Сыныптағы балалардың саны 25-тен аспауы керек

Дүниежүзін жайлаған індет кезінде баласын мектепке жіберу кім-кімге болмасын оңай тимесі анық. Жай күнде баласы мектептен оралғанша байыз тауып отыра алмайтын ата-аналар қазіргідей пандемия қысқан тұста ұрпағының денсаулығын ойлап қатты алаңдайды. Дегенмен білім алу керек…
Батыста індеттің үшінші толқыны басталды деп жазып жатыр әлемдік ақпарат құралдары. Алдағы уақытта науқастар саны артса оқушылар онлайн оқуға көше ме? Төртінші тоқсан қалай өтеді? Бұл туралы облыстың санитарлық-эпидемиологиялық бақылау департаментінің басшысы Қанат Тұрдиев айтып берді.
Шығыс Қазақстан облысының мемлекеттік санитарлық бас дәрігердің қаулысына сәйкес, 1 сәуірден бастап оқушылар аралас форматта білім алады. Яғни негізгі пәндер мектепте, қалғаны қашықтан оқытылады. Ал дәстүрлі білім алуға 300 орынға дейінгі мектептер көшкен. Алайда сыныптағы балалардың саны 25-тен аспауы керек. Департамент басшысы көктемде науқастар саны артып кетсе, тиісті шараларды қолға аламыз деп отыр.
– Жалпы облыстағы эпидемиологиялық жағдай біздің қатаң бақылауымызда. Білім беру нысандарында тіркеліп жатқан әр жағдайды қадағалаймыз. Мәселен сыныпта бір оқушыдан оң нәтиже шығатын болса, онымен араласқан адамдарды да тексереміз. Егер, ұстаз, оқушы немесе мектеп қызметкері ауыратын болса сыныпты, ал ауырғандар саны күрт өсіп кетсе, мектепті карантинге жабамыз. Бұл мектептер бірінен соң бірі карантинге жабылады деген сөз емес. Шешім науқастардың санына қарай қабылданады, – деді Қанат Тұрдиев.
Айта кетейік, оқу жылы басталғалы бері наурыздың 30-ына дейін 1334 оқушы инфекция жұқтырған. Оның 1298-і жазылып, білім алуын жалғастырып жатыр. Жағдай қиындап кетпесін десеңіз, шектеу шаралары мен талаптарды балаңыздың есіне жиі-жиі салып тұрыңыз.
Балауса МЭЛСҚЫЗЫ