Қоғам

«Сіздің болжамыңыздың» жеңімпаздары анықталды

«Сіздің болжамыңыздың» жеңімпаздары анықталды
Жуықта мәреге жеткен Ресейдегі доп додасы кезінде «Дидар» газетінің оқырмандары да өзара бәсекеге түскен болатын. Тек, доп тебуден емес, болжам жасаудан.
Естеріңізге салайық, 14 маусым мен 15 шілде аралығында өткен футболдан 21-ші Әлем біріншілігі кезінде газетіміздің оқырмандары арасында «Сіздің болжамыңыз» атты байқау ұйымдастырғанбыз.
Аталмыш байқаудың шарттары бойынша қатысушылар әлі ойналмаған ойындардың есептерін дәл табуы тиіс болатын (мәселен, 3:0, 0:1, 2:2). Сайыстың алғашқы күнінен оқырмандарымыз асқан белсенділік танытып, ватсабы бар телефон нөмірімізге жауаптарын қарша боратты. Қатысушылардың ішінде Өскемен мен Семей сияқты ірі шаһарлардың тұрғындарымен қатар, облыс аудандарынан, шалғайдағы елді мекендерден хабарласқан жерлестеріміз де болды. Әсіресе кез келген жаңа жобамызға үн қосып, қолдау көрсетіп жүретін Тарбағатай, Зайсан, Ұлан сияқты аудандардағы халықтың ықыласын атап өткеніміз орынды.
Жалпы, газетіміздің оқырмандары арасында мұндай байқау алғаш рет ұйымдастырылғандықтан, бастапқыда көңілде біраз күдіктің болғаны да рас. Дегенмен, жылдар бойы «Дидармен» дидарласып келетін оқырмандарымыз бұл жолы да бізді қуана қолдап, жаңа бастамамызды бірден іліп әкетті. Жоғарыда айтқанымыздай, ватсап нөмірімізге жан-жақтан жүздеген көлеміндегі хат келіп түсті. Оның ішінде дұрысы да, бұрысы да болды. Енді солардың үздіктеріне тоқталайық.
Бұл жолғы сайысқа облысымыздың түгелге жуық аудан-қаласының өкілдері қатысқанымен, доп додасының матчтарына дәл болжам жасай алған оқырмандарымыздың саны саусақпен санарлықтай ғана болды. Мәселен, Бақытжан Махин (Бородулиха ауданы, Михайличенково ауылы – Швейцария – Коста-Рика 2:2), Мұрат Бақытбек (Өскемен қаласы – Нигерия – Аргентина 1:2), Кәрібек Шопатов (Тарбағатай ауданы, Ақжар ауылы – Сербия – Бразилия 0:2), Бекболат Тоқтар (Семей қаласы – Швеция – Англия 0:2) және Төлеген Қайнаров (Катонқарағай ауданы, Катонқарағай ауылы – Ресей – Мысыр 3:1) есімді байқауға қатысушылар бір ойынның есебін дәл таба білген.
Оқырмандарымыздан дұрыс жауаптары бойынша төрт-ақ адам оза білді. Олардың төртеуі де «Шығыс Ақпарат» ЖШС басшылығы тағайындаған жүлделерге ие болды. Атап айтсақ, үшінші орынға (бес мың теңге) Ұлан ауданының Герасимовка ауылында тұратын Альбина Есімханова мен Зайсан ауданының Көгедай ауылынан хат жолдаған Нұралы Базаров ие болды. Аталған оқырмандарымыздың әрқайсысы үш матчтың есебін дәл тапқан. Мысалы, А.Есімханова Сербия – Бразилия (0:2), Англия – Бельгия (0:1) және Уругвай – Португалия (2:1) ойындарының есептерін дөп басып айтса, Н.Базаров Германия – Швеция (2:1), Панама – Тунис (1:2), сондай-ақ Сербия – Бразилия (0:2) кездесулерінің нәтижесін айна-қатесіз болжай алған.
Байқаудың екінші орны мен 10 мың теңге көлеміндегі жүлдеге Жарма ауданы, Әуезов кентінің тұрғыны Сағынбек Ахметжанов иелік етті. Аталған оқырманымыз Бразилия – Коста-Рика (2:0), Сербия – Швейцария (1:2), Германия – Швеция (2:1) және Сербия – Бразилия (0:2) матчтарының қандай есеппен, кімнің пайдасына аяқталатынын таба білген.
Ал «Сіздің болжам» атты байқауымыздың бас жүлдесіне (15 мың теңге) Глубокое ауданының Солнечный кентінде тұратын Бақыт Есімханова есімді оқырманымыз лайық деп танылды. Бұл оқырманымыз бес бірдей кездесудің есебін дәл тапқан. Әсіресе, Колумбия мен Англия құрамалары арасындағы плей-офф кезеңі ойынының негізгі және қосымша уақыттары 1:1 есебімен тең аяқталып, матч соңындағы пенальтилер сериясында ағылшындардың жеңіске жететінін тура болжауы аталған қатысушының бойында қандай да бір көріпкелдік қасиеті бар екендігін танытқандай. Сонымен қатар Б.Есімханова Сербия – Бразилия (0:2), Англия – Бельгия (0:1), Уругвай – Португалия (2:1) және Хорватия – Англия (2:1) кездесулерінің нәтижелерін дөп басып айта білген.
Осылайша, Әлемдік доп додасымен бірге бір айға созылған біздің сайысымыз да өз мәресіне жетті. Осы уақыт ішінде бізге хат жолдап, ерекше белсенділік танытқан жерлестерімізге алғыстан басқа айтарымыз жоқ. Өз кезегінде «Дидар» газетінің редакциясы оқырмандары арасында мұндай сұранысқа ие байқауларды алдағы уақытта да ұйымдастырып отыруға уәде береді.

Сәрсен Қабылым

Осы айдарда

Back to top button