Қоғам

ІТ-сыныптардың мұғалімдерін даярлады

ІТ-сыныптардың мұғалімдерін даярлады


Қазіргі кезде еңбек нарығында ең сұранысқа ие мамандықтардың бірі әрі бірегейі ІТ саласының мамандары болып отыр. Цифрлық технологиялар күн санап дамып, өмірдің әрбір саласына дендеп еніп жатқан қазіргі құбылмалы заманда нақ осы саланың жілігін шағып, майын ішкен кәнігі кәсіби мамандар айырықша бағаланады.

Өкінішке қарай, қазіргі кездегі білім жүйесі білікті де білімді әрі заманға сай дағдылар мен іскерліктерді меңгерген мамандарды даярлауда кенже қалып отыр. Осы бір олқылықтың орнын толтыру мақсатында облыс басшылығы тарапынан өңірімізде екі ІТ-орталық құрылған болатын. Бірі – Өскеменде, екіншісі – Семейде. Семейдегі ІТ-орталықтың тыныс-тіршілігі туралы айтпақпыз.

Шәкірттердің алды 67 жаста болса, ең жасы – 15-те

Семей электротехникалық колледжінің базасында құрылған бұл орталық «Құзыреттілік орталығы» деп аталады. Ол техникалық және кәсіби білім беру жүйесіндегі инновациялық қызметті ұйымдастырудың озық формасы болып отыр.

– Оқу орындарының жұмысына инновациялық жобаларды енгізу – оларды дамытудың бірден-бір тәсілі. Мемлекет басшысы халықаралық деңгейде бәсекеге қабілетті ІТ-технология саласындағы заманауи мамандарды даярлау керектігін басты міндет етіп қойып отыр. Техникалық және кәсіптік білім беру жүйесіне енгізілетін инновацияның мақсаты – түлектердің бәсекеге қабілеттілігін артыру, экономиканың инновациялық секторына арналған жоғары білікті кадрларды даярлау, – дейді осы ретте Семей электротехникалық колледжінің директоры Азат Сәрпеков.

Биыл «Цифрлық Қазақстан» бағдарламасын жүзеге асыру аясында Білім және ғылым министрлігіның мұрындық болуымен мықты деген колледждер базасында Құзыреттілік орталықтары құрылды.

Орталық алдына қойылған мақсаттар жетерлік, олардың негізгілері –аймақтық, республикалық және халықаралық деңгейде кәсіпорындармен және орта арнаулы оқу мекемелерімен байланысты дамытуға көмек көрсету, оқыту үрдісін және басқару жүйесін жаңғырту, колледждің материалдық-техникалық базасын бекіту.

Колледж басшысы Азат Толқынұлы оқыту мекемесі мобильді, заманға сай болуы керек, әлеуметтік серіктестермен және оқыту үрдісіне керекті жабдықтарды жеткізушілермен байланыстарды жақсарту қажет дейді.

Семейдегі Электротехника колледжінде ашылған Құзыреттілік орталығы мехатроника, CAD инженерлік графика, графикалық дизайн, жүйелік және желілік әкімшілік, электромонтаждық жұмыс, өндірістік автоматика, дәнекерлеу жұмысы сынды жеті мамандық иелерін даярлауда.

Орталықты дамытуға қаражат республикалық және облыстық бюджеттен бөлінеді.

ІТ-сыныптардың мұғалімдерін даярлады

– IT орталықты жастардың инновациялық шығармашылық орталығы деп атаймыз. Оған мектеп оқушылары мен колледж студенттері арасынан дарынды жастар таңдалып алынады. Қатысушылардың жарнама, мехатроника, роботтехникасы, электронды кітаптар және веб-сайтты құру бағытында табысты жұмыстары жоқ емес. Біздегі шәкірттердің алды 67 жаста болса, ең жасы – 15-те. Біздің ұстанып отырған басты мақсатымыз – жастардың өзін-өзі жетілдіруіне жағдай жасау. Қазір мектептердегі оқу бағдарламасы бес күнді құрайды. Ал алтыншы күні оқушылар өздерінің қарым-қабілетін дамытуға бағытталған оқу курстарына бару қажет деп есептеймін, – деген Азат Сәрпеков білім шаңырағында адам капиталын дамытуға ерекше орын берілгенін айтады.

Одан басқа бүгінде колледж – «Kazenergi» инженер-энергетик бірлестігінің және Қазақстан колледждері ассоциациясының мүшесі. 2012 жылдан 2015 жылға дейін колледж оқу жабдықтарын жаңартты, колледж базасында аймақтық ресурстық оқыту орталығы ашылды. 2016 жылы колледж еліміздегі 16 мықты колледждің қатарына енді. Былтыр еңбек нарығында талап етілген мамандықтар бойынша шалғайдағы ауыл тұрғындарын оқыту үшін мобильді оқу кешені алынды.

Соңғы үш жыл бойы мақсаты жұмыс кәсіптерін дәріптеу және олардың беделін арттыру болып табылатын World Skills чемпионаты халықаралық қозғалысына қатысуда.

Арнайы бағдарлама да бар

Биылғы 1 маусымда «Нұр Отан» партиясы саяси кеңесінің кеңейтілген отырысында партия Төрағасы, Мемлекет басшысы Нұрсұлтан Назарбаев облыс мектептерінде ІТ-сыныптарын ашу жобасын мақұлдаған-ды.

Іле облыс әкімі Даниал Ахметовтің хаттамалық тапсырмасына сәйкес 277 толық кешенді мектепте 277 робот-техникалық кабинет құрылды, әрбір кабинетте 10 кешеннен орнатылған. Облыстық білім басқармасы 3 сыныптан 11 сыныпқа дейін балаларды оқыту бағдарламасын дайындап, ол министрлікпен келісілді.
Осы ретте атап өтерлігі, сол бағдарламаны дайындаушы – Семейдің Электротехника колледжі.

Қазіргі уақытта Электротехника колледжі базасында облыстық білім басқармасының көмегімен облыстың 544 мұғалімі оқудан өтті. Курстық жобаны аяқтап, қорытынды тапсырмаларды ойдағыдай тапсырған соң және бағдарламаны толық меңгергеннен кейін, курсанттарға сертификат пен куәлік берілді.
– Курс бағдарламасы ІТ-бағытты саладағы үлкен спектрін қамтиды. Осы уақыт аралығында мұғалімдер колледж қызметкерлерінің көмегімен визуалды бағдарламалардың, 3D баспасын үлгілеудің негізін үйренеді. Сонымен қатар бағдарламаға Web-дизайн және роботталған жүйелер негізі бойынша модуль енгізілген, – дейді орталық мамандары.

Бүгінгі күні электротехника колледжінің ресурстық орталығында инновациялық технологиялар жақсы меңгерілген. Мұғалімдердің біліктілігін тұрақты арттыру механизмі енгізіліп, оқыту үрдісі жаңғыртылды – модульдік бағдарламалар, мультимедиялық оқыту бағдарламалары, электрондық және оқу-әдістемелік құралдар өңделді. Материалдық-техникалық база да жетілуде.

– Оқытудың жаңа технологияларын тиімді қолдануға қол жеткізді. Менің ойымша, қоғамның және еңбек нарығының өзгермелі қажеттіліктеріне кәсіби білім беру осылай жылдам бейімделуі тиіс, – деп түйіндеді өз ойын Азат Сәрпеков.

Ержан Әбіш

Осы айдарда

Back to top button