ІТ-форум жыл сайын өткізілетін болды

Өскеменде алғаш рет «Digital East – Болашаққа қадам» республикалық ІТ-форумы жұмысын бастады. Аталған іс-шара «Рухани жаңғыру» және «Цифрлық
Қазақстан» мемлекеттік бағдарламаларын іске асыру аясында ұйымдастырылып отыр.
Форумның негізгі мақсаты Елбасы Жолдауындағы басты міндет – халықтың өмір сапасын арттыруға бағытталған үздік ІТ-шешімдерді анықтау және оларды гранттар арқылы қолдау болмақ.
Байқау қорытындысы шығарылған жиынға облыс әкімі Даниал Ахметов қатысып, жеңімпаздарды құттықтады, барлық қатысушыларға сәттілік тіледі.
– Елбасымыз айтқандай, өмірдің барлық салаларын тұтас цифрландыру, ақпараттық технологияларды енгізу заман талабы, күнделікті қажеттілік болып отыр. Осыған орай біз «Цифрлық Қазақстан» бағдарламасының аясында «Цифрлық Шығыс» бағдарламасын әзірлеп, оны нақты іске асырып жатырмыз. Салаға жаңа мамандар даярлауды мектептерден бастауды жөн деп таптық. Биыл облыс мектептерінде 277 ІТ-сынып ашқан болатынбыз. Енді келесі жылы мұндай сыныптар өңірдегі барлық орта мектептерде құрылмақ, олардың саны – 662. Сонымен қатар, өз жұмысын бастап отырған аталмыш форумды жыл сайын дәстүрлі түрде өткізуді ұйғарып отырмыз. Екінші форумда қатысушылардың саны еселеп артуы тиіс, – деді өз сөзінде аймақ басшысы.
Конкурсқа қатысу туралы түрлі компаниялардан өтінімдер мен старт-ап әзірлемелер көптеп түскен екен. Форум қорытындысы бойынша ең үздік деген 6 ІТ-шешім іріктеліп алынып, олар арнайы гранттармен марапатталды. Атап айтсақ, медицина саласында «Senymmed» ЖШС, геоақпараттық жүйес саласында «ГеоКом Астана» ЖШС және «Геоинфо» ЖШС, мәдениет саласында ШҚМТУ, тұрғын үй-коммуналдық шаруашылық саласында «Рейтинг» ЖШС, агросалада «AV Software» ЖШС жеңімпаз атанды. Мамандардың пікірінше, «Senymmed» ЖШС-нің «Сенімді дәрігер» қызметтерді қашықтан көрсету жобасы және техникалық университет ұсынған мұрағаттардағы материалдарды цифрлық форматқа көшіру жобасы бүгінгі таңда айрықша маңызды.
Сондай-ақ, мектеп оқушылары мен студенттер тарапынан байқауға 10 жоба ұсынылыпты. Қазылар алқасы олардың бәрін де тиімді деп танып, үш жобаға жүлделі орындар берген. Олар – өрт қауіпсіздігін қамтамасыз ететін «Файр Шэл» және ауыл шаруашылығына қатысты «Омарташы», «Ақылды жылыжай» жобалары. Бірақ ұйымдастырушылардың өтініші бойынша, облыс әкімі гранттарды барлық он жобаға да беруге келісті.
– Әлбетте, бәсекелестік ұстанымы болуы керек. Үздік деп танылған үш жобаға ғана грант бөлу әділетті болар еді. Алайда, егер жобалардың бәрі де сіздер айтқандай тиімді әрі келешегі зор болса, жастардың жолын ашып, қолдау көрсетейік, – деді бұл ретте Даниал Ахметов. Жастар аймақ басшысының шешімін қуана қабыл алды.

Жиында сөз алған Татарстаннан келген «Градиент Килби» серіктестігінің техникалық директоры Константин Соснов ұсынылған жобалардың сапасын жоғары бағалап, бірлесе жұмыс істеуге ниет білдірді, ал «Нұр Отан» партиясы Төрағасы бірінші орынбасарының кеңесшісі, «Жас бағдарламашылар» бірлестігінің жетекшісі Азиза Шөжеева цифрландыру саласына көрсетіп отырған жан-жақты қолдауы үшін облыс басшылығына ризалығын білдіріп, Даниал Ахметовке жастар атынан «Digital Forever», яғни «Цифрландыру мәңгі» және «Өміріңді бағдарла – болашағыңды бағдарла» жазулары бар свитерді тарту етті.
Пленарлық отырыс соңында іс-шара өткен Д. Серікбаев атындағы ШҚМТУ мен татарстандық «Иннополис» жоғары технологиялар қалашығымен өзара әріптестік меморандумына қол қойылды.
Ержан Әбіш