Қоғам

Түркістандықтар шығысқа қоныс аударуға ниетті

Оңтүстік өңірінде  халық тығыз орналасқан. Сондықтан балабақша, мектептерде орын тапшылығы, жұмыссыздық деңгейі жоғары. Ал шығыста керісінше, ішкі миграция  салдарынан елді мекендерде жұмыс күші жетпей жатыр.

Аймақтардағы жұмыс күшін тиімді пайдаланып, демографиялық теңдікті сақтауға бағытталған  «Еңбек»  нәтижелі жұмыспен қамту және жаппай кәсіпкерлікті дамыту бағдарламасы қазір осы олқылықтың орнын толтырып отыр. Өткен жылы облысқа аталмыш бағдарлама аясында 1800-ден астам адам, биыл 1122 адам қоныс аударған. Олардың басым көпшілігі Алматы, Қызылорда,  Түркістан облыстарынан көшіп келді.  Ниеттілер әлі де көп. Бұл туралы кеше қоныстану мәселесіне арналған жиында Түркістан облысынан арнайы келген делегация мүшелері атап өтті. Делегацияны бастап келген Түркістан облыстық Қазақстан халқы ассамблеясы төрағасының орынбасары Ғани Рысбековтің айтуынша, аймақта халық тығыз орналасқан өзбек, тәжік ауылдарының тұрғындары да шығысқа қоныс аударуға қызығушылық танытып отыр. Өйткені аталмыш елді мекендерде жұмыссыздық деңгейі өте жоғары.

Ал облыстық жұмыспен қамту және әлеуметтік бағдарламаларды үйлестіру басқармасы басшысының орынбасары Тимур Жигитаев біздің өңірде, әсіресе ауылды жерлерде білім беру, ветеринария мен ауыл шаруашылығы, денсаулық сақтау салаларында маман тапшы екендігін атап өтті.

–  Ауылдарда тракторшылар мен  мал дәрігерлері жетіспейді. Мұғалімдер мен дәрігерлер де тапшы. Қазіргі күні өңірдің елді мекендерінде осы мамандықтар бойынша 1000 бос орын бар, – дейді ол.

Айта кетейік, аталмыш бағдарлама аясында қоныс аударған азаматтарды   ынталандыру қарастырылған. Біріншіден, қоныс аударғандардың шығындары 35 АЕК көлемінде өтелетін болады, яғни отбасының әрбір мүшесіне 88 375 теңгеден төленеді.   Сонымен қатар баспана алып, жұмысқа орналасуға, отын-көмірі мен мал сатып алуына да  жағдай жасалады.

Бұл бағдарлама жұмыспен қамтуға бағытталғанымен түп төркіні  демографиялық жағдайды реттеуді көздейтіні  белгілі. Соңғы екі жылда өңірге қоныс аударғандардың дені қазағы аз Глубокое, Бородулиха аудандары мен Риддер, Курчатов қалаларына тұрақтаған.

Сондай-ақ өңірде «Серпін» бағдарламасы аясында білім алып жатқан студенттерге  де «Еңбектің» мүмкіндігін пайдаланып, тұрақтап қалуына болады.

– Бірінші курста-ақ Өскеменде қаламын деп шештім. Тіпті туыстарымды да осында көшіп келуге үгіттеп жүрмін. Осы бағдарлама  арқылы жұмысқа орналастым. Бірге оқу бітірген студенттердің біразы осы өңірдің ауылдарына  жұмыс істеуге аттанды,-дейді «Серпін» бағдарламасымен білім алған Айханша Бөгенбай.

Лаура Тілеубайқызы

Осы айдарда

Back to top button