Қоғам

Тұрғындардың қажеттіліктері зерттелді

Адамдардың өмір сапасын анықтайтын нақты индикаторлар бар. Қазақстанда, оның ішінде біздің облыста жүргізілген әлеуметтік зерттеулер барысында осы индикаторлар басшылыққа алынды.

«Тұрғындардың қажеттіліктерін аймақтар бойынша, оның ішінде ауылды қоса, бағалау» жобасы «Азаматтық бастамаларды қолдау орталығы»  коммерциялық емес акционерлік қоғамының мемлекеттік гранты шеңберінде, Ақпарат және қоғамдық даму министрлігінің қолдауымен жүзеге асты. Зерттеулерді Өскемен қаласындағы қоғамды дамытуға ақпараттық қолдау қорының мамандары серіктестік жүйені тарта отырып,  жүргізді. Себебі тек облыс орталығында ғана емес, еліміздің әр өңірінде,  моноқалаларда, ауылды жерлерде тұратын барлығы 2600 қазақстандыққа сауалнама жүргізу керек болды.

– Барлық аймақтардаең өткір мәселе ретінде қаржы тапшылығын айтады:  бірінші орында азық-түліктің, күнделікті қажет тауарлардың  бағасының өсуі,   екінші орында – кірістің төмендігі, үшінші орында – жұмыссыздық  пен жұмысқа орналасудағы қиыншылықтар, – дейді ақпарат қорының директоры Ольга Свириденко. – Өзекті деген бес проблеманың ішіне сонымен қатар онкология, АИТВ  және туберкулез дерттерінің өршуі,  несиені жабу қиыншылығы да кірді.

Шығысқазақстандық респонденттердің пікірі де осылардан ұзап кетпепті. Алдыңғы үш мәселені қалалықтар да, ауылдың тұрғындары да дәл сол тәртіппен атап өткен. Сауалнамаға қатысқан он қалалықтың сегізі ең өзекті мәселе ретінде азық-түліктің қымбаттауын айтса, ауылда –  он тұрғынның алтауы атаған.  Бұдан ары пікірлер бөлініп кетеді. Қалалықтарда  экология мәселесі мен несиені төлеу төртінші және бесінші орындарда тұрса, ауылдағыларды алдымен несиені жабу, сосын көгілдір отынға қосылмау толғандырады.

Бір қызығы, сауалнама жүргізбей тұрып, әр аймақтағы меморгандар мен үкіметтік емес ұйымдардың эксперттерінен алынған   сұхбаттарында олар өз тұрғындарының өзекті проблемаларына болжам жасаған.Біздің сарапшылар  тұрғындар үшін бірінші кезекте экология мәселесі тұр деп шешкен.  Олар тұрғындарды тек ауа мен судың ластануы ғана емес, сонымен қатар орман мен жасыл желекті көбейту, қатты қалдықтарды жою мен оларды бөлек жинау проблемалары толғандырады деп топшылаған. Екінші кезекте –  жол сапасының нашарлығы. Сарапшылардың болжамы бойынша үшінші кезекте жерлестерімізді тұрғын үй мәселесі, атап айтқанда, жастардың баспанаға қол жеткізуі мен жалға алу мүмкіндігі  толғандырады. Өздеріңіз көріп тұрғандай, Шығыс Қазақстанда эксперттердің болжамы тұрғындардың  проблемаларға берген бағасынан мүлде алшақ болып шықты.

Республика аумағында жүргізілген зерттеулердің қорытындысы  қарашаның аяғында Ақпарат және қоғамдық даму министрлігіне жолданады, сондай-ақ Астанада өтетін қорытынды презентация кезінде Мәжіліс депутаттарына, меморгандар мен үкіметтік емес ұйымдардың өкілдеріне көрсетіледі. Келешекте олардың жұмыстары әр өңірдің тұрғындарының нақты қажеттіліктерімен сәйкес келуі үшін.

Айна Ескенқызы

Осы айдарда

Back to top button