COVID-19 

Түнгі тексерулер нені көрсетті?

 Біздің облыс – еліміздегі эпидемиологиялық жағдай бойынша сары белдеуде тұрған жалғыз өңір, қалғандары қауіпсіз жасыл белдеуде. Аймақта коронавирус жұқтырғандардың саны күн сайын артуда. Ведомствоаралық комиссияның мәліметтеріне сәйкес, соңғы тәулікте ғана облыста КВИ жұқтырған (28 қазандағы жағдай) 24 науқас  тіркелді. Бұл жолы біз тіпті бірінші орындамыз. Нұр-Сұлтан қаласы мен Шығыс Қазақстанда – 24, Павлодар облысында – 14, Алматы облысында 13 жаңа жағдай тіркелген. Елімізде 28 қазанда, 24 сағат ішінде COVID-ке ПТР тесті оң нәтиже көрсеткен 148 қазақстандық анықталыпты. Пандемия басталғалы республикада 110832 адам осы індетпен ауырды.

Аймақта қауіпті індеттің таралуына тосқауыл қою мақсатында тұрғындар арасында маскалық режимді сақтау, сауда орындарында санитарлық-эпидемиологиялық шаралардың қатаң сақталуын қадағалау үшін құрылған мобильді топтар Өскеменде түнгі рейдке шықты. Белсенділер тексеру жұмыстарын Қабандай батыр көшесінде орналасқан түнгі клуб пен азық-түлік дүкенінен бастады. Облыстық бас санитарлық дәрігердің 16 қазандағы қаулысына сәйкес, азық-түлік сататын дүкендер мен минимаркеттер 22.00-ге дейін ғана жұмыс істеуі керек. Алайда тексерілген алты нысанның барлығы да бұл талапты орындамаған. Кейбір дүкендерде сатушылар қолғапсыз қызмет көрсетіп тұрды. Бір минимаркетте касса аппараты мен тоңазытқыштарда көрсетіліп тұрған уақытты бір сағатқа кейін шегеру сияқты заңсыздық тіркелді.

– Сатушылар бетпердесіз, қолғапсыз жүргені аздай, касса аппаратындағы уақыт кейінге шегерілген. Қазір сағат 22.15, ал аппаратта 21.12 көрсетіп тұр. Біздің мақсатымыз – індеттің таралуының алдын алу, тұтынушылар мен сатушылардың сақтық шараларын орындауын қадағалау, – деді Өскемен қалалық кәсіпкерлік бөлімінің басшысы Ғасан Тұрғамбаев.

Мобильді топ мүшелері тексерген «Антон», «Sandy», «Смирнофф», «Пивнофф» сауда орындарының барлығы түнгі сағат оннан кейін ашық тұрған, ал «Ульба» дүкені тіпті түнгі бірде де қызмет көрсетіп тұр. Қаулыдағы талапты сақтамаған дүкендердің қожайындары – жеке кәсіпкерлердің барлығына хаттама толтырылып, СЭС органдарына жіберілді. Егер бұған дейін мобильді топтар тек түсіндіру жұмыстарымен шектелсе, енді нақты шара қолдана алады. Санитарлық-эпидемиологиялық сақтық талаптарын орындамаған жеке тұлғаларға 83 000 теңге, ал кіші бизнес өкілдеріне 230 000 теңге көлемінде айыппұл салынады.

Мониторингтік топ мүшелеріне есіктерін ашпай қойған нысандар да кездесіпті.

– Red Bulls түнгі клубы, «Березка» сауда орны есіктерін жауып алып, мүлде ашпай қойды. Олардың да жұмыс істеп тұрғаны даусыз. Топ мүшелерінің арасында полиция қызметкерлері болғанына қарамастан, ондай жағдайда ешқандай шара қолдана алмаймыз. Кейбір дүкендердің қызметкерлері де ескертулерге құлақ аспайды. Әрине, олардың барлығына хаттамалар толтырылып, тиісті орындарға жіберілді, – дейді «Шығыс – адалдық алаңы» жобалық кеңсесінің басшысы, топ мүшесі Маржан Бахытқызы.

Мобильді топ мүшелерінің тексеру рейдтері алдағы уақытта да жалғасын табады. Топ өкілдері жұқпалы дерттің таралуына жол бермеу үшін барлық сақтық шараларын орындау қажеттігін тағы да ескертеді.

Дәрі-дәрмекпен толықты

      Өңірде дерттің таралуы өршіп бара жатқандықтан, тұрғындардың қажетті дәрі-дәрмек қоры қандай деп алаңдауы заңды. Сол себепті облыстық сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл департаменті басшысының бірінші орынбасары Жігер Байділдин мен «Шығыс – адалдық алаңы» жобалық кеңсесінің жетекшісі Маржан Бахыт бастаған, құрамында БАҚ өкілдері бар жедел жұмысшы тобы «СК-Фармация» ЖШС-нің Өскемен қаласындағы өңірлік қоймасына арнайы барып, пандемияның екінші толқынына дайындық барысына бақылау жұмыстарын жүргізді.

Департаменттің таратқан баспасөз парақшасынан белгілі болғандай,  аймақтағы 112 медициналық ұйымның тапсырыстары осы бірыңғай дистрибьютор арқылы орындалады. Қойма өкілдерінің сөзіне қарағанда, дәрілік заттар облыстың операциялық қоймасына бірыңғай дистрибьютордың Алматы қаласында орналасқан хабынан келіп түседі. 26 қазанда Өскемен қаласындағы  операциялық қоймаға Алматы қаласы хабынан 175,04 млн. теңгенің 179 позиция бойынша дәрілік заттары жеткізілді. Тауарды қабылдау рәсімі аяқталғаннан кейін (қайта есептеу, құжаттарды тексеру және т.б.), медициналық препараттар шағын көлікпен (термолабильді препараттарды тасымалдауға арналған контейнерлерді қолдана отырып капилярлы жеткізу) облыстың медициналық ұйымдарына таратылады.

Өңірлік қойманың бүгінгі жай-күйімен танысқан Жігер Байділдин дәрі-дәрмектердің толықтығын жіті бақылап, алдағы уақытта сұранысқа ие медикаменттердің емдеу орындарына жеткізілу барысында ешбір кедергілердің болмау қажеттігін баса айтты. Қоғам өкілдерінің қатысуымен осындай жұмысты алдағы уақытта да жүргізу жоспарланып отыр.

Айна Ескенқызы

Осы айдарда

Back to top button