COVID-19 

Тәртіпке бағыну – парыз

Жуықта облысқа жұмыс сапарымен келген Денсаулық сақтау министрі А.Цой өңірдегі өте күрделі эпидахуалды ескере отырып, жағдайды тікелей өз назарында ұстайтынын айтты. Қазір үйден шыққанда және подъезде міндетті түрде маска тағу талабы қойылған. Бұл туралы облыстың бас санитарлық дәрігерінің қаулысында көрсетілген.

Бүгінде семейліктердің 95% маскалық режимді сақтауда. Тұрғындар инфекция таралуының алдын алу мақсатында қоғамдық орындарда маска тағулары керек. Қалада маскалық режимнің сақтауын бақылайтын арнайы құрылған мониторингтік топ жұмыс істеуде.

Мониторингтік топ «Шығыс – адалдық алаңы» жобалық кеңсесі жетекшісінің қатысуымен қаладағы сауда орталықтарын аралап, шектеу шараларынаң сақталуын тексерді. Нәтижесінде санитарлық дәрігердің қаулысына қарамастан жұмысын жалғастырып  тұрған бірқатар сауда орталығы анықталды. Оларға қатысты құқық қорғау органдары тиісті материалдар жинап, әкімшілік кодекске сай шешім шығару үшін қалалық тауарлар мен қызметтердің сапасы мен қауіпсіздігін бақылау басқармасына жолдады.

Кәсіпкерлер арасында да біраз маскалық режимді бұзушылар анықталып, олармен түсіндірме жұмысы жүргізілді. Рейдте тұрғындардың 90-95%-ы бұл режимді сақтап жүргені белгілі болды.

– Мониторингтік топ азаматтарға маска тағу қажеттігі туралы кеңінен ақпарат беруде, – дейді тауарлар мен қызметтердің сапасы мен қауіпсіздігін бақылау басқармасының бас маманы Айшуақ Мағжанұлы.  – Бұл – халық денсаулығы үшін жасалып отырған шара. Егер азаматтар санитарлық режим ережелерін сақтамаса, оларға айыппұл салынады. Маскалық режимді бұзушыларға әкімшілік іс қозғалады. Айыппұл мөлшері – 30 АЕК немесе 83 340 теңге.

Шектеу режимін, оның ішінде карантинді бұзушылық фактілерін жедел анықтау мақсатында Семейде құрамына тауарлар мен қызметтердің сапасы мен қауіпсіздігін бақылау басқармасының мамандары, полиция басқармасының қызметкерлері, жергілікті атқарушы органдар, сондай-ақ кәсіпкерлер палатасының өкілдері енетін 10 мониторингтік топ та жұмыс істеп жатыр.

Аталған топтар адамдар көп жиналатын жерлерде, атап айтқанда, қоғамдық тамақтану, сауда орындарында, қоғамдық көліктерде профилактикалық және эпидемияға қарсы іс-шараларды сақтау бойынша күндізгі, кешкі, сондай-ақ апта сайынғы мониторинг жүргізуде. 1 қазан мен 3 қараша аралығында мониторингтік топтар 36 рейд жүргізген. 704 нысан қамтылып, 99 нысанда тәртіп бұзушылықтар анықталған. Рейд барысында карантин режимін бұзу фактілері бойынша екі жеке тұлға, 40 кәсіпкер әкімшілік жауапқа тартылды.

Қарашаның 3-інен бастап құрамында қалалық тауарлар мен қызметтердің сапасы мен қауіпсіздігін бақылау басқармасының және білім бөлімінің мамандары бар мониторингтік топтың да жұмысы қайта жанданды. Мектепке дейінгі балалар ұйымдарында санитарлық-дезинфекциялық режимді сақтау талаптары тексерілетін болмақ.

Қалалық тауарлар мен қызметтердің сапасы мен қауіпсіздігін бақылау басқармасының мамандары қоғамдық тамақтану және сауда нысандарында түсіндіру іс-шараларын облыстың бас мемлекеттік санитарлық дәрігерінің қаулысына сәйкес жүргізіп отыр.

– Қалада қазан айының соңынан бастап коронавирустық инфекциямен сырқаттанушылардың өсуі байқалады. Оқушылар арасында сырқаттанушылықты тіркеу жалғасуда. Қазан айында мектеп оқушылары арасында 47 жағдай тіркелген, оның ішінде қашықтан оқитын 31, оффлайндағы 16 оқушы бар.  Ең көп ауратындар – 50 жастан асқандар. Қаланың инфекциялық стационарларында 91 науқас емделуде, – дейді.

Семей қалалық әкімдігінің ақпаратынан белгілі болғандай, қала кәсіпкерлері бас санитарлық дәрігерден шектеулерді жеңілдетуді сұрап отыр. Шағын және орта бизнес өкілдері әкімдікке шектеу режиміне қатысты түсініктеме беруді сұрап, қала әкімдігінің кіші залында жиналыпты. Бизнесмендермен қала әкімі Ермак Сәлімов және облыстық тауарлар мен қызметтердің сапасы мен қауіпсіздігін бақылау департаменті басшысының міндетін атқарушы Талғат Тұңғышбаев кездесті. Кездесуде кәсіпкерлер өз ұсыныстарын айтты.

– Біз сауда объектілерінің алаңдарына қарай қызмет шектеулерін алып тастауды сұраймыз. Сол сияқты залдардың толуы бойынша шектеулерді де  және мекемелердің қысқартылған жұмыс режимін алып тастауды сұраймыз. Біздің ойымызша 17.00, 20.00 немесе 22.00 сағатқа дейін жұмыс істеуге шектеу қою, керісінше, адамдардың бір уақытта бір жерде жиналуына ықпал етеді, – деді бизнесмендер.

Кәсіпкерлер, сондай-ақ демалыс және мереке күндері жұмыс істеуге де рұқсат сұрады. Бизнес өкілдерінің өтініштерін тыңдаған Талғат Тұңғышбаев шектеулер бойынша шешімдер, санитарлық-эпидемиологиялық жағдайға байланысты қабылданатынын және  қазіргі кездегі шектеулер немесе барлық шаралар тек азаматтардың денсаулығы мен өмірін қорғауға бағытталғанын хабарлады. Кәсіпкерлердің ұсыныстары қараша айының басында қаралады. Егер эпидемиологиялық жағдай жақсарса, шектеу шараларын жеңілдету туралы шешім қабылданады.

Бүгінгі таңда Семей коронавирустық инфекцияның таралу қарқыны бойынша «қызыл аймақта» орналасқан.  Бұл ретте облыста қабылданған шектеу шаралары кәсіпорындар мүлде жабылатын, қатаң локдаундар, коменданттық сағаттар енгізілетін өзге елдердегі шаралармен салыстырғанда әлдеқайда жеңіл. Біздің аймақ жеңіл шектеулер жолымен жүреді. Кәсіпкерлерге адамдардың денсаулығы мен өмірін сақтау үшін барлық қажетті санитарлық-эпидемиологиялық нормаларды сақтай отырып, өз қызметін жалғастыруға рұқсат етіледі. Бірақ карантин режимі мен санитарлық-эпидемиологиялық талаптарды бұзғаны үшін әкімшілік жауапкершілік қарастырылғанын ескерген жөн.

Семей.

Осы айдарда

Back to top button