Қоғам

Сырттан әкелінген қауын мен қарбыз қауіпсіз бе?

Сырттан әкелінген  қауын мен қарбыз қауіпсіз бе?


Маусымның басында-ақ облыстың сауда нүктелерінде пайда бола бастаған қауын мен қарбыз қауіпсіз деп танылды. Облыстық қоғамдық денсаулық сақтау департаментінің мамандары бақша өнімдерінің құрамында нитраттар мен пестицидтердің жоқ екендігін айтады.

Алайда өнімдердің денсаулыққа зиян еместігіне толықтай көз жеткізгіңіз келсе, сатушыдан оның қауіпсіз екендігін растайтын құжат сұрауға құқылы екендігіңізді де естен шығармаңыз. Департамент қызметкерлерінің айтуынша, оны растайтын құжат – аккредиттелген зертхананың қорытындысы жазылған хаттама. «Тұтынушылар құқығы туралы» Заңның 25 бабы 17 тармақшасына сәйкес, саудагер сіздің өтінішіңізді қанағаттандыруға құқылы.

– Облыстың сауда нүктелеріндегі бақша өнімдерінің басым көпшілігі еліміздің оңтүстік өңірлері мен Өзбекстаннан әкелінген. Тасымалдаушылар оны алдымен Өскемен қаласындағы «Дина» толайым сауда базарына жеткізеді. Сол жердегі «Полисертико» ЖШС зертханасының мамандары оның құрамында нитрат пен пестицидтердің бар-жоқтығын анықтайды. Егер өнім құрамынан зиянды заттар табылса, ол сауда орындарына жіберілмейді, – дейді департаменттегілер.

Бір айта кетерлігі, толайым және бөлшек сауда базарлары қаупі орташа нысандар қатарына жатқызылады. Сондықтан мұндай сауда орындарындағы өнімдер ведомство тарапынан тек нақты арыздар келіп түскен жағдайда ғана тексеріледі. Жыл басынан бері тұтынушылар тарапынан маусымдық жеміс-жидек пен бақша өнімдеріне қатысты әлі бірде-бір арыз келіп түспеген.

Лаура Тілеубайқызы

Осы айдарда

Back to top button