Тұрғын үй құрылысы қарқын алмақ

Жыл басынан бері облыста 320 мың шаршы метр тұрғын үй пайдалануға берілді. Келер жылы құрылыс қарқынын одан әрі ұлғайту көзделіп отыр.
Облыс әкімінің орынбасары Бақытжан Байахметовтің айтуынша, осы жылы өңірде 8026 пәтерден тұратын 112 көпқабатты үйдің құрылысын бастау жоспарланған-ды. Қазір оның 104-і салынып жатыр, қалған 8-інің құрылысы жыл соңына дейін қолға алынады.
Облыс әкімі тұрғын үй құрылысын ұлғайтуды жүктеп отыр. Аймақ басшысы жұмыс қарқынын келер жылы 20 пайызға, ал 2021 жылы 25 пайызға арттыруды тапсырды. Бұған өңірдің әлеуеті жеткілікті.
Облыста тұрғындарды баспанамен қамтудың «7-20-25» бағдарламасы белсенді жүргізілуде. Екінші деңгейлі банктерге халықтан 10 миллиард теңгенің бір мыңнан астам өтімі түсіпті. Олардың 700-ге жуығы мақұлданған. Жалпы, Шығыс Қазақстан осы бағдарлама бойынша несиелендіру жөнінен елімізде екінші орын алады.
Баспананың алғашқы жарнасына қаражаты жетпейтін бюджеттік сала қызметкерлеріне бір миллион теңгенің қайтарымды сертификаттары беріле бастады. Осы мақсатқа облыстық бюджеттен әзірге 70 миллион теңге бөлінген. Өскеменде 31, Семейде 6 адам осы сертификаттарға ие болды.
Облыстың аудан-қалаларында қанатқақты жоба бойынша 54 бірқабатты үй салынып жатыр.
– Аудан орталықтарындағы жер үйлердің құрылысын ұлғайту қажет. Көпқабатты үйлерді Өскемен мен Семейде, Алтай мен Курчатовта тұрғызған дұрыс, ал қалған елді мекендерде бір қабатты, ары кетсе екі-үш қабатты үйлер салған жөн, – деген аймақ басшысы әкімдерге 18 желтоқсанға дейін нақты жоба-жоспарларын ұсынуды тапсырды.
Әлеуметтік нысандар құрылысы да жиында сөз болды. Елбасының бес әлеуметтік бастамасына орай жоспарланған 7 студенттер жатақханасы құрылысының екеуі аяқталды. Енді қалған бесеуінің құрылысы келер жылы Өскемен мен Семейде басталады.
– Бір ай ішінде аталмыш ғимараттарды мемлекеттік-жекеменшік серіктестік аясында салудың шарттарын әзірлеп шығыңыздар. Құрылысқа қажет жер телімдерін анықтап, бөліңіздер, – деді аппараттық кеңесте аймақ басшысы.
Ержан Әбіш