Су қоймаларын қоқыстан тазартпақ

Семейлік зияткерлер су қоймаларын қоқыстан тазартатын эко-робот макетін жасады.
– Тіршілік көзін адамдардың өз қолымен ластайтыны өте өкінішті. Сол үшін қандай да бір әрекет жасап, осы жобамен айналыса бастадым. Идеямды жыл сайын мектебімізде өтетін жас өнертапқыштар күнінде көпшіліктің назарына ұсындым. Қорғаған жобам сайыста жеңіске жетіп, ұстаздарымыз бен достарымның қызығушылығын туғызды. Осының барлығы эко-робот макетін жасауыма алып келді, – дейді 9-сынып оқушысы Аружан Қаймолдина.
Жоба авторларының бірі, 11-сынып оқушысы Нұрбол Мақтаев WRO-2020 дүниежүзілік LEGO роботтар олимпиадасының жүлдегері. Құлтемір жасаудың шебері десе де болады. Бұған дейін бірнеше құлтемірдің макетін әзірлеген.
– Біздің мақсат судың бетінен және оның түбінен қоқыс жинайтын және сонымен бірге су қойманың экологиялық жағдайын бақылайтын роботтандырылған кешен құру болды. Біз алдымен жұмыс моделін жасай бастадық. Роботтандырылған кешеннің өзі аэроқайық және жылжымалы қалқымалы механизм болып екі бөлікке бөлінді. Аэроқайық роботты кешенді су қойма арқылы белгіленген бағыт бойынша жылжытады. Ал жылжымалы қалқымалы механизм су асты мен үстінде қоқыс жинауды қамтамасыз етеді. Біздің роботтандырылған кешен су астындағы және үстіндегі қоқыстарды жинап, бейнекамералар көмегімен су асты әлемінің жағдайын, оның фаунасы мен флорасын бақылайды, – дейді Нұрбол Мақтаев.
Жас зерттеушілер алдағы уақытта жобаны жетілдіріп, «Дарын» сайысына қатысуды және оны патентке ұсынуды жоспарлап отыр.
Азамат Темірбеков