Спорт

Суперлига мәреге жетті

Әуесқой футбол командалары арасында өткен шағын футбол жарысының суперлигасы өз мәресіне жетіп, жеңімпаз командалар анықталды.

Әуесқой футбол командалары арасында футзалдан өткен Шығыс Қазақстан облысы мен Өскемен қаласының XV чемпионатына өңіріміздің аудан, қалаларындағы спорт ардагерлері мен тұрғындарынан құралған құрамалар қатысып, бақ сынасты.

Бұл жолғы чемпионатқа облысымыздың аудан, қалаларынан жасөспірімдер, әуесқойлар мен ардагерлерден құралған командалар қатысуда. Жалпы бізде қазіргі уақытта төртінші, үшінші, екінші, бірінші, жоғарғы және суперлига сынды алты лига бар. Әр лигада 11-12 командадан қатысуда. Бүгінгі күні жалпы санағанда 70-тей команда болса, оларда салауатты өмір салтын ұстануға бет бұрған мың шақты адам бар, – дейді облыстық футбол қауымдастығының атқарушы директоры Оралбек Әділханов.

Оның айтуынша, әр сенбі, жексенбі сайын аудан, қалалардан жиналған командалар балалардың жарыстары аяқталған соң ала допты ортаға салып, бақ сынасатын көрінеді. Осыдан 15 жыл бұрын жеті команда ғана бастаған жарысқа қатысушылар саны да қомақты болып қалған. Ұйымдастырушылар бүгінде кейбір командалардың әр демалыс сайын ұйымдастырылатын доп додасына үзбей келуді дәстүрге  айналдырғанын да айтады. Атап айтсақ, осындай командалардың бірі, соңғы сегіз жыл бойы әр ойынды қалт жібермеуге тырысатын Абай ауданының әуесқой футбол командасы көрінеді.

Коронавирустық шектеулерге байланысты біздің ойындарымыздың өткізілуіне де бірқатар кедергілер келтірілгені рас. Бірнеше жыл қатарынан кейбір дүбірлі додаларымызды көрерменсіз өткізуге тура келуде. Қазіргі уақытта қайтадан қалпымызға келіп жатқан жайымыз бар. Жарыстарымыз санитарлық талаптарды сақтай отырып жүргізіледі, – деді Оралбек Әділханов.

Осылайша, өткен жылдың қараша айында басталған чемпионаттың суперлигасында ойнайтын 11 команданың үздіктері анықталды. Анықтап айтсақ, үшінші орынды өскемендік «Altay Champions» командасы иеленсе, екінші орынға «Кеден» командасы табан тіреді. Ал бірінші орынды бұған дейін де үздіктер қатарында көрініп жүрген «Востокцветмет» компаниясының «ВЦМ Марқакөл» командасы алды. Ойынның тартысты болғаны соншалық, алдыңғы үштікке алты команда таласып, тек соңғы ойындарда ғана олардың ұпай сандарын анықтауға мүмкіндік туған.

Сондай-ақ жарыс барысында гол соғуда шеберлік танытқан шабуылшылар мен қақпадан доп қайтара білген қақпашылардың да еңбектері бағаланып, үздіктері анықталды. Ойын нәтижесінде «Үздік бомбардир» марапаты «ВЦМ Марқакөл» командасының ойыншысы Дәулет Нұрасыловқа, «Үздік қақпашы» марапаты «Altay Champions» командасының қақпашысы Мәди Шарбатхановқа бұйырса, «Кеден» командасының ойыншысы Александр Брагин «Үздік қорғаушы» атағына, ал Дидар Манапов «Үздік шабуылшы» атағына ие болды

Осы айдарда

Back to top button