Ауыл шаруашылығы

Құт қонған Құмкөл

Құт қонған Құмкөл


Бүгінде ауданды толықтай көкөніспен қамтып отырған Құмкөл ауылдық округі биылдан бастап ауыл шаруашылығына қажетті заманауи техникалар сатып ала бастады. Осылайша, қол жұмысын азайтып, жаңа технологиямен өсірілген құмкөлдік бау-бақша өнімдері таяу жылдары олбыс көлеміне шығып қалуы да ғажап емес.

Еліміздің Тұңғыш Президенті Нұрсұлтан Назарбаевтың «Ауыл жылын» жариялағаннан кейін түлеген елді мекендердің бірі – Құмкөл ауылы. Бүгінде екі мыңдай түтіні түтеген ауылда жұмыссыздық деңгейі төмен. Ауылда шағын және орта бизнес жақсы дамыған. Елді мекенде өзінің дүкендері, наубайханасы, тігін цехы, ұстаханасы, шеберханасы мен техника жөндеу орталығы бар. Әлеуметтік сала да осал емес. Атап айтсақ, мұнда екі қабатты жекеменшік балабақша, мәдениет үйі, мешіт, тойханалар, ауылдық абмулатория, мектеп пен жастар орталығы жұмыс істеп тұр.

– Құмкөл ауылдық округінің тұрғындары негізінен мал шаруашылығымен айналысады. Қазір ауылымызда бес ауыл шаруашылығы кооперативі жұмыс істейді. Соңғы жылдары өсімдік шаруашылығын дамытып жатырмыз. Ауылдық округ Тарбағатай ауданын толықтай көкөніспен қамтып отыр. Биылғы жылдың өзінде төрт мың гектар аумаққа көкөністің барлық түрлерін отырғыздық. Шаруашылыққа қажетті заманауи техникалар сатып алынды. Осылайша, қол жұмысы азайып, өнім жаңа технологиямен жиналатын болады. Алдағы уақытта бау-бақша өнімдерін облыс көлеміне шығаруды жоспарлап отырмыз, – дейді Құмкөл ауылдық округінің әкімі Тілеуқабыл Көнекбаев.

Биыл аудан әкімінің бастамасымен ауылдық округ аумағына 630 түп алма ағашының отырғызылғанын айтқан ол болашақта ауыл тұрғындары жемістің осы түрін молайтуды жоспарлап отырғанын жасырмады. Ауыл әкімінің айтуынша, осындай алма бауы ауылдағы екі орта мектептің ботаникалық бағында да пайда болғанын атап өтті.

– Негізгі бағытымыз мал шаруашылығы болғандықтан, «Сыбаға» бағдарламасы бойынша ауыл кәсіпкерлері асыл тұқымды мал басын көбейтуде. Екі бордақылау алаңы ашылса, оның біреуі үш мың басқа арналған. Ауыл азаматтары мал азығын дайындауда да ауқымды жұмыстар атқарып, 500 гектар алқапқа көпжылдық шөп екті. Осының арқасында жемшөп қоры ауылдағы малға да, шаруашылықтарға да жетерлік болды, – дейді Тілеуқабыл Сәкенұлы.
Ауыл инфрақұрылымына Үкімет тарапынан үлкен көмек көрсетілгенін тілге тиек еткен ол аймақ басшысы Даниал Ахметовтің ұйтқы болуымен ауылға бір миллиард теңгенің инвестициясы тартылғанын айтты. Қазір аудан орталығына апаратын күре жолдың 15 шақырымына асфальт төсеу жұмыстары жүргізілуде. Бұдан бөлек, ауылға «Ақбұлақ» бағдарламасы бойынша таза ауызсу тартылуда. Жақында іске қосылуы көзделген жоба аясында 248 үй таза ауызсумен қамтылмақ.

– Үйіңізде ыстық, суық суыңыз болса, қалай қуанбасқа? Береке-бірлігі бекем ауылымыз жеті ықшам ауданға бөлінген. Олардағы тұрғындар барлық шараларға бір кісідей қатысады. Елді мекеннің санитарлық тазалығын да осы ауыл тұрғындарының өздері қадағалайды, – дейді қосты ауыл әкімі.

Қадырбек Кәкімұлы

Тарбағатай ауданы.

Осы айдарда

Back to top button