Қоғам

СЫБДЫРЫ СҰЛУ АЛТЫН КҮЗ

Күз – адам баласына молшылық, береке әкелетін мезгіл. Сондықтан да адамдар күзге «Берекелі күз, алтын күз!» деп баға берген. Алтын, себебі біріншіден, айналаның бәрі сап-сары бояуға малынған, екіншіден, алтын – байлықтың белгісі. Екеуін астастырып Алтын күз деп атаған. Көлемі жағынан шағын болғанмен, мазмұны тереңдеп, құны артып, қымбат қазынаға айналып келеді.

«Шатыр тікті сары алтын,

 Шартараптың бәрі алтын», демекші, күзгі мереке біздің Үржар балаларға арналған арнайы әлеуметтік қызмет көрсету орталығында да ерекше аталып өтті. Мерекелік іс-шараның мақсаты – табиғаттың күз мезгіліндегі өзгерістері жайлы балалардың білімін кеңейту, күз мезгілінің берекесі туралы балаларға түсінік беріп, оларды еңбекқорлыққа тәрбиелеу.  Алтын күз мерекесіне қызмет алушыларды ұйымшылдықпен қатыстыра отырып, ауызбіршілікке, ынтымақтастыққа баулу.

Мерекелік жиында орталығымыздың талантты бүлдіршіндері «Балдәурен» тобының қызмет алушысы Ердос Болабек «Ерке баламын» әнін, «Жас өркен» тобының қызмет алушылары Ақниет Қасенова мен Анель Советханова «Жарқын күз» әнін, «Жас ұлан» тобының қызмет алушылары Бекжан Абылайхан «Қызыл раушан» әнін айтса, Ерғанат Ерболат «Досым» әнін, «Балдәурен» тобының бүлдіршіндері әдемі мерекелік костюмдерін киіп, қолшатырмен «Жаңбыр» әнін нақышына келтіріп орындап, жиылған жұртты тамсандырды.

Іс-шара барысында балаларға мерекелік көңіл-күй сыйлау мақсатында Күз ханшайымы қонаққа келіп, балалармен қызықты ойындар өткізді. Сонымен қатар қызмет алушылар әртүрлі материалдардан жасалған киімдер киіп, сән үлгісін көрсетіп, көрермендерді тәнті етті. Алтын күздің сыйы ретінде әр топ қызмет алушылары ата-аналарының және мамандардың көмегімен күз мезгіліндегі жеміс-жидектерден, көкөністерден, жапырақтардан, т.б. табиғи материалдардан күздік композиция ұсынды. Мереке соңында орталық директоры С.Селиханова құттықтау сөз сөйлеп, іс-шараға белсенді қатысқан орталық қызмет алушыларына Алғыс хаттар табыстады.

Күз айы мерекелі ай. Қырман толып, халқымыздың ырысы артатын берекелі ай. Келесі күзге дейін жүрегімізде есте қалатындай арман сезімін себелейтін, үнемі асқақ мұраттарға жетелеп отыратын қасиетті ай. Ендеше баршаңызға  келіп отырған сыбдыры сұлу, алтын күз мерекесі құт пен береке, ырыс пен табыс әкелсін!

А.Тимурова, Үржар ауданы.

Осы айдарда

Back to top button