Қоғам

Сіз де әлеуметтік желідесіз бе?

Сіз де әлеуметтік желідесіз бе?


Қазір үйде отырып-ақ әлемнің кез келген түкпіріндегі адаммен әп-сәтте хабарласа аласыз. Байланыстың түрі де көп. Телефонмен, интернет арқылы тікелей сөйлесе бересіз. Бұл бүгінгі озық технологияның мүмкіндігі.

Бүгінгі таңда интернет жастардың басты ермегіне айналды. Кез келген уақытта, интернет желісімен қамтылған кез келген жерде қосылып, виртуалды әлемде жүретіндер көбейді. Қолымыз босай қалса, ұялы телефонға телміре қалатынымыз рас. Бұл тіпті, кейбіреулердің өмірлік кредосына айналған. Адамдарды, оның ішінде әсіресе, жастарды телефонға жіпсіз байлаған – әлеуметтік желі. «Кім маңызды ақпарат пен танымалдылыққа ие, сол әлемді билейді» деген тәмсіл әлеуметтік желіге бағыштап айтылғандай.

Бір қызығы, әлеуметтік желіде мың досы бар жандардың шынайы өмірде сыр бөлісетін бір де бір досы болмауы мүмкін. Бірақ көпшілігі бұған өкінбейді. Виртуалды әлемдегі өзі суретін ғана көрген достарымен сөйлесіп, солардың білдірген пікірлеріне марқайып жүретіндер айналасындағы адамдармен, тіпті, жақындарымен араласудан қалып барады. Ауылды қайдам, қазір қалада қалта телефонына телмірген жұрттан көз сүрінеді. Автобусқа кірсеңіз, мекемеде кезек күтіп тұрсаңыз, дүкенге сауда жасауға барсаңыз, қысқасы, барлық жерде әлеуметтік желінің шырмауына шырмалғандар. Оның үстіне мобильді интернет деген жақсы болды.

Әлеуметтік желінің қолданыс аясы күн санап өсіп келеді. Мәселен, еңбектеген баладан, ересектерге дейін жанына жақын кумирінің әлеуметтік желідегі парақшасына тіркеліп, құдды күнделікті қасында жүргендей сезінеді. Сезінбеске амал жоқ, өйткені, дәл сол кумирі күнді қалай атырып, кешті қалай батыратынын, қайда барғанын, не киім кигенін, тіпті, қандай тамақ ішкеніне дейін фотосуреттермен көмкеріп отырса…

Соңғы статистикалық мәліметтер инстаграмм (әлеуметтік желі) парақшасындағы көп оқырманы бар өнер жұлдыздарын анықтап берді. Бұл көшті бастап тұрған талай әншінің бағын ашып, бағдаршы болған белгілі продюсер, отандық шоу-бизнестің мүйізі қарағайдай өкілі Баян Есентаева. Аса танымалдылыққа ие Баян ханымның миллионнан аса оқырманы бар. Көбі жастар. Өйткені, ол жастардың талғамына сай жұмыс атқарып, танымалдылыққа ие болды. Сөз жоқ, бұл қажырлы еңбектің жемісі. Өзі де сөзі де келісті ханым көпшілік бойжеткендерге өз парақшасында ақыл-кеңесін ұсынып, сұрақтарына жауап беріп, сән әлемінде, шоу-бизнесте болып жатқан жаңалықтармен бөлісіп отырады. Бұл әрине бой түзеп келе жатқан қыздардың бүгінгі заманның талап-талғамына сай киініп, күтінуіне септігін тигізеді.

– Өз басым Баян ханымның парақшасына тіркелгенмін. Анда-санда кіріп, парақтап қоямын. Ол жерден мен сәнге айналған брендті киімдердің үлгілерін көріп, қалай үйлесімді киінуге болатынын үйренемін. Сонымен қоса, қазақ эстрадасы жұлдыздарының парақшаларына да бас сұғып, жаңалықтарын оқып, бейнеклиптерін тамашалап, әндерін тыңдап тұрамын, – дейді студент Саягүл Семейхан.

Алайда, әлеуметтік желіге тіркелгендердің бәрі бірдей жастарға орынды ақыл-кеңес беріп, үлгі-өнеге көрсетпейтіні шындық. Онда салынған кейбір бейнероликтер мен фотосуреттер, жазбалар жастардың психологиясына кері әсер етіп жатады. Кейінгі кездері қоғамда жиі кездесіп қалатын суицид, педофилия, экстремизм сияқты толып жатқан жағымсыз әрекеттерге жетелейтін дүниелер осы ғаламтор бетінде ұшырасады.

Өткен жылдың соңында Тараз қаласында өзін-өзі өртеп жіберген жас жігіттің бейнетаспасын санаулы сәтте әлеуметтік желілер арқылы миллиондаған адам көрді. Артынша мұндай өзін-өзі өртеген жантүршігерлік оқиғалар Қостанай, Семей, Атырау секілді еліміздің бірқатар қалаларында қайталанды. Бұл нені білдіреді? Мамандардың айтуынша, интернеттен өз-өзіне қол жұмсаған жағдайларды көрген адамдар, әсіресе, оң-солын дұрыс тани қоймаған жастар күні ертең өзінің басына қиындық түскенде сол әрекетті қайталауы әбден мүмкін.

– Таяқтың екі ұшы сияқты әр нәрсенің екі жағы бар. Сондықтан әлеуметтік желілерді керек немесе керек емес деп кесіп айтуға болмайды. Мұның жақсы жағы да, жаман жағы да бар. Әлеуметтік желі адамдарды ортақ аудиторияда біріктіреді. Тіпті, кейде пікірталас тудыруға, жаңа¬лықтарды талқылауға мүмкіндік береді. Жылдам ақпарат алмасуға, таным көкжиегін кеңейтуге көмектеседі. Сол сияқты адамдардың суицидке баруына, эктремистік әрекеттер мен қылмыстар жасауына ықпалын тигізеді. Керек десеңіз, экстремизмге немесе басқа да теріс әрекеттерге үгіттейтіндер қазіргі күні көбінесе әлеуметтік желілерді пайдаланатыны расталған. Өйткені, әлеуметтік желілер адамның психологиясы тез әсер ететін құралдардың бірі, – дейді психолог Ермек Құрманғалитегі.

Бәлкім, бүгінгі күннің ермегі болып отырған әлеуметтік желі ертеңгі тарих болып қалар. Алайда күні-түні әлеуметтік желіден лайк жинаймыз деп, лайықты өмір сүруден жаңылып қалмасақ игі еді.

Гүлден Шәкәрімова

Осы айдарда

Back to top button