Сыраханасы көп Өскеменде неге қымызхана жоқ?
Алматы, Астанадағылардың шығыстағы таныстарына немесе туыстарына: «Алтайдың балын ала кел», «қарағайдың шайыры», «Катонның қымызы», «мүйіздің қаны керек еді» деген сияқты бұйымтайларын «қыстырып» жіберетіндері бар. Қонақ болып келгендердің де алдымен іздейтіні осы. Ал «қымыз ішейік» деген мейманды ертіп баратын қымызхана бар ма осы Өскеменде.
Жоқ екен. Шығыс асханасы, қытай асханасы, суши бар, сырахана дегендерден көз сүрінеді. Енді осы қаптаған мейрамхана, дәмханалардың ішінен бір ұрттам қымыз сұрап көріңізші. Қымыз жоқ емес бар ғой. Құдайға шүкір қазір қаланың маңайындағы сай-саланың барлығында үйір-үйір жылқы ұстап, саба-саба қымыз жинап отырған қазақ жетерлік. Тіпті, бренд керек болса Алтайдың етегінен алты сағаттың ішінде әкеліп беретіндер бар. Катонның да, Саржалдың да әйгілі қымызын сауып отырған жерінен жеткізіп берер еді. Бірақ кәсіптің тілін білетін жерлестеріміз Өскеменнің бір пұшпағына қымызхана ашып қоюға неге құлықсыздық танытып жүр осы?
– Кейде өзі қымыз ішкің келеді. Оны бөтелкемен сатып алып, үйге апарып ішсең ешкім саған қой деп тұрған жоқ. Мәселе басқада. Сыраханаларда сапты аяқтарға құйылған сары суды сораптап қойып әңгімелерін соғып отырған адамдарды көресің. Біз енді ондай ішімдікке жақындығымыз болмағаннан кейін, сыра бізге сусын бола алмайды ғой. Ал қымызхана болса, мен сияқты өскемендегі іші пысқан зейнеттегі шалдар бір үстелдің басында отырып қауқылдасып қалар едік. Ол жерде талай әңгіме айтылар еді, тіпті, немерелерімізді де ертіп келер едік, – дейді Өскемен қаласында тұратын зейнеткер Қасымжан Тұрысбеков.
Енді қымыздың пайдалы қасиетін айтып әуре болмай-ақ қояйық. Жылқының сүті қандайда болсын дертке дауа. Ерекше ұлттық сусынымыз бола тұра неге бізде қымызханалар жоқ? Кәсіпкерлерімізге неге осы бизнесті қолға алмасқа? Өскеменде сатылатын қымыздардың түгелі дерлік ел арасында «баклашка» аталып кеткен сыйымдылығы 1 литрден 5 литрге дейінгі полиэтилен ыдыстарға құйылып сатылады. «Фреш маркет» дүкенінде осындай ыдыстармен қымыз саудалап тұрған сатушы қыз Айсұлу Мәлікованың айтуынша, Катонқарағайдан екі күнде бір 100 литр қымыз келіп тұрады екен. Тіпті, күніне 100 литр сатылып та кететін көрінеді.
– Қымызды көбінесе ас пен тойға алып жатады. Топқайың ауылынан үнемі дайындап жіберіп тұратын адамымыз бар. Ол сапаға жұмыс істейді. Міндетті түрде алдымен қымызды шағын кесеге құйып дәмін алғызамыз. Халық қымыз ішпей жатыр деп айта алмас едім, алатын адам көп, кейде жетпей де қалады, – дейді сатушы қыз.
Қалада қымыз сатылады екен, бірақ ол көбінесе ас пен тойларда құйылатын аста-төк сусын ретінде жүріп тұрғаны анық. Біздің айтпағымыз қымызды жеке қымызханаларда сатып, ол жерге барып тостаған толы ағарғанды асықпай ішіп отыруды әдетке айналдыру, қымыз ішудің қаладағы мәдениетін қалыптастыру. Өзбектерді қараңыз әне шайханаларында көк шайларын сораптап, әлдеқандай болып отырады. Жапон халқы өздерінің шай ішу мәдениетін бүкіл әлемге үлгі етіп, оны тіпті үлкен салтанатты шараға айналдырған. Біз өзіміздің қолымыздағы бағалы дүниені өзіміз байқамаймыз. Ертең осы қымызға қытайлар қызығып, қалаларына қымызхана-мейрамханалар салып, жылқы сүтін әлемге әйгілеп жатса бірінші болып біз таңғалатын шығармыз, өзіміздің Димашқа өзіміз таңғалып жүргеніміз сияқты қазіргі.
Осыдан бірнеше жыл бұрын немістің бір кәсіпкері Қазақстанға келіп бие байлап қымыз дайындауды үйреніп кетіпті. Үйреніп қана қоймай, өз еліне барған соң қымыздан ұнтақ жасап оны үлкен бизнеске айналдырған. Пысық шетелдік азамат көшпенділердің ұлттық сусынын патенттеп те алыпты. Сол кезде депутаттарымыздың үлкен мінберлерден байбалам салып, ашына сөйлегенін де көрдік. Бұған кім кінәлі? Қолда барда алтынның қадірін білмей жүрген өзіміз бе, әлде дертке дауа, жанға шипа болатын сусынның қасиетін бағалап, оны дүниежүзіне саудалап отырған әлгі кәсіпкер неміс пе?
Қымызды «баклашка» ыдыстармен ауылдан тасып ішіп жүрген қаланың қазақтарына бір қымызхана керек-ақ. Сырахана ашып отырған кәсіпкерге қымызхана ашу аса бір қиындық та тудыра қоймайтын шығар. Өзбектер шайханаларына жиналып, өзара әңгіме дүкен құрады, сол жерде ұлттық дәстүрлері әспеттеледі. Түріктер дөнерлерінде отырып шыны құтыларына құйылған шайларын ішіп арқа-жарқа отырыс жасайды, ұлттық әндерін тыңдайды. Әзірбайжан мейрамханасы, ұйғыр асханасы, жапондардың суши рестораны, басқа да ұлттардың сыраханалары көп бізде. Қазақтың қымызханасы әзірге жоқтың қасы.
Заман талабына сай қымызханалар болса, іші-сырты ұлттық ою-өрнектермен безендіріліп, қазақша үстел қойылып, сырлы кеселермен әдемілеп ұсынылса, қай қазақ бармас еді, барар еді, ішер еді, дәмін татар еді. Бірақ ондай мүмкіндік жасалмай отырған соң, бұл жөнінде ауыз толтырып айтудың өзі қиын.
Ал енді осынау байлығымызды әлемге қазіргі тілмен айтқанда «бренд» ретінде танытуымыз керек емес пе? Ол үшін қазақ мейрамханалары ауадай қажет. Ол мейрамханалардан қазақы нақыш, қазақы рух айқын сезіліп тұруы керек. Мәзірдегі ас атауларының барлығы қазақ тілінде жазылуы керек. Қазақша үстелдер, ыдыс-аяқ, жабдықтар, кілем, алаша сияқты ұлттық бұйымдар мейрамханаға көрік беріп тұруы керек. Оның ішінде қызмет көрсететін даяшылардың киімдері де ұлттық нақышта болса несі айып? Қазақтың күйі мен әні әуелеп тұрса, қандай ғанибет!
Дарын НҰРСАПАРОВ