Қоғам

Тұрғындар басшылыққа базыналарын айтты

 Аудан басшысы Серікқазы Сәдуақасов тұрғындар алдындағы есебін шекаралық ауылдардан бастады. Кездесуде ол өткен жылдың жақсы жетістікпен аяқталғанын, аудан экономикасында 10 пайыздық өсім болғанын айтты.

Өткен жылы 17 ауылдық округ ішінде мал басы, егін шаруашылығы жағынан Жаңаауыл округі алдыңғы қатарда болды. Ауыл әкімдігі өз қаржысын өзі игере бастаған, ендігі мақсаты – қолдағы қаржыны тиімді пайдалану. Аудан әкімі осыған баса назар аударды.

Округте мал басының өсімі жақсы, алайда малды асылдандыру өте баяу жүруде, субсидия алу аз. Ауыл әкіміне істі ширату керектігі айтылды.

Соңғы жылдары ауылда жастар көбейді, аудан басшылығы осыған ерекше ден қойып отыр. Өткен жылы 120 жас «Атамекен» кәсіпкерлік палатасымен бірлесіп, «Іскер кәсіпкер» бағдарламасы бойынша оқу курсынан өтіп, 505 мың теңге грант алды, кәсіптерін ашты. Осылайша, ауылда жастарды тұрақтандыруға жергілікті әкім ықпал жасауы керек. Биыл ауылға арнайы штат бөлініп, жастар маманы алынған.

Жаңаауылдың мал азығын дайындауға, егін егуге, жеміс-жидек өсіруге мүмкіндігі мол. Алайда аудандағы ең үлкен Қандысу бөгені дұрыс пайдаланылмайды. Ауылда соңғы екі жылда жаңа техника мүлде алынбаған.

Аудан әкімі әлеуметтік нысандарға ерекше маңыз беріп отырғанын айтып, округке қарасты екі орта мектепке биыл күрделі жөндеу жұмыстары жүргізілетінін жеткізді. Алайда мектептегі білім сапасы өте төмен, айталық Жаңаталап орта мектебін бітірген түлектердің біреуі ғана ұлттық бірыңғай тестілеуге қатысқан. Сондай-ақ округ орталығындағы мектептен екі оқушы ұлттық тестілеуге қатысыпты. Бұл – аудандағы өте төменгі нәтиже.

Кездесуде тұрғындар аудан әкіміне өз сауалдарын қойып, тұшымды жауап алды.

Маңырақ ауылындағы кездесуде аудан әкімі биыл аудан бюджетінен мұғалімдер мен медицина қызметкерлерінің коммуналдық қызметі өтелетінін айтты.

Ауылдық округте мал басы өскенмен, сапасының төмендеп  кеткенін тілге тиек етіп, алдағы уақытта қолдан ұрықтандыру пункттерін ашуды тапсырды.

– Соңғы жылдары аудан сарып ауруынан облыста алдыңғы қатарда. Өткен жылы М.Медеубеков атындағы ғылыми-зерттеу институтының ғалымдарымен бірлесіп жасаған қолдан егу тәжірбесі жемісін берген, ендігі  жерде бұл тәжірибені іске асыру керек, – деді әкім.

Ауылдағы өзекті мәселе – кадр тапшылығы, әсіресе мұғалім, дәрігер, ветеринарлар жетіспейді. Аудан «Дипломмен – ауылға» бағдарламасы бойынша келген 48 жас маманға пәтер берген. Келген әр жас маманға аудан басшылғы көмек көрсетуге әзір.

Маңырақ ауылында егіншілікке мүмкіндік мол болғанымен, көп жерлер игерілмеген, осыдан мал азығы өте аз әзірленуде. Ауыл тұрғындарының аудан әкіміне деген басты базынасы осы болды. Ауыл маңындағы жайылым тар, тұрғындарға тиісті жайылымдарды кей шаруашылықтар заңдастырып алған. Аудан әкімі жер бөлімінің мамандарына мәселені жедел шешуді тапсырды.

Қайсыбір ауылдарда полиция мамандары жоқ, соның салдарынан мал ұрлығы көбейген.

Аудан басшысы биыл инфрақұрылымға баса назар аударатынын айтты, осы мақсатта Кіндікті ауылына баратын тасжолдың 76 шақырымы күрделі жөнделіп, киелі орындар картасына енген Ырғызбай кесенесіне баратын 25 шақырым жолға асфальт төселеді. Қазір құжаттары әзірленуде.Аудан башылығы биыл да киелі орындарды ерекше қамқорлыққа алып, айрықша көңіл бөлмек.

Қадырбек Кәкімұлы    

Тарбағатай ауданы.

Осы айдарда

Back to top button