COVID-19 

Тұмау коронавирусқа қарағанда жіті басталады

Қазір барлығымыз үшін бір ғана ауру бар, ол –коронавирус. Басқа ешнәрсе туралы ойлай алмаймыз. Шындығында, бұл – бізді қоршаған көп инфекциялардың бірі ғана. Күнделікті өмірде тағы қандай инфекциялармен кездесеміз, олардың  COVID-19-дан қандай айырмашылығы бар? Біз осы сауалымызды облыстың штаттан тыс бас инфекционист-дәрігері Назигүл Сапарғалиеваға қойған едік.

Назигүл Молдашқызы түсіндіргендей, шығысқазақстандықтарда өткен маусымдарда жедел-респираторлы вирусты инфекцияларға жататын РС инфекциясы, аденовирус инфекциясы, паратұмау инфекциясы тіркелген. Бұлардың барлығы қарапайым сөзбен айтқанда, суық тию, тыныс алу жолдарының қабынуы.

–2019 жылы өңірде 10512 жедел респираторлы вирусты инфекция тіркелсе, 2020 жылы 10109 ЖРВИ анықталды. Маусымдық тұмаудың пайда болатын негізгі мерзімі –қыстың басы. Аймақта әдетте жыл басында, қаңтар айында тіркеле бастайды. Биыл әзірге  тұмау анықталған жоқ, – деді облыстың штаттан тыс бас инфекционист-дәрігері Назигүл Сапарғалиева.

Бас инфекционист-дәрігердің айтуынша, паратұмау (парагрипп) – жедел респираторлы вирусты инфекцияларға жататын, негізінен ларингитке әкеліп соғатын ауру. Парагрипп үшін көмейдің және кеңірдектің қабынуы (катаралды ларинготрахеит), соның салдарынан дауыстың қарлығып қалуы, мұрынның бітелуі, дене қызуының біртіндеп көтерілуі тән.  Дәл осы белгілер ковид кезінде де байқалуы мүмкін.  Ал тұмаудың негізгі белгілері: кенеттен бастың қатты ауыруы, жоғары дене қызуы, жөтел, ал жоғары тыныс алу органдарының қабынуы кешірек, 2-3 тәулікте пайда болады,  интоксикация синдромы қатты білінеді. Қысқаша айтқанда, тұмау коронавирусқа қарағанда жіті басталады.

РС инфекциясын қоздырушы адамның респираторлы-синцитиальды вирусы тыныс алу жолдарын зақымдайды. Бұл көбінде жаңа туған нәрестелерде, балаларда кездесуі мүмкін. Инкубациялық кезең 3-7 күнге созылады. Ауру жіті басталуы мүмкін. Пациенттің дене қызуы  37,5 – 39°, кейде одан да жоғары көтеріледі. Дене қалшылдап, әлсіздік, бейжайлылық, терлеу, бас ауыруы байқалады. Мұрын бітеліп, дене қолмен ұстағанда ып-ыстық болып тұрады. Тыныс алу жолдарының синдромы жөтелден басталады. Алғашқы бір-екі күнде  науқасты құрғақ, ұзақ жөтел қинайды. Асқынған жағдайда, 3-4 күн дем алысы қиындап, кеудесінде сырыл пайда болады. Көбінде кішкене балалар ауыратындықтан, оларда тұншығу, ауа жетпеу кездесуі мүмкін. Сәл ересек балалар кеуде тұсының ауырып тұрғанына шағымданады. Инфекция медикаменттермен емделеді.

Аденовирус инфекциясы кезінде де дене қызуы жоғары болады, тыныс жолдары мен көздердің шырышты қабығы қабынады, лимфа түйіндері ұлғаяды. Ең жиі кездесетін симптомы тыныс жолдарының қабынуы болғандықтан

науқастарға  ринофарингит, ларингит, трахеит, бронхит сияқты диагноздар қойылуы мүмкін.

Бір қарағанда, барлық инфекциялардың алғашқы белгілері ұқсас. Сонда оларды коронавирустан қалай ажыратуға болады?

– COVID-19-ты анықтау үшін міндетті түрде ПТР зерттеуін жүргізу керек. Тұмауды анықтау үшін  қан талдауы жасалады. Ал басқа инфекциялар кезінде ешқандай зерттеулер жүргізілмейді, диагнозды дәрігерлер тек клиникалық белгілеріне қарап қояды, – деп түсіндірді Назигүл Молдашқызы.

Қазір облыста 86 инфекционист-дәрігер бар. Олардың барлығы да аса қауіпті жұқпамен күреске жұмылдырылған.

–Коронавирус инфекциясы өткен ғасырдың 60-жылдарынан белгілі. Бірақ дәл бүгінгідей тыныс алу органдарының қызметінің бұзылуына,  гемодинамиканың бұзылуы салдарынан жүрек-қан айналымы жүйесі қызметінің нашарлауына әкеліп соғатындай асқынулар болмаған. Қазір коронавирус инфекциясы негізінен ішкі органдарды зақымдайды. Сол себепті бұл індетпен күреске барлық бейіндегі дәрігерлер, медицина мамандары тартылды, – деді Назигүл Сапарғалиева.

Айна Ескенқызы

Осы айдарда

Back to top button