Суық бұлақтың проблемасына ден қойды
Суық бұлақ ауылы Семей қаласының шетінде орналасқан. Тұрғындар көбінесе сумен қамтудың нашарлығына, қоқыс төгетін орындардың тапшылығына, балалар ойнайтын алаңдардың жоқтығына, көшелерде шамдардың орнатылмағанына шағымданады.
Осыған орай қала басшысы Ермак Сәлімов кент тұрғындарымен кездесіп, олардың мәселелерін тыңдаған еді. Жақын арада нақты ұсыныстар енгізу үшін тағы да кездесу ұйымдастырылатыны айтылған. Қала әкімі кентке қайта келіп, тұрғындардың бастамашыл тобымен кездесті. Олар уәде етілген жұмыстардың қалай орындалып жатқандығы туралы айтып берді.
– Біз сенбілікке шығып, қоқысты қаптарға жинадық, бірақ оны шығаратын техника аз болды және қалған қоқыстар ұшып кетіп жатыр. Бізде сондай-ақ қоқыс жәшіктерін алып тастады. Олардың орнына қоқыс контейнерлерін орнатуға уәде берген, бірақ олар әлі жоқ. Су құбырын жөндеп берді, бірақ бізге енді суды құбырмен жеткізбей ме деп қорқамыз, – деді кенті тұрғындарының бірі Күлпаш Өмірзақова.
Жергілікті тұрғындарды тыңдаған қала басшысы оларға кентті сумен жабдықтау міндетті түрде жүзеге асады деп уәде берді. Жобалық-сметалық құжаттама сараптамадан өтіп, жақын арада жобаны іске асыру басталады. Қоқысқа келетін болсақ, кентте сенбілік қорытындысы бойынша рейдтер жүргізіледі. Ал учаскелік полиция қызметкерлеріне заңсыз қоқыс тастайтын жерлерді аралап, тәртіп бұзушыларды қадағалауды ұсынды.
Кент тұрғындары көшелерге жарық орнатуды және жолдарды жөндеуді сұрады. Қала басшысы бұл мәселелер жақын арада шешіледі деп уәде етті.
– Жолдарды жөндейміз. Әрине, барлық көшелерді бірден жөндеу мүмкін емес, сондықтан біз ретке келтіретін орталық көшелерді анықтау керек. Жарықтандыру мәселесін де шешеміз, – деді Ермак Сәлімов.
Әкім уәде еткендей, енді ауыл тұрғындарының бастамашыл тобымен осындай кездесулер үнемі өткізіліп тұратын болады. Сонымен бірге, осында балаларға жаңа ойын алаңы жасалады. Жергілікті тұрғындардың өтініші бойынша ол мектеп жанына орнатылады.
Раушан Нұғманбекова
Семей.