Қоғам

Тұрғын үй сапасы көңіл көншітпейді

Облыста соңғы үш жылда «Нұрлы жер»  бағдарламасы бойынша салынып жатқан үйлердің сапасы мен қарқынына «нұротандықтардың» көңілі толмайды. Облыстық филиалдың партиялық бақылау комиссиясының отырысында үйлердің инженерлік-коммуникациялық жүйелері мен құрылыс жұмыстарына қатысты сын айтылды.

Жиын барысында 2017-2021 жылдарға арналған «Нұрлы жер» тұрғын үй құрылысы мемлекеттік бағдарламасының жүзеге асырылу барысы талқыланды. Облыстық құрылыс, сәулет және қала құрылысы басқармасы басшысы орынбасарының міндетін атқарушы Жазира Мамырбекованың  мәліметіне сүйенсек, тек өткен жылы аталмыш бағдарлама аясында салынатын үйлердің құрылысына 40,3 млрд. теңге бөлінген. Бүгінде оның 99,6 пайызы игерілген. Қаржы бөлінгенімен,  құрылысы тұралап тұрған нысандар аз емес. Соның бірі – Аягөз ауданындағы 60  пәтерлік тұрғын үй. Басқармадағылардың айтуынша, мердігер компанияның нысанды уақтылы аяқтамауына жұмыс күшінің тапшылығы себеп. Сондай-ақ Семей қаласының Қарағайлы ауданындағы 72 пәтерлік тұрғын үй кешені мердігер компания жұмысының баяулығанан жыл соңына дейін тапсырылмады. Қазіргі күні аталмыш нысандардың құрылысына жауапты ұйымдармен жұмыс жүргізілуде. 28-ші шағын ауданында «Нұрлы жер» бағдарламасы бойынша салынып жатқан бір қабатты тұрғын үйлердің құрылысы да 2019 жылы аяқталуы тиіс болғанымен, әзірге үйлердің қаңқалары ғана дайын. Инженерлік-коммуникациялық жүйелер әлі тартылмаған. Бақылау комиссиясының мүшелері тұрғын үйге қажетті жер учаскесі таңдалып, іргетасы құйылғанға дейін сол аумаққа алдымен инженерлік-коммуникациялық жүйелер тарту мәселесі неге басты назарға алынбағандығын сауал етіп қойды.

– Бұл үйлер 2017 жылы пилоттық жоба аясында салынуы тиіс болған. Құрылыс жұмыстарын дереу бастау қажет болды. Сол уақытта ыңғайлы жер телімдерін қарастырғанда, қаланың шыға берісіндегі «Нұрлы көш» ауылына жақын осы жер дұрыс деген шешім шығарылған. Бұл жерге инженерлік-коммуникациялық жүйелер торабы жақын. Оны тартуда қиындықтар туындамайды деген ойдамыз, – дейді Жазира Мамырбекова.

Комиссия мүшелері тұрғындардан үйлердің сапасына қатысты сын жиі түсіп жатқандығын атап өтті. Бұл әсіресе Өскемен қаласындағы 19-шы шағын ауданында бой көтерген көппәтерлі баспаналарға қатысты. Бұл мәселе аудандарда да бар.

– Құрылыс жұмыстары мен материалдарының сапасыздығына наразы, инфрақұрылымға көңілі толмайтын тұрғындар көбейіп барады. Құрылыс басқармасы осы мәселеге назар аударса дейміз. Мұндай үйлерді қабылдаған комиссия мүшелерінен де жауап алынуы тиіс. Жалпы, тұрғын үйлерді қабылдау комиссиясына партиялық бақылау орнату қажет, – деді бақылау комиссиясының төрағасы Мұхтар Төлеген

Қалай десек те, соңғы үш жылда облыста «Нұрлы жер» бағдарламасы арқасында мыңдаған тұрғын қолжетімді баспанаға қол жеткізді. Тек өткен жылы аталмыш бағдарлама аясында облыста 442,7 мың шаршы метр тұрғын үй пайдалануға берілді. Бұл 2018 жылмен салыстырғанда 108 пайызға артық. Биыл тағы 68 көпқабатты тұрғын үй пайдалануға беріледі деп күтілуде.

Комиссия төрағасы келесі жиын барысында жоғарыда сын айтылған нысандар мәселесі кеңінен талқыланатынын атап өтті.

 

Лаура Тілеубайқызы

Осы айдарда

Back to top button