Мәселенің мәнісіТОП

Сутегін сүт

Облыстағы сүт зауыттары өңдеуге қажетті сүтті жергілікті халықтан арзан бағаға алады. Тұрғындар «зауытқа өткізген бір литр сүттің ақшасына дүкеннен бір бөлке нан тимейді» деп шағымданады.

Малдан басқа табыс көзі жоқ

Ұлан ауданы, Алмасай ауылының тұрғыны Алмагүл Тұңғышбаева төрт баласын төрт сиырдың сүтін сатып, асырап отыр. Бұл отбасының малдан басқа жұмысы жоқ.

– Таңертең 12, кешкісін 17 литр сүт шығады. Оны, шамамен, екі-екі жарым мың теңгенің айналасында сутегін бере саламын. Ал зауыттар бізден жиып алған сүттің бір литрін ең кемі 260 теңгеден бастап 500 теңгеге дейін сатады екен, – дейді Алмагүл ханым. Есептеуінше, дүкенде өзі өткізгендей 30 литр сүт кем дегенде 8 500 теңгеге сатылады.

Ал Райгүл Мейірбаева 12 сиырын шағын несиемен алған. «Сүттен түскен ақшаны малдың өзінің несиесіне төлейміз. Одан аспайды. Отағасы жалдамалы жұмыстарға кеткенде сиырды түгел сауып та ала алмаймын», – деген ол бүгін жеті литр сүт өткізді. Ал үш сиыр сауатын көршісі 18 литр сүт тапсырды.

Тұңғышбаева мен Мейірбаеваның сүтті іргедегі Өскеменге апарып сатуға көлігі жоқ және мал мен баладан шығуға уақыты да тапшы. Әйтпесе қалада ауылдың сүті 200 теңгеден (бір литрі) сатылып жатыр.

Тұрғындар сөзінше, күзде тырбанып шөп жинап, қыс бойы малдың астын тазалап, оны күтіп-баптап, ала жаздай егінге түсірмей, ұрыға қақтырмай баққан еңбектің қайтымы – қалалы жерде тап-таза ғимаратта жұмыс істеп, айлық алғанмен бірдей.

– Мал бағу сондай оңай шаруа болса, елдің бәрі ауылға келіп тұрар еді. Таңғы төрттен кешкі сағат тоғыз-онға дейін мал соңында салпақтап жүргендердің еңбегі лайықты өтелгенде ғана ауылға адам тұрақтайды, – дейді тағы бір тұрғын Гаухар Рыспаева. Оның отбасы негізінен Марқакөл өңірінен. Қалаға жақын ауылға кейін көшіп келген.

Қайда барсаң – делдал

Алмасайлықтар сүтті Өскемендегі «Эмиль» зауытына өткізеді. Нақтырақ айтсақ, зауыт пен тұрғындар арасындағы делдалға тапсырады.

Аталмыш зауыттың біздің газетке берген жауабы бойынша, «Эмиль» – күніне 100 тоннадан астам шикі сүтті өңдейтін өңірдегі ірі өндіруші. Зауытты негізінен тоғыз шаруа қожалығы қамтамасыз етеді. Қосымша қарапайым халықтың сүтін жеткізумен «Молочный экспресс» ЖШС айналысады. «Эмильдің» жеткізушілерге белгілеген бағасы – бір литр сүт 110 теңге.

«Молочный экспресс» ЖШС-нің жеткізетін сүті «Эмильге» қажетті мөлшердің 20 пайызына ғана тең. Олар кейбір ауылдарға өзінің көліктерін жөнелтіп отырса, кейбір ауылдардағы «молоковозы» бар адамдармен шарт жасасады. Яғни, тағы бір делдалға жүгінеді. Кәсіпорынның директоры Талғат Мұқанов тікелей өзі жинайтын ауылдан да, өзіне жеткізіп беретін делдалдардан да сүтті 85-90 теңгеден сатып алатынын айтады. «Ауыл тұрғындары су қосады. Бұған дейін 100 теңгеге татитындай майлы сүтті тапсырған емес», – дейді ол.

Енді неліктен алмасайлықтар «баға төмен» деп шағымданады, соған келсек.

Осы ауылдың тұрғыны Бағлан Бектембаевтың жекеменшік сүт таситын көлігі бар. Ол ауылдан 75 теңгеден сүт жинайды да, «Молочный экспресске» өткізумен айналысады.

– Кәсіпорынмен келісімшарт арқылы жұмыс істеймін. Жеке кәсіп иесі ретінде саналатындықтан, жол шығыны, көліктің өзге де сайманы – барлығы өз қалтамнан. Халықтан алған сүтті үстіне 10 теңге қосып сатамын, – деді ол.

Бағлан Бектембаевта сүттің майлылығын тексеретін аспап жоқ. Оның керегі де жоқ. Себебі «Молочный экспресс» әр тапсырушының сүтін майлылығына қарай жеке-жеке қабылдамайды.

– Сүттің литрін 90 теңгеден артық өткізіп көрген жоқпын. Кәсіпорынның лаборанттары әкелген сүтімнің майлылығын осы уақытқа дейін 2,7-2,8 пайыз деп көрсетіп келеді. Одан асқан емес, – деген ол бұдан артық ешнәрсе айтпады. Себебі «тауып отырған нанымнан айырылып қаламын» деп қорқады.

«Молочный экспресс» директорының айтуынша, «Эмильмен» тікелей жұмыс істейтін шаруа қожалықтарының сүтінің майлылығы 4-5 пайыз. «Олар сенімді, су қоспайды. Таза сүтті алып келеді» дейді.

Айта кетейік, «Молочный экспресс» ЖШС-нің директоры біздің сүтті қабылдау процесін көруімізге рұқсат бермеді. Нақтырақ айтсақ, «Эмиль» ЖШС-нің басшысы келіскен жоқ», – деді ол.

Бағаны кім бақылайды?

Ұлан ауданы бойынша сүт жинайтын 13 пункт (адам) бар. Ал басқа ауылдардан «Молоко экспресс», «Восток молоко», «Багратион Ұлан» кәсіпорындары тікелей өз көліктерін жіберіп жинап алады. Аудан әкімдігі берген ақпаратқа сенсек, ауылдардан 10 мың тоннадан астам сүт алынады.

– Сүт қабылдау бағасы жазда – 85, қыста 100-110 теңгеге көтеріледі. Әрине, бұл – халық үшін төмен баға. Осыған орай пункттер мен кәсіпорындардың басшыларымен кездесу өтті. Олар жұмысшылардың айлығы, техниканы жөндеу шығыны, салық төлемдері сынды бірнеше фактор бағаны көтеруге тиімсіз екенін айтады. Жалпы, зауыттар халықтан сүтті қанша теңгеге алады – оған біздің қатысымыз жоқ, – деп жауап берген аудан әкімдігі алдағы уақытта кәсіпорындармен меморандум жасасуды көздеп отырғанын айтты.

Бұл бағаны Бәсекелестікті қорғау және дамыту комитетінің облыстық департаменті де реттей алмайды.

– Қолданыстағы заңнамаға сәйкес, сүт өнімінің барлық түріне (сүт, айран, ірімшік) қойылатын баға реттелмейді. Зауыт пен халық өзара келіседі, – деді аталмыш департаменттің басшысы Людмила Устьянцева.

Карантин қолбайлау болып тұр

Тауарлар мен көрсетілетін қызметтердің сапасы мен қауіпсіздігін бақылау департаменті қазіргі уақытта сүт зауыттарының өнімдерін тексере алмайды, себебі елдегі карантинге байланысты тексеру жұмыстарын жүргізуге шектеу қойылған. Қашан рұқсат етілетіні белгісіз. Оған қоса жуықта облыстағы карантин мерзімі тағы ұзартылғаны мәлім.

Департаменттің қойылған шектеуге дейін, 2019 жылы жүргізген тексерулері нәтижесінде өңірдегі төрт өндірушінің өнімдерінен қауіпсіздік талабының бұзылғаны анықталған. Олар: «Эмиль», «Восход молоко», «Қалиханұлы» және «Уранхай» жауапкершілігі шектеулі серіктестіктері. «Соның ішінде «Эмиль» ЖШС өндіретін «Крестьянское» кілегейлік майы қауіпсіздік талабына сәйкес келмеді, алайда бұл өнімнің барлық партиясы сатылып кеткендіктен әкімшілік шара қолданылмады», деп жазылған мекеменің ресми жауабында.

Статистика департаментінің мәліметіне сенсек, біздің облыс сүт өндіруден республика бойынша алда. Кейінгі бес жылда өнім мөлшері 20,5 пайызға (789,5 тоннадан 951,4 тоннаға) көбейген.

«Молочный экспресс» ЖШС Катонқарағай ауданындағы Үлкен Нарын, Көкбастау, Солоновка, Малонарым, Алтынбел елді мекендерінен де сүтті қарқынды жинай бастады. Ұлан ауданындағыдай арада делдалдар жоқ, дегенмен ол жақтағы баға да 75 теңге. Мұны өздері жолдың алыстығымен түсіндіреді.

Глубокое ауданынан да «Восток молоко», «Эмиль», «Багратион» сынды зауыттарға қажетті сүт жиналады. Барлығының бағасы қарайлас.

– Сүттің жайы қиын болып тұр. Бір литр сүтімізге ең құрығанда бір бөлке нан сатып ала алсақ қой. Қазір дүкенде нан 100 теңге. Айтқандайын, халықтың сүті 2,8 пайыз ғана болса, сүт зауыттары майлылығы 6-6,2 пайыз болатын сүттерді қайдан шығарып жатыр? Олар керісінше түрлі қоспа қосады емес пе? – деген алмасайлық Гаухар Рыспаева ештеңеге түсінбей дал.

Айта кетейік, «Эмиль» ЖШС-нің 2,5 пайыздық сүті қаладағы дүкендерде 325 теңгедан, ал төрт пайыздық сүті 395 теңгеден сатылып жатыр. Ал қарапайым халық болса, қаншама еңбекпен келген сүтін арзанға өткізіп бір ұтылса, сол сүтті дүкеннен қымбатқа сатып алып екі ұтылып отыр.

Тасқын Болатұлы

Осы айдарда

Back to top button