінің саны азаяды немесе бір күндегі жұмыс сағаты қысқарады, немесе  жұмыс күнімен бірге сағаты да азаюы мүмкін.

– Егер жұмыс күні аптасына бес күннен үш күнге дейін қысқарса, онда азаматтар үш күндік жалақысын алады. Егер бір күнде сегіз сағаттың орнына төрт сағат жұмыс істесе, онда сол төрт сағаттың айлығы төленеді, – деді инспекция басшысы. Толық емес жұмыс күні Еңбек кодексінің 70-бабымен реттеледі.

Қазақстанда коронавирусқа байланысты мектеп оқушыларын 16 наурыздан бастап демалысқа жіберу туралы шешім қабылданғанын да еске сала кетейік. Осыған орай Президент Қасым-Жомарт Тоқаевтың өзі үйде балалармен қалуға мәжбүр ата-аналардың бірін ақылы еңбек демалысына жіберу туралы мәселені қарастыруды министрлікке тапсырған болатын.

Еліміздің бас мемлекеттік еңбек инспекторы Ербол Нұрғалиев күні кеше министрлік тиісті ұсыныстарды әзірлеп, облыс әкімдіктеріне таратқандығын атап өткен  еді. Облыстық еңбек инспекциясының басышы Бақытбек Қизатов осы мәселеге қатысты  жұмыс берушілер арасында түсіндіру жұмыстарын жүргізу үшін әкімдіктерге заң аясындағы нұсқаулықтар әзірленгендігін айтады.

– Негізі қазіргі Еңбек кодексі бойынша ақылы еңбек демалысы кестемен беріледі, болмаса, екі жақтың келісімі бойынша кез келген уақытта алуға болады. Бұған  заң жағынан ешқандай кедергі жоқ. Әр мекемеде төтенше жағдайды ескеріп, демалысқа мұқтаж жандарды еңбек демалысына жіберу туралы шешімді өздері қабылдайды, – деді Бақытбек Қизатов.

Елімізде енгізілген төтенше жағдай қоғамдық орындардың, кейбір мәдени нысандар мен бизнес субъектілер  жұмысының уақытша  тоқтатылуына әкеліп соқты. Бұл олардың қаржылық жағдайына кері әсерін тигізетіндігі белгілі. Төтенше жағдай кезінде жұмыстың уақытша тоқтауына қарамастан, қысқарту болмаған жағдайда  Еңбек кодексі бойынша, жұмыс берушілер өз қызметкерлеріне еңбекақы төлеуге міндетті.

  • Инспекцияға бизнес өкілдерінің тарапынан кіріс жоқ болса, еңбекақыны қалай төлейміз деген сауалдар да көптеп түсіп жатыр. Еңбек кодексінің 112-бабында жұмыс берушінің және жұмысшының кінәсінен туындамаған жағдайда, жұмыс беруші жұмысшыға елдегі төменгі жалақы мөлшерінде айлық төлеуге міндеттеледі. Елімізде оның соммасы – 42500 теңге,-дейді инспекция басшысы.

Сондай-ақ Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрі Біржан Нұрымбетов қазіргі жағдайда елде қысқартуға ұшыраған азаматтар саны да өсуі мүмкін екендігін жасырмады.  Жұмыс беруші тарапынан қысқарту жөнінде  шешім қабылданған болса,  қызметкер  бір ай бұрын ескертілуі тиіс.

Министр  қысқартуға ұшыраған, жұмыссыз қалған адам мемлекеттік сақтандыру қорынан алты айға дейін  өтемақы алуға құқылы екендігін де атап өткен болатын. Мұндай жағдайда әлеуметтік төлем ретінде жұмысшының бұрынғы жалақысының  40 пайызы төленеді.

Лаура Тілеубайқызы

Осы айдарда

Back to top button