Сықырлатып қар басып, сырғанақ тепкенге не жетсін!
Жаңажылдық мерекенің қызуы тарқағанмен, қыстың қызығы енді басталды балалар үшін. Әсіресе, алты ай мезгіл ақ көрпесін қымтанып жататын біздің өңірде «кәрі құданың» базарлығы бала біткенді бақытқа кенелтіп, ерекше еліктіретіні белгілі.
Қысқы демалыстың қызықты өтетіндігі сондықтан болар. Екінші тоқсанды еңсеріп, сабақтан бір сәтке қолдары босаған оқушылардың сықырлатып қар басып, сырғанақ тебетін, аязға домбығып, аққала соғатын белсенділігі де осы кезде көрінеді. Сонау уақыттан үзілмей келе жатқан бұл көрініс биыл да қапысыз қайталануда. Облыстың қай қаласына, қай ауылына барсаңыз да аяқтарына коньки киіп, шаңғы байлаған, одан қалса қолшана сүйреткен балдырғандар көзге түседі бірден. Олардың бос уақыттарын тиімді өткізулері үшін жауапты орындар да барын салуда.
Бүгінгі күні аймақтың елді мекендерінде салынған 230-дан астам хоккей қорабы, ондаған мұз қалашықтар, қардан соққан тамаша мүсіндер мен алып сырғанақтар, жалтыраған мұз айдындар соған дәлел. Кейінгі төрт-бес жылдың ширегінде аудан-қалаларда хоккей қораптарының көптеп ашылуы аталған спорт түрінің бұқаралық сипатқа ие болуына ықпал етті. Нәтижесінде бұрын өзге ұлттың өкілдері, онда да орыстар ғана ойнаған шайбалы хоккейді енді өзіміздің қарадомалақтар да еркін меңгеріп алды. Тіпті, араларынан таланттар шоғыры шоқтай жанып көріне бастады. Айталық, Тарбағатай ауданының өзінде ғана елу хоккей қорабы бар. Елуіншісі өткен жылдың соңында ашылды.
Сол секілді Үржар, Күршім, Бородулиха, Зырян, Жарма, Ұлан, Зайсан, Бесқарағай және басқа да аудандардың әрқайсысында он-он бестен хоккей қораптары салынып, бұқараның игілігіне қызмет етіп тұр.
Бесқарағай ауданы бойынша қазіргі күні 16 хоккей қорабы мен 14 мұз айдыны құйылып, 21 сырғанақ жасалған. Аудандық білім бөлімінің ұйымдастыруымен ағымдағы жыл басынан бері оқушылардың қысқы демалысын тиімді өткізу, салауатты өмірді насихаттау бағытында бірқатар шаралар жоспарланған.
– Қысқы спорт түрлерін кеңінен насихаттап, өскелең ұрпақтың денсаулығын нығайту мақсатында аудан әкімі Нұржан Тоқсейітов әлеуметтік жағдайы төмен отбасылардың балалары үшін бюджеттен екі миллион теңге қаражат бөлді. Соның арқасында біраз оқушымыз «Елім-ай» демалыс базасында екі күн бойы тынығып қайтты. Оған қоса ауданның мектеп оқушылары арасында хоккей турнирі, шаңғымен жүгіруден, мұзда сырғанау және билеуден жарыстар өткізілуде, – дейді Бесқарағай аудандық білім беру, денешынықтыру және спорт бөлімінің басшысы Күмісжан Тастенбекова.
Аудандарды айтпағанда Өскеменнің өзінде жыл он екі ай істейтін үш бірдей жабық хоккей модулі мен ашық аспан астындағы бірнеше мұз айдыны бар. Осыған мектептердің ауласында құйылған шағын мұз алаңқайларын қосыңыз.
– Қазіргі күні облыс орталығында үлкен үш мұз айдыны құйылды. Олар: Комсомол аралында, «Алтай» стадионы мен «Металлург» саябағында орналасқан. Ауа райының қолайсыздығы, яғни, күннің жылы болуы мұздың сапасына әсер еткенімен, ол жерлерге келушілер қатары аз емес. Негізінен қысқы каникул кезінде оқушылар, студент жастар көп келеді. Барлық мұз айдындарында конькиді жалға беретін дүңгіршектер жұмыс істейді, – дейді Өскемен қалалық денешынықтыру және спорт бөлімінің басшысы Алмас Атаев.
Рас, қысқы сейіл-серуенге ықыластылар қарасы толастамай тұр. Қаланың қым-қуыт тіршілігінен бір сәт бой жазу үшін Комсомол аралына, «Алтай» стадионы мен «Металлург» саябағына ағылатын адамдардың көптігі сонша, кейде тіпті сыймай қалып жатады. Коньки жетпей, кезек күтіп тұрғандарды да көзіміз көрді. Мәселен, Комсомол аралында балаларын коньки тебуге әкелген ата-аналар кісі қарасының көптігінен отыратын орын таппай қиналып қалатыны бар. Жауапты орындар мұз алаңдарын жасағанда осы жағын ескерсе екен.
– Жібек маталар комбинаты ықшамауданында тұрамын. Бір қыз, бір ұлым бар. Кешке жұмыстан кейін әйелім екеуіміз балаларды алып сергіп қайту үшін Комсомол аралына барамыз. Қазір каникул ғой. Балалар да емін-еркін демалады, сырғанақ тебеді. Бәріміз де тынығып қаламыз. Ең бастысы, осындай тамаша орынның қаланың ішінде болуы, – дейді Әділбек есімді Өскемен қаласының тұрғыны.
Сондай-ақ, Комсомол аралында жалпыға қолжетімді шаңғы жолы мен қардан үйіп жасалған үлкен сырғанақ бар. Шаңғы мен шананы дүңгіршектерден жалға алуға болады. Сырғанақтың қызығын көбінесе кішкентай балалар көрсе, үлкендер жағы шаңғымен жүгіруді жөн санайды екен.
– Конькиді бір сағатқа жалға алу бағасы – 500 теңге. Алушылар көп. Кешке қарай жетпей қалатын кездер де болады. Қала басшылығы балалардың жайлы демалысы үшін қолдан келген жағдайдың бәрін жасауда, – дейді Комсомол аралындағы конькиді жалға беретін дүңгіршектердің иелері.
…Технологияның тегеуріні бет шыдатпай тұрған мына заманда балаларды компьютердің «құлдығынан» бір құтқарса, қыстың қызығы құтқарар. Телефонға телміріп, интернеттің иірімінде тұншыққанша бір сәт сыртқа шығып, аязды күні ақ қырау болып сырғанақ тепкенге не жетсін шіркін! Ұлпа қарды сықыр-сықыр басып шаңғымен жүрудің, жалтыр мұзда жұлдыздай ағып конькимен сырғанаудың өзіне ғана тән өзгеше рахаты бар ғой. Тәубе, қазіргі жастарымыз мұны сезініп, түсіне бастаған сияқты.
Серік Құмарғалиұлы