Қоғам

Тұрғындардың талап-тілегіне құлақ асты

«Nur Otan» партиясының хатшысы Әлібек Әлденей облыста жұмыс сапарымен болып, Шемонайха және Ұлан аудандарындағы бірқатар нысандардың жұмысымен танысты, тұрғындарды қабылдап, оларды толғандырған сауалдарға жауап берді.

Онымен бірге партияның облыстық филиалы төрағасының бірінші орынбасары Олег Чугунков және аудандар әкімдері жүрді. Айта кетсек, партия басшылығының Шығыс өңіріне жасаған бұл сапары партия Төрағасы – Елбасының «Партия қашанда халыққа жақын болуы керек, тұрғындардың мәселесіне бейжай қарамай, олардың шешілуіне барынша атсалысуы тиіс» деген арнайы тапсырмасының аясында жүзеге асырылуда.

Әлібек Үсенұлы Шемонайха ауданында партия мүшелерімен және қоғамдық ұйымдардың, этномәдени бірлестіктердің өкілдерімен кездесіп, ауданда атқарылып жатқан жұмыстардың барысымен танысты. Аудан тұрғындарымен емен-жарқын сұхбаттасып, олардың тарапынан қойылған сұрақтарға жауап берді.

– Елбасы, партия Төрағасы алдымызға үлкен міндеттер қойып отыр. «Nur Otan» партиясының Саяси кеңесінің кеңейтілген отырысында берілген тапсырмаға сәйкес партия жұмысын жүйелі жаңғырту үшін бүгінгі таңда көптеген жұмыстар атқарылуда. Сіздердің аудандарыңызда партиялық жобалар мен мемлекеттік бағдарламалар сәтті жүзеге асып жатқандығының куәсі болдым. Сондай-ақ еліміздің ең басты байлығы – ел ішінің тыныштығы мен бірлігі екендігін ерекше атап өткім келеді, – деді «Nur Otan» партиясының хатшысы Әлібек Әлденей.

Шемонайхалықтар да көкейінде жүрген сауалдарын қойып, өз ойларын ортаға салды.

– Мен Шемонайха ауданына 2017 жылы Оңтүстік Қазақстан облысынан көшіп келдім. Бүгінгі таңда аудандық ішкі саясат бөлімінде жұмыс істеймін. Үш жыл ішінде ауданымызға 87 отбасы немес 172 адам қоныс аударды. Аталған отбасылар аудан тарапынан тұрақты жұмыспен және баспанамен қамтылып, жұмыстарын жалғастыруда, – деді кездесу барысында Шемонайха ауданындағы өзбек этномәдени бірлестігінің жетекшісі Юлдыз Курбанова.

Сонымен қатар партия хатшысы «Nur Otan» партиясының аудандық филиалының қоғамдық қабылдау бөлімінде азаматтарды жеке мәселелері бойынша қабылдады. Қоғамдық қабылдау кезінде жұмысқа орналастыру, баспанамен қамтамасыз ету, аудан жастарына арналған спорттық кешен салу мәселелері көтерілді.

Қабылдауға келген аудан тұрғыны Еркебұлан Сабырбеков ауданда жабық спорт кешенін салу жөнінде өтініш білдірді.

– Сіздің сұрағыңызға келсек, жергілікті билік органдарының мәліметінше, қазіргі кезде ауданда жабық спорт кешенін салуға бюджеттен ақша қарастырылып жатыр. Егер бюджеттен тиісті қаражат бөлінген жағдайда, 2020 немесе 2021 жылы спорттық кешеннің құрылысы басталатын болады. Оны алдағы уақытта партиялық бақылауда ұстаймыз, – деді Әлібек Әлденей.

Партия хатшысының жұмыс сапары Ұлан ауданында жалғасып, облыс орталығына іргелес ауданда жаңадан салынып жатқан орталық аурухананың құрылысымен және қазіргі уақытта тұрғын үйдің ғимаратында тұрғындарға қызмет көрсетіп отырған аурухананың жұмысымен де танысты.

– Жаңадан салынып жатқан орталық аурухананың құрылысы ағымдағы жылдың желтоқсан айына дейін аяқталып, қолданысқа берілетін болады, – деді мұндағы жағдайды баяндаған Ұлан ауданының әкімі Нұрымбет Сақтағанов.

«Nur Otan» партиясы хатшысының айтуынша, жаңадан салынып жатқан орталық аурухананың құрылыс жұмыстарының сапалы жүргізілуі және кестеде көрсетілген мерзімнен кешіктірілмей қолданысқа берілуі партияның қатаң бақылауында болмақ.

Ақпарат ретінде қоса кетсек, бүгінгі күнге дейін партия басшылығы еліміздің үштен бір бөлігін аралап, шалғайдағы аудандар мен ауыл тұрғындарының мәселерімен танысты.

Дәурен Аллабергенұлы

Осы айдарда

Back to top button