ІТ орталық ашылды

«Цифрлық Қазақстан» мемлекеттік бағдарламасын жүзеге асыру аясында Өскемен политехникалық колледжі базасында тұрғындарды IT технология мамандықтары бойынша даярлау және қайта даярлау мақсатында IT орталықғы ашылды.
Осыған орай аталмыш орталықтың ашылуы мен техникалық және кәсіптік білім беру жүйесін дамыту туралы брифинг өтті. Облыс әкімінің орынбасары Әсем Нүсіпова, «Нұр Отан» партиясы облыстық филиалы төрағасының бірінші орынбасары Әнуарбек Мұхтарханов қатысқан шарада IT-орталықтың маңызы мен техникалық және кәсіптік білім беру жүйесінің қазіргі даму барысы, сонымен қатар «Нұр Отан» партиясының жаңа әлеуметтік жобалары кеңінен сөз болды.
-Жаңа технологиялар заманында техникалық және кәсіптік білім беретін оқу орындарына талап күшейіп келеді. Еліміздегі ірі өндірістік аймақ болғандықтан да, осы салаға қажетті білікті кәсіби мамандар даярлаудың маңызы зор. Бұл бағытта өңірімізде ауқымды жұмыстар жүргізіліп жатыр. Соның бірі – осы IT-орталығының ашылуы,-деді Әсем Нүсіпова.
Аталған орталықта бағдарламалау негіздері, веб-дизайн, бұйымдарды жобалаудағы компьютерлік құрастыру технологиясы, микроконтроллер негізінде автономды роботтарды бағдарламалау және құрастыруды тереңдетіп оқытады.
Түлектердің 40 пайызы колледжді таңдайды
Брифинг барысында айтылғандай, мемлекеттік білім беру тапсырысы жыл сайын артып келеді. Облыс колледждерінде оқып жүрген 35 мың студенттің жартысынан астамы кәсіптік білімді мемлекеттік тапсырыс бойынша тегін алып жатыр. Мектеп түлектерінің 40 пайыздан астамы колледжде білім алуды таңдайды. Осы жағдай ескеріліп, облыс әкімінің бастамасымен мемлекеттік тапсырыс жыл сайын он пайызға артып келеді.
Биыл іріктеудің барлық талаптарына сай келген өңіріміздегі 72 колледжде «2017-2021 жылдарға арналған нәтижелі жұмыспен қамту және жаппай кәсіпкерлікті дамыту» бағдарламасы негізінде мемлекеттік тапсырыс бойынша 1730, жергілікті бюджет есебінен 5350, «Мәңгілік ел жастары – индустрияға!» бағдарламасы бойынша республикалық бюджет есебінен 210 орын берілген. Үстіміздегі жылдың төрт айында ғана осы мақсатқа 1,5 миллиард теңгеден астам қаражат бөлінген.
20 маусымнан бастап өңірдегі барлық 83 колледжде талапкерлерден құжат қабылдау басталды.
Мемлекеттік тапсырыс төрт есе өсті
Қазір елімізде Индустрия 4.0, «Цифрлық Қазақстан» мемлекеттік бағдарламалары жүзеге асырылуда. Осыған орай, облыс кәсіпорындары да біртіндеп өндірісті цифрландыруға көшуде. Сондықтан IT мамандарын даярлауға 473 орынға мемлекеттік тапсырыс бөлінген. Бұл көрсеткіш былтырғымен салыстырғанда төрт есеге артқан.
Облыстық білім беру басқармасының техникалық және кәсіби білім беру бөлімінің басшысы Қажымұқан Оспанғалиев айтып өткендей, IT – орталықтың Өскемен политехникалық колледжінде ашылуы бекер емес. Құрылғалы 65 жылдың ішінде мыңдаған шәкіртті еңбек нарығына қажетті білікті маман етіп шығарған бұл білім шаңырағы IT мамандарын даярлауды алғашқылардың бірі болып қолға алған еді. Исатай Исин басшылық ететін бұл колледж түлектерінің 95 пайыздан астамы «КЭМОНТ», «Қазцинк», «KEGOC» және тағы да басқа алпауыт өндіріс орындарында тұрақты жұмысқа орналасады. Осындай IT-орталық осыған дейін Семейдегі Электртехникалық колледж базасында ашылған болатын.
Әсем Бекқызы білім беру мекемесінде және өндірісте қатар оқуға бағытталған дуальді оқыту жүйесін дамытуға айрықша тоқталды. Бүгінде өңіріміздегі дуальді оқыту бағдарламасына 46 мамандық бойынша 44 оқу орнымен бірлесе жұмыс істейтін көлік, машина жасау, құрылыс, қызмет көрсету, энергетика, ауыл шаруашылығы, медицина салаларындағы 414 кәсіпорын қатысып отыр. Дуальді білім беру жүйесі бойынша 3356 студент білім алуда.
Үшжақты келісім жасалды
«WorldSkills» халықаралық байқауының облыстық кезеңі биыл үшінші рет өтті. Өңірімізден барған колледж студенттері ұлттық чемпионатта жүлдегер атанып, халықаралық аренада өздерінің кәсіби білім-біліктерін көрсетіп, ел намысын қорғады. Айбек Қабатай «Кірпіш қалаушы» мамандығы бойынша республика чемпионы атанса, Алексей Климков пен Вильгельм Лиманский «Мехатроника» мамандығында үздіктер қатарына енді. Байқау алғашқы жылы жеті мамандық бойынша ғана өтсе, биыл колледж студенттері 31 мамандық бойынша сынға түскен. Бұл облыстағы техникалық және кәсіптік білім беру жүйесінің әлеуеті зор екендігін байқатса керек.
Сонымен қатар, брифинг барысында мамандар даярлау жүйесін еңбек нарығының талаптарына сай әрі қарай дамыту және жетілдіру үшін облыс әкімі Даниал Ахметовтің тапсырмасымен 2018-2021 жылдарға арналған, аймақтық колледждердің бәсекеге қабілеттілігін арттыру бағытындағы кешенді бағдарлама әзірленіп жатқандығы айтылды.
Іс-шара аясында облыстық білім беру басқармасы, жұмыспен қамту және әлеуметтік бағдарламаларды үйлестіру басқармасы мен Өскемен политехникалық колледжі арасында тұрғындарды IT технология мамандықтары бойынша даярлау және қайта даярлауға бағытталған үшжақты ынтымақтастық келісімшартына қол қойылды.
Айжанат Бақытқызы