Сынықшылықтың сырын атасынан үйренген
Денсаулық – адамның ең қымбат дүниесі. Оны алтынға да айырбастап ала алмайсың. Өкінішке қарай, адамдар басты байлықтың қадірін ауырғанда ғана түсініп жатады. Өмір болған соң, әрине, алда не күтіп тұрғанын болжап білу қиын. Ал оқыс жағдайға тап болып, мертігіп жатсақ, қайтпек керек? Осындай сәтте көмек қолын созудан еш аянбайтын бір жанды білемін. Ол – емші Кенжебай ата.
Кенжебай Тілеужанов (1904-1994) саналы ғұмырын Көкжыра ауылында өткізді. Он саусағынан өнер тамған шебер жастайынан ұсталық пен зергерлікке бейім болып өскен. Сонау қиын-қыстау күндерде, соғыс жылдарында тұла бойына табиғат ана дарытқан өнерінің пайдасын көп көріпті. Сол кезеңдерде ертелі-кеш ерінбей еңбек етті. Бір қолымен көрік басып, екінші қолындағы көсеумен жалындаған көмірді қозғайды. Сосын, бабына келген қып-қызыл темірді шымшуырмен қысып алып, төстің үстіне қойып, балғамен қамырша илейді. Сөйтіп темірден түрлі бұйымдар жасайды. Одан бөлек техникалардың бұзылған бөлшегін жасау, ауылшаруашылық мәшинелерін жөндеу, малшылардың атын тағалау секілді жұмыстарды да мінсіз атқаратын. Ақсақалдың түйе бағып, ботақандарды мәпелеп өсіргенін көзіміз көріп өстік. Анда-санда жүйрік мініп, тазы жүгіртіп, аң аулайтын саятшылығы да ауылдық ағайынға аян…
Сонымен қатар Кенжебай ақсақалдың 17 жасынан бойына біткен сынықшылық қасиетін айтпай кетуге болмайды. Тағдыр тауқыметін тартып, мертігіп қалған жандар оның емін алуға жан-жақтан келетін. Шипагер жігіт барлығын қабақ шытпай қарсы алып, күндіз-түні қабылдай беретін. Аяқ-қолының буыны тайып, иығы шыққандарды дереу орнына салып, үйіне сауықтырып қайтаратын. Ал сынған сүйектерді сезімтал саусақтарымен асықпай сылап-сипап отырып, бұрынғы қалпына келтіріп, таңып беретін. Қайсыбір ақ желеңділердің кесірінен дұрыс емделмей, сүйегі қисық бітіп кеткен адамдардың зақымдалған жілігін жылқының шикі майымен жібітіп, бір аптадан кейін қайта түзетіп беретін. Айта берсек, мұндай мысалдар жетіп артылады. Былайғы жұрт сауатын төте жазумен ашқан діндар сынықшының адам денесінің құрылымын жетік меңгергеніне таңданысын жасырмайтын.
Бір қызығы, атайдың сынықшылық қасиеті өзінен тараған ұл-қызына жұғысты болмай, 1959 жылы жарық дүниенің есігін ашқан шекесі торсықтай немересі Болатбекке дарыды. Уақыт өте келе, ол да азамат болып өсті. Көбінесе балалар әке жолын таңдайды емес пе. Болатбек мұғалімдікті қаламай, Семейдің малдәрігерлік институтын таңдап, дипломын алысымен, Сарытерек ауылына ат басын бұрды. Осы ауылда тұрақтап, еңбек жолын зоотехник қызметінен бастайды. Көп ұзамай шаңырақ көтеріп, бүгінде жұбайы Роза екеуі бір қыз, бір ұл сүйіп отыр.
Айтпақшы, Болатбекті кішкентай кезінен атасы мен апасы бауырына басқан. Ол жастайынан Кенжебай атасының сырқаттарға жасаған ем-домын көзімен көріп, көңіліне түйіп өседі. Көпті көрген көнекөз қария өзінің жолын немересі жалғайтынын іштей сезетін. Жүрегі алдамапты. Жасы ұлғайып, күш-қуаты азая бастаған кезде ақсақал көмекке Болатбегін шақыратын. Екі жақтап жүріп мертіккен кісінің шыққан буынын орнына салып, сынған сүйектің тұтастығын қалпына келтіріп, қолдан жасалған тақтайшамен құрсаулап, таза матамен орап-байлап беретін. Осының бәрі айтуға оңай болғанмен, іске асыру әсте қиын дүние. Себебі зақымдануына қарай, адамның қозғалу-қимылдау қызметі де бұзылады. Әсіресе сықырлаған ұсақ сүйектердің сынғанын анықтау өте қиын. Сондай-ақ жауырын мен қабырғаның шытынағанын білу оңайға түспейді. Жалпы, сынықтар ашық немесе жабық болуы мүмкін. Әлбетте, ашығы тым қауіпті. Соның кесірінен жұмсақ тіндері мен жасушалар жаншылып, терісі жыртылады, қылтамырлар мен жүйке талшықтары зақымданады.
– Әртүрлі жарақатты сәтімен емдеу үшін, сынықтың сипаты мен белгілерін анықтау жеткіліксіз. Ең алдымен сырқатпен «сырласып», қан қысымын өлшеп, жүректің соғуын есептеймін. Сосын басқа мүшелерінің ауырмайтынын сұрап білемін. Осыдан кейін ғана сынықты аса ұқыптылықпен түзеп салып, сыртынан гипстелген дәкемен таңып беремін. Соңында рентгенге түсірілген көрінісін тағы тексеремін. Өткенде Бауыржан деген ауылдасымның үш жерден опырылған жіліншігінің, Шіліктіден келген Асқардың сынығын емдеп жаздым. Қазір екеуі де аяғынан тік тұрып, шапқылап жүр. Ал асқынған жарақаты бар адамдарды залалданудан сақтау шарасынан кейін ақылымды айтып, кешіктірмей емханаға қаралуға кеңес беремін. Жалпы, жедел жәрдем сұрағандарға қолдан келген көмегімді аямаймын, – дейді Болатбек.
Сонымен, есімі ел аузында қалып, табиғи дарынымен аңызға айналған Кенжебай атаның сынықшылық дәстүрін қазіргі күні немересі жалғастыруда. Мінеки, ұрпақ сабақтастығы деген осы.
Мырзабек Бүйіншаров,
зейнеткер, мал дәрігері.
Зайсан қаласы.