Қоғам

Суармалы жерді игеру маңызды

Экология, геология және табиғи ресурстар министрлігінің су ресурстары комитеті төрағасының орынбасары Аяшев Мақсат Темірбекұлы Тарбағатай ауданына іс-сапармен келіп кетті.

Мұндағы мақсаты – апатты жағдайда тұрған Қандысу су қоймасының және бірнеше жыл бойы құрлысы аяқталмай тұрған Қарғыба су тоспасының жағдайымен танысу еді. Аталған нысандарды аралап көрді. Аудан әкімінің орынбасары Қ.Мауадинов суармалы жерлерді игеру барысында шаруашылық құрылымдарының мұң-мұқтажын, тағы да басқа проблемалық мәселелерді жеткізіп, құрылыс жұмыстарына қаржы бөлу мәселесін қарастыруды сұрады. Министрлік өкілі өз кезегінде бұл мәселелерді құзырлы органдар арқылы бақылауға алып, оң шешілуіне ықпал жасайтындығын айтты.
Расында да, бұл түптеп келгенде халықтың әл-ауқатына ықпалы айтарлықтай маңызды гидрологиялық нысан болып табылады. Себебі, ауданымызда мал шаруашылығы тұрақты дамып, төрт түліктің саны да біртіндеп артып келеді. Осы жерде мал азығының жеткілікті қоры деген мәселе туындайтыны бар. Бұл сайып келгенде суармалы алқаптардың қажетті мөлшерде игеріліп, жемшөп қорының болуына су қоймаларының сұранысы жоғары.
Тарбағатай аудандық кәсіпкерлік және ауыл шаруашылығы бөлімінің мәліметінше, ауданның шаруашылық құрылымдары егістік алқаптарына қажетті сумен «Қазсушар» РМК-ның облыстық филиалының Ақсуат және Ақжар өндірістік пайдалану учаскелерімен келісімшарт жасау арқылы қамтамасыз етілді. Аудан бойынша бүгінгі күні 40 иесіз ішкі шаруашылық тоғамдары анықталып, бүгінгі күні Тарбағатай ауданының коммуналдық меншігіне алынған.
– 2020 жылы ауданымыздағы ең негізгі бес ішкі шаруашылық су каналдарын «Қазсушар» облыстық филиалының Ақсуат және Ақжар өндірістік учаскелерінің теңгеріміне беру үшін су каналдарының құқығын белгілейтін құжаттарын жасатуға жергілікті бюджеттен тиісті қаржы бөлініп, құжаттары жасалу үстінде. Алдағы уақытта құжаттары жасалып дайындалғаннан кейін «Қазсушар» РМК облыстық филиалының теңгеріміне толық беріліп, жөндеу жұмыстары жүргізілетін болады. Сонымен қатар қалған 35 ішкі шаруашылық су каналдарының ішінен тағы бес каналдың заңды құжаттарын жасату үшін 2021 жылғы аудан бюджетінен қаражат қарастырылды,-дейді Тарбағатай аудандық кәсіпкерлік және ауыл шаруашылығы бөлімінің басшысы Б.Сербатыров.
Халықтың тұрмыс-тіршілігінің негізі мал шаруашылығында десек, төрт түліктің өсімі жемшөп қорына тікелей байланысты. Сондықтан Қандысу су қоймасының, Қарғыба су тоспасының суармалы алқаптарды игеруге толыққанды әлеуетпен пайдаланылғаны қажет-ақ дүние.

 

Ерлан Бапанов    

Осы айдарда

Back to top button