Сырты бүтін, іші түтін

Қымбаттығынан өтпей қалған ба, әлде сұраныстың жоқтығынан керексіз болып жатыр ма? Облыстағы сауда орындарында сақтау мерзімі әлдеқашан өтіп кеткен азық-түліктер көбейіп барады. Өткен ақпан айында облыстағы қоғамдық денсаулық сақтау мекемелері тұтынушыларға сақтау мерзімі өтіп кеткен тамақтардың сатылуына байланысты бірнеше жағдайды анықтаған. Мамандардың айтуынша мерзімі өтіп кеткен өнімдердің ішінде әсіресе, кәмпит, печенье, пряник, баранка, шоколад батондары сияқты кондитерлік өнімдер өте көп кездесіп отыр.
ТӘТТІЛЕРДІ АБАЙЛАП САТЫП АЛЫҢЫЗ
Бұл тәттілерді тұтынушылар балаларға арнап сатып алатынын ескерсек кішкентай сәбилердің әлсіз ағзасына олардан келер қауіп-қатердің, зиянның қандай екені айтпаса да түсінікті болар.
Сауда орындары нысандарына 2019 жылдың екі айында жүргізілген тексерулер кезінде сондай-ақ бөтелкедегі минералды сулардың да сақталу мерзімі өтіп кеткендігі анықталған. Мысалы, тексеру кезінде белгілі болғандай, Семей қаласындағы «Роза» дүкенінде сатылып жатқан Алматыдағы «Serebro profit» ЖШС-нің «Серебряная» артезиан суының, Күршім ауылындағы дүкен сөресінде тұрған «Старый источник «Водная компания» ЖАҚ-ның «MTABI» асханалық минералды суларының сақтау мерзімі әлдеқашан өтіп кеткен болып шыққан.
Ақпан айында облыстың қоғамдық денсаулық сақтау мамандары 79 қоғамдық тамақтану, сауда нысаны, дәріхана өнімдеріне тексеру жүргізіп, зертханалық тексеруге алынған 492 сынаманың 64-інен техникалық көрсеткіштер сәйкессіздігін анықтаған.
Алтай қаласындағы «Родничок» дүкенінде сатылып жатқан Семейдегі «Русские», «СемСмак» шағын кәсіпорындарының тұшпараларынан, Семей қаласының «Мичуринский» дүкенінде сатылып жатқан «Қалиханұлы» ЖК-ның «Айша» сүтінен, Шемонайхадағы «Улыбка» дүкенінде сатылып жатқан Өскемен құс фабрикасының бройлер балапаны өнімінен, осы дүкендегі қарағандылық «ЕвразияанФудс»-тың «Сливочные берега» өнімдерінен микробиологиялық көрсеткіштер бойынша сәйкессіздік анықталып, өнімдер түгел саудадан алынған. Өнімдерді өндірушілермен, жеткізушілермен кемшіліктерді жоюға байланысты шаралар жүргізілуде.
Мамандардың айтқанындай, тамақ өнімдеріндегі белгіленген ережеге сәйкес болмаған техникалық регламент көрсеткіштері негізінен өнімді маркілеудегі сәйкессіздіктер болып отыр. Тексеру барысында нан, ұн өнімдерін шығарушы «Восток-Нива», «Элит»-ЖШС мен Семейдегі пакет шығаратын «Вотчель ЖК»-іне өз өнімдерін техникалық көрсеткіштер талаптарына сай орау, маркілеу талабы қойылып, кемшіліктер түзетілген.
Биылғы екі айда жүргізілген тексеру барысында азық-түлік өнімдерін сату, сақтау, өндіру тәртіптерін бұзу деректеріне байланысты 11 әкімшілік айыппұл салынып, 15,43 келі азық-түлік тәркіленген.
СӨРЕДЕН АЛЫНЫП ТАСТАЛҒАННЫҢ КӨБІ ШЕТЕЛ ТАМАҒЫ
Облыстық қоғамдық денсаулық сақтау департаментінің басшысы Ғазез Сүлейменовтің айтуынша 2018 жылы өңірде 5386,16 келі жарамсыз азық -түлік жойылған. Оның үштен бірі немесе 1654,92 келісі қазақстандық өнім болса, 60 пайыздан астамы шетелдерден әкелінген өнімдер екен. Жарамсыз болып шыққан тамақ өнімдерінің 56 келісі ет және ет өнімдері, 58 келісі құс еті мен жұмыртқа өнімдері, 930 келісі балық және балық өнімдері, 518 келісі кондитерлік өнімдер, 81 келісі консервілер, 97 келісі астық, ұн өнімдері.
Адам өміріне ғана емес, жануарларға, қоршаған ортаға да қауіп төндіретін азық-түлік өнімдерін тексеріп, жоюды аудандар мен қалалардағы қоғамдық денсаулық сақтау басқармаларында құрылған арнайы комиссия жүзеге асырады. Комиссия құрамында басқарма мамандары, ауыл шаруашылығы аймақтық инспекцияның ветеринарлық инспекторлары, шағын және орта бизнес кәсіподақтары өкілдері, Ертіс экологиялық департаменті мамандары бар.
Осы комиссияның жүргізген сараптамалары нәтижелері бойынша тамақ өнімі нормативтік құқықтық, нормативтік актілердің талаптарына сай болмаса және қауіпті деп танылса өнім комиссиялық жойылуға жатады.
-Былтыр облыста сақтау мерзімі өтіп кеткен балық өнімдері де анықталды. Глубокое аудандық комиссиясы шешімімен Предгорное ауылының мал өлекселерін тастайтын орынға 930 келі плотва балығы өнімдері көмілді. Өскеменде 7,8 келі «Индира» шайы мен «Айдони» маркілі 494 келі шақпақ қант жарамсыз екені анықталып, тамақтар «Өскемен спецкоммунтранс» ЖШС-нің полигонында механикалық жолмен тапталып, жойылды. Өскеменде 3516,16 келі Чехияда өндірілген тамақ өнімі -көкнәр (мак) тиісті талапқа сай болмауына байланысты «Май» АҚ қазандығында өртелді, -дейді сөреден алынған сапасыз өнімдердің бәрі арнайы орындарда жойылатынын айтқан қоғамдық денсаулық сақтау департаментінің маманы Гүлнар Қалибасова.
Аймақтағы тамақ өнімдерін шығаратын нысандарды, сауда орындарын ерекше тәртіппен жоспардан тыс тексеру барысында басқарма мамандары өткен жылы 940 келі тамақ өнімдерін саудадан алғызып тастаған. Себебі олардың бәрінің сақталу мерзімі өтіп кеткен. Кейбір өнімдер маркіленбеген және оларда өнімнің қауіпсіздігін қамтамасыз ететін ілеспе құжаттары болмай шыққан. Мерзімі өткен өнімді саудалауға байланысты 29 хаттама толтырылып, 27 ұйғарым жазылған. Тексеру қорытындысында кәсіпкерлерге 1012555 теңгенің айыппұлы салынып, бір әкімшілік іс сотқа жолданған.
ЕНДІ КҮТПЕГЕН ЖЕРДЕН КЕЛІП ТЕКСЕРЕ АЛАДЫ
Еліміздің Денсаулық сақтау министрлігі эпидемиологиялық маңызы жоғары нысандарды күтпеген жерден келіп тексеру туралы ережелерге өзгерістер мен түзетулер енгізу тәртібін жасауда. Қазіргі кезде тамақ өндірушіні, асхана болсын, дәмхана болсын, кез-келген қызмет көрсетушіні қоғамдық денсаулық сақтау мамандары тек жоспарлы түрде ғана тексере алады. Оның өзінде нысандарға бірнеше ай бұрын хабарландыру жіберіп қана бара алады. Енді асханалар мен кондитерлік өнім өндіретін кәсіпорындардың бәрі де аяқ астынан, кенеттен тексерілетін болады. Олардың ішінде мектептегі асханалар, мейрамханалар, дүкендер де бар. Жуықта Премьер-Министр Асқар Мамин Мәжіліс депутаттарының сауалдарына жауап беру кезінде осындай ақпаратты айтты. Егер тиісті өзгерістер енгізілсе, елдің астан улану, ұшынуының алдын-алу мүмкіндіктері әлдеқайда артары анық. Түзетулер «Халықтың денсаулығы және денсаулық сақтау жүйесі туралы» кодекске енгізілмек. Жаңа заң Мәжіліс талқысына биылғы жылдың екінші тоқсанында келіп түсуі тиіс.
Қолданыстағы заңға эпидемиологиялық маңызы жоғары нысандарды кенеттен, күтпеген жерден тексеру қағидаттарын белгілеуде тамақ өнімдерін сатып алуда және камералды бақылауда тексеру жүргізілетіні туралы алдын-ала хабарлау нормасын алып тастай отырып, өнімдерді, тауарларды маркілеуде техникалық регламенттер талаптарын бұзған жағдайда күтпеген жерден тексеру жүргізу нормасы енгізіледі.

2018 жылдың қазанынан бастап әкімшілік құқық бұзушылық туралы кодекстің 425-інші бабындағы халықтың санитарлық-әлеуметтік ахуалы саласының, гигиеналық норма талаптарын бұзу санкциялары да қатайтылып, айыппұлдар көлемі көбейтіліп отыр. Қазір адамдардың жаппай улануы мен ауруын тудырмаған абайсызда орын алған заңбұзушылық үшін жеке тұлғаларға салынатын айыппұл 30 АЕК, лауазымды тұлғаларға, коммерциялық емес ұйымдар мен шағын кәсіпкерлік субъектілеріне салынатын санкция 230, орта кәсіпкерлік субъектілеріне салынатын айыппұл 310, ірі кәсіпкерлік субъектілеріне салынатын айыппұл 1600 АЕК-ті құрап бұрынғыдан бірнеше есеге көбейтілді. Бұл да сырты бүтін іші түтін астан, түрлі жұқпалы аурудан адамдардың зардап шекпесі үшін, халықты қорғау үшін жасалып отырған оңды, тиімді шара.
ЕРТЕ ПІСКЕН ӨНІМДЕ НИТРАТ КӨП
Көктем-жаз мезгілінде күннің шуағы молайып, еңбек демалысы, табиғат аясында жаппай демалу кезеңі басталатындықтан бұл уақыт тағамнан улану, жіті-ішек инфекцияларының көптеп таралу кезеңі деп те саналады. Жұқпалы аурулардың таралуының негізгі себептері: көкөніс-жеміс өнімдері, бақша өнімдерінің сауда орындары болып табылмайтын кез келген жерлерде бей-берекет сатылуында.
Болат Қуанышбеков, облыстық қоғамдық денсаулық сақтау департаменті» РММ басшысының орынбасары:
-Сауда орны болып белгіленбеген кез келген жерлерде, көше бойында сатылатын ет, балық, жұмыртқаны сатып алмаңыздар, өйткені сатушыда аталған шикізаттардың қауіпсіздігін растайтын ветеринарлық құжаттары болмайды. Осы жерде ескерте кететін жайт, ет арқылы аса қауіпті инфекциялық сарып (бруцеллез) ауруы, балық арқылы – ботулизм, жұмыртқа арқылы – сальмонелла инфекциялық ауруларының таралу қаупі бар. Бұл өнімдерді санитарлық ережелердің салқындату, сақталу, сатылу шарттары талаптарына сай, тиісті технологиялық жабдықтамалармен қамтамасыз етілген арнайы сауда орындарынан, базарлардан алғаныңыз жөн, өйткені аталған орындарда ветеринарлық қадағалау жүргізіліп, қауіпсіздігін растайтын ветеринарлық құжаттар беріледі.
Көкөніс-жеміс, бақша өнімдері біздің өңірге пісетін уақытынан ерте мезгілде тасымалданып, саудаланатындықтан, бұл өнімдерде тыңайтқыштың (нитраттың) қалдық мөлшері нормаға сай келмей, нормадан артық болып жатады. Нитратпен уланудың алдын -алу мақсатымен біздің мекеме ұлттық сараптама орталығы мамандарымен жыл сайын қала, аудандарда нитраттың қалдық мөлшерін анықтау шарасын өткізуде. Ол «Нитрат Экспресс» тәсілін қолдану арқылы жүргізіледі. Оған тұрғындардың да қатысуына болады.
Ең үлкен қауіп -құс етінен жасалған дайын тағамдар, жұмыртқа қосылған, майонез және қаймақ қосылған күрделі салаттар, кремі бар кондитерлік өнімдерден (торт, тәтті өнімдер). Дайындалу және сақталу ережелері шарттары сақталмаған кезде, бұл өнімдерде микроорганизмдермен және олардың токсиндерімен тұқымдану қаупі аса зор. Шикі және дайын өнімдерді бөлек сақтау қажет. Тамақ өнімдерін термиялық өңдеуді, сондай-ақ, көкөністер мен жемістерді жууды өте мұқият жүргізу қажет. Сауда орындарында азық-түлік өнімдері мен шикізат күдік туғызатын болса тұтынушы тағамның сапасы мен қауіпсіздігін растайтын ілеспе құжаттарын сатушыдан көрсетуді талап етуге хақысы бар. Тұтынушылар барлық қоғамдық денсаулық сақтау мәселелеріне байланысты 8 (7232) 76-75-49 сенім телефонымен хабарласуына болады.
Жанаргүл Мұқатай