ТОП

Түрмеде етік тігеді

Сотталғандарды жұмыспен қамту мақсатында құрылған «Еңбек Өскемен» кәсіпорнының аяқ киім шығаратын цехында он адам жұмыс істейді. Олар шығарған өніміне қарай еңбекақы алады.

Бұл цех бір жыл ішінде екі мың дана жаздық, мың дана қыстық аяқ киім тігіп шығарады.

– Аяқ киімдерге деген сұраныс қаншалықты көп болса, жұмысшылар мен кәсіпкердің табысы соншалықты артады. Қылмыскерлер осы арқылы өздері залал келтірген адамдардың алдындағы өтеуін өтеп береді. Қаржысын туыстарының да керегіне жұмсайды. Сонымен бірге мекеме аумағындағы дүкеннен қажетті заттарын, азық-түлігін сатып ала алады, – дейді Қылмыстық-атқару жүйесі департаментінің баспасөз хатшысы.

Пробация қызметкерлерінің айтуынша, жазасын өтей отырып етік тігудің қыр-сырын меңгерген адамдар бостандыққа шыққан соң өз жолын тауып кете алады. Әлдебір кәсіпорынға жұмысқа кіруіне немесе жеке шеберханасын ашуына болады. Ешбір саланы білмеген адам ғана айналысар іс таппай, бұралаң соқпаққа түсіп кетеді.

Облыстағы түрмелер ішінде жұмыс орындары көп. Мысалы, Жарма ауданындағы бір ғана ОВ-156/18 мекемесінде үш кәсіпкер кәсібін дөңгелетіп отыр. Оларда барлығы 26 сотталған адам еңбек етеді.

– Түзеу мекемесінің ішінен түрлі жұмыс орындарын ашудағы мақсат – істі болған адамдардың бостандыққа шыққан соң «екі қолға бір күрек» табуына жәрдемдесу ғана емес, олардың ортаға бейімделіп, қалыпты өмірге икемделуіне ықпал ету, – дейді әділет аға лейтенанты А.Базарханов.

Оның айтуынша, кез келген түзеу мекемесі кәсіпкерлермен бірлесіп жұмыс істеуге дайын. Мұның кәсіпкерлерге тиімді жақтары өте көп. Біріншіден, коммуникациялық желілермен толық қамтылған дайын нысан бар, екіншіден, мекеме аумағы 24 сағат тегін күзетіледі және үшіншіден, мұндағы жұмысшыларға берілетін еңбекақы тарифі арзан.

– Мысалы, біздің мекеме Жарма ауданының орталығына жақын жерде. Аягөз, Алматы, Өскемен, Семей бағыттарына пойыз қатынайды. Сол секілді әрбір мекеменің өз артықшылығы бар. Бірлесіп жұмыс істеймін деушілерді қуана қарсы аламыз, – дейді ол.

Тасқын Болатұлы

Осы айдарда

Back to top button