Қоғам

Тіл жанашырлары марапатталды

5 қыркүйек – Қазақстан халқының тілдері күні мерекесіне орай  облыстық тілдерді дамыту жөніндегі басқармасының ұйымдастыруымен  ZOOM платформасы арқылы  «Отанымыз ортақ, тіліміз түрлі, тілегіміз бір»  онлайн іс-шарасы  өтті. Тілдер күніне арналған мерекелік шараға облыстың аудан, қалаларындағы этномәдени орталықтардың өкілдері, мәдениет және тілдерді дамыту бөлімдерінің басшылары мен мамандары қатысты.

 Біздің бүгінгі мерекеміз есте қалатын тарихи бір сәтте өтіп отыр. Күні кеше ғана Президент  Қасым-Жомарт Тоқаев «Жаңа жағдайдағы  Қазақстан: іс-қимыл кезеңі» атты халыққа жолдауын жасады. Осындай сын сағатта ынтымағы жарасқан халқымыздың жұдырықтай жұмылған береке-бірлігін мақтан еткен Мемлекет басшысы ұлттың жаңа болмысын қалыптастыруды басым бағыт ретінде белгіледі. Қазіргі міндет халқымыздың жаңа болмысын қалыптастыру, тұтас ұлт сапасын арттыру. Ендеше руханияттың алғы шарты – тіл екені бесенеден белгілі. Олай болса, Мемлекет басшысының бұл міндетін тіл саясатын жетілдіру, мемлекеттік тілдің ұлтаралық қатынас тіліне айналуын жеделдету жөніндегі тапсырмасы деп түсінгеніміз жөн, – деген басқарма басшысы Роза Төлемісова Тілдер мерекесінің халқымыздың бірлігін нығайтатын іс-шара екендігін ерекше атап өтті. Бүгінгі таңда өңірімізде жүзден астам ұлт пен ұлыстың өкілдері тату-тәтті өмір сүріп жатыр. Олардың мәдениетін сақтап, өз ана тілдерін оқып-үйренуі үшін барлық жағдайлар жасалған.  Облыста 14  Достық үйі, 115  этномәдени бірлестік бар.  Шығыс Қазақстан халқының тілдері мен мәдениетін түлету мектебі жұмысын жалғастыруда. Облыстың аудан, қалаларында ұйымдастырылған этнос тілдерін оқыту үйірмелерінде 587 этнос өкілі өз ана тілдерін оқуда.

Тіл мерекесіне арналған осынау іс-шарада мемлекеттік тіл саясатын жүзеге асыруға үлес қосқан жандардың еңбегі де елеусіз қалған жоқ.  Шығыс Қазақстан облысы грамотасымен марапатталғандардың қатарында С.Аманжолов атындағы ШҚУ-нің қазақ, орыс филологиясы және журналистикасы кафедрасының меңгерушісі, филология ғылымдарының кандидаты Сәкен Қасенов, «Nur Otan» партиясының облыстық филиалы төрағасының бірінші орынбасары Олег Чугунков, «Казцинк» ЖШС-нің әкімшілік мәселелер жөніндегі басқармасының  аудармашысы Жұмағазы Игісін бар. Сондай-ақ тағы да бірқатар тіл жанашырлары облыстық тіл басқармасының Алғыс хатына ие болды. Ал облыстық тілдерді дамыту жөніндегі басқармасының басшысы Р.Төлемісова осы іс-шарада  Қазақстан халқы Ассамблеясының мерейтойлық медалін кеудесіне қадады.

-Ахмет Байтұрсынұлының туған күнінде аталып отырған Тілдер мерекесімен құттықтаймын. Қазақстан халықтарының тілі өсіп, өркендей берсін. Тілдерді ұйыстыруда, жақындастыруда мемлекеттік тіліміздің атқарар рөлі орасан зор. Мемлекеттік тіл – Қазақстанда өмір сүріп жатқан барша халықтардың жақындасуының ұйтқысы бола берсін демекпіз, – деп ізгі тілегін білдірді онлайн іс-шарада сөз алған С.Аманжолов атындағы ШҚУ-нің қазақ, орыс филологиясы және журналистикасы кафедрасының меңгерушісі Сәкен Қасенов.

Тіл – қарым-қатынас құралы ғана емес, достық пен бейбітшіліктің де қуатты құралы. Сол үшін де біз барлық халықтың тіліне ерекше құрметпен қарауға тиіспіз деп санайды облыстық орыс мәдени бірлестігінің төрайымы Вера Правдина.

Мейрам Екпін

 Мақала облыстық тілдерді дамыту жөніндегі басқарманың тапсырысымен әзірленді

Осы айдарда

Back to top button