Руханият

 Тұрсынғазының мүсіні қашан тұғырға қонады?

 Қазақ еліне есімі белгілі семейлік сазгер Тұрсынғазы Рахимовтың ескерткіші жасалғанымен, тұрақты орын таппай тұрғанына біраз болыпты. Ол туралы әлеуметтік желіде жазылған жазба қызу талқыға түсті. Алайда Семей қалалық мәдениет бөлімінің өкілдері мен ескерткішті жасатқан азаматтар алдағы 15 қазанда оның нақты орнына қонатынын айтады.

Танымал сазгердің әнін тыңдап өскен жұрт әлеуметтік желідегі жазбаны оқып жабығып қалғаны рас. Біз де «жұрттың жүрегінен орын алған әншінің ескерткішіне неге орын табылмады екен?» деген ойға қалдық.

– Тұғырына қона алмай, қаламыздан лайықты жер таба алмай,  халықтың жүрегінен орын алған белгілі әнші,  сазгер Тұрсынғазы Рахимовтың ескерткіші далада шаң басып тұрғанына да біраз уақыт болыпты. Өкінішті, – деп жазды өзінің әлеуметтік желісінде семейлік Қуаныш Рахметолла.

Желідегі жұрт жазба астында сан түрлі пікір қалдырып, сауалдар да қойыпты.

– Негізі әкімдік көктемде орын тауып орнатамыз деп уәде бергенімен, уәде орындалмады. Марқұм көзі тірісінде: “Тірінің қамы – өз қамы…” дегенде, жүрегі осылай боларын сезіп күңіренсе керек. Бұл пандемия талайларға сылтау болды ғой… «Уәдеге “атымтай-жомарт” мәдениет бөлімі не айтар екен?», – деп сауал тастапты әлеуметтік желі қолданушылардың бірі.

Желі қолданушысының бұл сауалына жауапты Семей қалалық мәдениет және тілдерді дамыту бөлімінің басшысынан алдық.

– Ескерткішті нақты орынға қою жоспарда бар дүние. Алдағы 15 қазанда Тұрсынғазы Рахимов ағамыздың туған күні. Сол күні музыка колледжінің алдындағы Жамақаев аллеясына ескерткішті қоюды жоспарлап отырмыз, – дейді Назерке Аққожина.

Тұрсынғазының тұлғасы сомдалған тұғырлы мүсінді Болат Кәрібаев есімді мүсінші жасаған. Ал оған керекті қаржыны сазгердің досы Адай Азаматов өз қалтасынан шығарыпты.

– Тұрсынғазы Рахимов келер жылы жетпіске толар еді. Соған дайындық ретінде ескерткішін жасатып, қорын аштым. Бұл ескерткіш сол торқалы тойына орай қойылса да болар еді. Алайда әкімдік өкілдері биыл қоямыз деп жатыр, тұрақты орнына қойыла бергені де дұрыс шығар. Ескерткішті жасауға бір-екі азамат қана азын-аулақ қаржымен көмектесті. Мүсінші де көп қаржы алған жоқ. Жақсы жасап шықты. Мәдениет бөлімінің өкілдері 15 қазанда Тұрсынғазының туған күніне орай қоюды жоспарлағандарын айтты, – дейді Адай Азаматов.

Екі жылға жуық уақыт мәдениет бөлімінің босағасында тұрған Тұрсынғазының ескерткіші 15 қазанда тұғырға қонар деп сендік.

Қызырбек Дүргінбайұлы

Осы айдарда

Back to top button