Қоғам

Субсидия рәсімдеу қолжетімді бола түсті

Азамат Темірбеков

Шаруашылықтың ілгерлеуі бірнеше фактормен тығыз байланысты екені бесенеден белгілі. Осындай факторлардың бірі – мемлекет тарапынан көрсетілетін қолдау екені рас. Бүгінде бұл істің жайын білетін қай шаруа болмасын өз кәсібін алға бастыруда белгілі бір мөлшерде субсидияға арқа сүйейтіні де мәлім.

Қай шаруа болмасын қандай істі бастамас бұрын өңірдің климаттық, саланың техникалық және қаржылық жайын болжап, бағдарлап барып қана іске кірісетіні рас. Өндірген өнімге, я болмаса өсірген дақылға сіңірген еңбек пен шыққан шығынның ақталу көп жағдайда осы факторларға тәуелді болып жатады. Дей тұрғанмен, бүгінде ел дамуының ажырамас бөлігіне айналған аграрлық салаға деген көңіл бөлушілік те, көмек те аз емес. Мұның бір айғағы – әр жылдары түрлі деңгейде қолдау тауып келген агроөнеркәсіптік кешеннің соңғы уақытта көлемді түрленуге ұшырап, салалық бағыттарының жақсы деңгейде субсидиялана бастауы. Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Кемелұлы Тоқаев өзінің биылғы Жолдауында да субсидия рәсімдеу тәртібін қарапайым шаруаға түсінікті әрі ашық етуді баса айтқан болатын. Сондай-ақ, ол бұл істің шағын және орта шаруашылықтарға толықтай қолжетімділігін қалыптастыру қажеттігіне тоқталды.

Осы бағытта кешенді шараларды қолға алған облыстық Ауыл шаруашылығы басқармасы қазірде өңірдің аграрлық саласын дамыту бағытындағы жұмыстарды еліміздің Агроөнеркәсіптік кешенін дамытудың 2017-2021 жылдарға арналған мемлекеттік бағдарламасы шеңберінде жүзеге асырып отыр. Жалпы, аталмыш мемлекеттік бағдарлама аясында өңірде  өсімдік шаруашылығы, мал шаруашылығы, инвестициялық және сыйақы мөлшерлемесін субсидиялау  сияқты бағыттар қолға алынған.

Енді аталмыш субсидия түрлеріне тоқталып өтсек. Ауыл шаруашылығы басқармасының хабарлауынша, агроөнеркәсіптік кешен салаларын дамытуға мемлекеттік қолдау көрсету мақсатында субсидиялау бағдарламалары шеңберінде жыл сайын ауыл шаруашылығы тауарын өндірушілердің шығындарын ішінара өтеуге бюджет қаражаты бөлінетін көрінеді.

Мысалы, мал шаруашылығын субсидиялау «subsidy.plem.kz» жүйесі арқылы электрондық форматта жүзеге асырылады. Атап айтсақ, «Асыл тұқымды мал шаруашылығын дамытуды, мал шаруашылығы өнімінің өнімділігі мен сапасын арттыруды субсидиялау» бағдарламасы шеңберінде субсидиялар облыстың ауыл шаруашылығы тауарын өндірушілерге асыл тұқымды ауыл шаруашылығы жануарлары мен құстарын сатып алуға, бұқашықтарды бордақылау алаңдарына өткізуге, селекциялық-асыл тұқымды жұмыс жүргізуге, және де сүт, жұмыртқа өндірісінің құнын арзандату кезінде шығындарды ішінара өтеуге төленетін көрінеді.

Ал, өсімдік шаруашылығын субсидиялау веб-порталдағы «Qoldau.kz» ақпараттық жүйесі арқылы жүзеге асырылады. Аталмыш жүйе арқылы өтінімдерді қабылдау жылдың 1 ақпанынан 1 желтоқсанына дейінгі аралықта жүргізіледі. Өсімдік шаруашылығын субсидиялау барысында тұқым шаруашылығын дамытуды, ауыл шаруашылығы тауарын өндірушілерге су жеткізу бойынша көрсетілетін қызметтердің құнын, пестицидтердің, биоагенттердің құнын, тыңайтқыштардың (органикалық тыңайтқыштарды қоспағанда) құнын субсидиялау сияқты бағыттарды қамтиды. Бұл жерде өтеу нормативі қызметтер мен тыңайтқыштар құнының 50 пайызға дейінгі мөлшерін құрауы мүмкін.

Сонымен қатар, қандайда бір жобаға инвестициялық салым жасаған агроөнеркәсіптік кешен субъектісі шығыстарының бір бөлігін өтеуге де субсидия қарастырылған. Субсидиялаудың бұл түрі де веб-порталдағы ақпараттық жүйе арқылы жүргізіледі. Qoldau.kz бағдарламасы шеңберінде субсидиялар ауыл шаруашылығы тауарларын өндірушіге ауыл шаруашылығы агрегаттарын сатып алу кезінде шыққан шығынды 25 пайызға, ал  трактор, комбайын сияқты ауыл шаруашылығы техникаларын сатып сатып алу кезінде шығынның 30 пайызға дейінгі мөлшерін жабуға беріледі. Жайылымдарды суару инфрақұрылымын құру және мал шаруашылықтарын қажетті құдықтармен, ұңғымалармен қамтамасыз етуге кететін шығынның 50 пайызын, мал бордақылауға арналған нысандарды салу және кеңейту, сүт-тауарлы фермасын құрудағы шығыстардың 25 пайызын субсидиялау қарастырылған.

Бұдан бөлек, агроөнеркәсіптік кешен субъектілеріне кредит беру, сондай-ақ ауыл шаруашылығы жануарларын, техникасы мен технологиялық жабдығын сатып алуда берілетін лизинг кезіндегі сыйақы мөлшерлемелесі де субсидиялануға жатады. Субсидиялау веб-порталдағы Qoldau.kz ақпараттық жүйесі арқылы жүзеге асырылады. Қарыз шарттары бойынша жүзеге асырылатын субсидиялаудың бұл түрі жылдық сыйақы мөлшерлемесін 10 пайызға дейін төмендетуді көздейді. Бағдарлама шеңберінде мұндай субсидиялар ауыл шаруашылығы техникасын сатып алуға, айналым қаражатын толықтыруға, көктемгі дала жұмыстарын жүргізуге берілген қарыздар бойынша төленеді.

Бүгінде, қарапайым шаруаға қажетті субсидияға деген тапсырысты алысқа ат сабылтпай үйінен алуға мүмкіндік жасалғанын айтып өткеніміз артық болмас. Яғни, қашықтықтан керек құжаттарды жолдап, қажет көлемде субсидияға тапсырыс алатын ақпараттық жүйелер тәулік бойы жұмыс істейді.

Осы айдарда

Back to top button