Төлеубек Аманғазы, Абай ауданының Құрметті азаматы
– Президент Қасым-Жомарт Кемелұлы Тоқаевтың «Егемен Қазақстан» газетіндегі «Абай және ХХІ ғасырдағы Қазақстан» атты мақаласымен Абай елі, аудан жұртшылығы зор ықыласпен танысып, үлкен қуанышпен қарсы алды.
Мемлекет басшысы өткен жылы ел тізгінін қолына алар тұста Абай еліне арнайы келіп, Жидебайдағы «Абай-Шәкәрім» кесенесіне тағзым етті. Ұлылар мекенінің ақсақалдарынан бата алды. Ұлы бабамыздың 175 жылдығын мемлекеттік жоғарғы деңгейде өткізілуіне бастамашы болды. Ол үшін арнайы мемлекеттік комиссия құрып, үлкен қолдау білдірді.
Ал бүгінгі мақалада Абай философиясының әр қырына ерекше тоқталып, бүгінгі заман ағымына сай Абай мұрасының өміршеңдігін, маңыздылығын мысал келтіре отырып дәлелдеуі – ұлы Абай рухына, оның мол мұрасына деген зор құрмет. Елбасымыз Нұрсұлтан Әбішұлының сарабдал саясатын жалғастырудағы парасаттылығы деп білеміз.
Тұңғыш Президент – Елбасы Нұрсұлтан Назарбаев «Абай сөзі – қазақтың бойтұмары. Абай мұрасы – қазақ халқының ең қасиетті қазынасы» деп атап өткендей, ұлы Абай – адамзаттың Абайы, қазақ халқының қадір тұтар ұлы тұлғасы.
Ұлы бабамыздың 175 жылдық мерейтойын атап өту – барша қазақ баласының, оның ішінде ұлылар туған мекеннің ауасын жұтып, суын ішіп отырған баба ұрпақтары – біздің көкейімізде жүрген ізгі тілек еді.
Өткен жылдан бері, арнайы Жарлығы шыға салысымен баба тойына дайындық жұмыстары басталып кетті. Дайындық барысында бірнеше рет келелі кеңес өткізіліп, осы мерекенің мәні мен маңызына, асықпай-аптықпай, даңғазалыққа жол бермей, келер ұрпаққа ғибрат боларлық мереке ретінде атап өткізілуіне айрықша назар аударылып келеді.
Ұлы ақынның туған жері Сыртқасқабұлақ мекені абаттандырылып, алыс-жақыннан келген меймандарға қолайлы жағдай жасау қолға алынды.
Көптеген уақыт қазақ тарихындағы өз бағасы лайықты деңгейде берілмей келе жатқан, Алаш баласына ұлы Абайдай данышпанды әкелген ұлы дала кемеңгері Құнанбай Өскенбайұлы және әулет ұрпақтары жерленген Ақшоқы мекеніне жөндеу жұмыстары жүргізіліп, игілікті істер жасалуда.
Ендігі кезекте қос алып Абай мен Шәкәрім мәңгілік тыныштық тапқан киелі Жидебай мекеніне ұрпаққа ұлағат, келешекке мирас боларлық игілікті жұмыстар атқару жоспарлары тұр. Бұл да мемлекет басшысы тапсырмасымен өз дәрежесінде жүзеге асатынына сенімдіміз. Бұйырса, тамыз айында ақын мерейтойына орай өткізілетін Шыңғыстаудағы игі шараларға күллі қазақ елі куә болады деген ойдамыз.
Осынау баба тойын мерекелеудегі, қазақ халқының көңіл арнасын Абайға бұрудағы, Абай мұрасына назар аударып, насихаттаудағы қамқорлығы үшін ел Президенті Қасым-Жомарт Кемелұлына Абай елі атынан алғыс білдіргіміз келеді.