ТОП

СҮТ ӨҢДЕУ ЗАУЫТЫН ІСКЕ ҚОСПАҚ

Үлкен Нарындағы  май зауыты кеңестік уақытта дәурені жүріп тұрған бірегей өндіріс ошағы еді. Тоқсаныншы жылдардың топалаңынан соң, атағы аспандап тұрған зауыттың жұмысы біржолата тоқтайды. Сапалы сүт өнімдерімен елді  қамтамасыз еткен үлкен кәсіпорын әлі де көптің есінде.

Бертіндері, аудандағы іскер азаматтардың біразы кешегі май зауытының жұмысын жандандырып, осындай өндіріс ошағын аудан аумағында қайтадан  ашуға ниет білдірген-ді. Көп жағдайда қаржы мәселесі қолбайлау болғандықтан, кәсіпкерлердің  ойлаған жобалары тұралап қалып жүрді. Соңғы уақытта бұл жұмысты Новохайрузовка  ауылының тұрғыны, «Самай» шаруа қожалығының басшысы Мәлік Зияда қайта  қолға алуда. Осылайша, ол отандық өнім шығарып, оның сапасын арттыруды   мақсат етіп отыр ол.

                              Өнім түрлерін қайта жаңғыртады

Сүт өңдеу зауытын ашуды Мәлік Зияда осыдан алты-жеті жыл бұрын ойластырған. Ол үшін кәсіпкер «Самай өндірісі» ЖШС-ін құрады. Бұдан кейін  Новохайрузовкадағы бұрынғы МТМ ғимаратын сатып алып, оның тиісті жобалық-сметалық құжаттарын әзірлейді. Зауыттың жалпы аумағы 400 шаршы метрді құрайды.

– Бұрынғы МТМ-нің бос тұрған ғимараты мүшкіл халде еді. Қабырғаларын тұрғызып, төбесін жаптық, еденін бетондадық, ішкі қабырғаларына жөндеу жүргіздік, есік-терезелерін орнаттық. Үлкен Нарындағы бұрынғы май зауытының ескі болса да әлі де істеп тұрған құрылғыларын іздеп тауып алдық. Өздеріңіз білесіздер, кезінде Үлкен Нарындағы май зауыты атағы дүркіреп тұрған өндіріс орны еді. Ол  сапалы өнім шығарып тұрды. Сүт өңдеу зауытын ашудағы ой да осы болатын. Ауданымызда сүт өнімдерін шығаруды қайта жандандыру арқылы   табиғи таза әрі сапалы өнімдермен жергілікті халықты қамтамасыз еткіміз келеді, – дейді Мәлік Зияда.

Іскер азамат сүт өңдеу зауытының бір бөлігін шұжық шығару цехы ретінде жасайтындығын айтады. Бүгінде қажетті құрылғылардың бір бөлігі зауытқа әкелініп, орналастырылған, қалған қажетті құрал-жабдықтарды кәсіпкер алдағы уақытта жеткізбек. Кәсіпкер сүт өнімдерінің бес-алты, шұжықтың екі-үш түрін өндіруді мақсат етуде.

– Барлық жұмыстың бүгінгі таңда 70 пайызын атқарып қойдық. Ендігі қалғаны зауыттың  бетонды-мрамор еденінің бетін тегістеу, одан бөлек, жарығы мен суын кіргізіп, кәріз жүйесін  жүргізу бар. Ең бастысы,  тиісті жобалық-сметалық құжаттарды  тосып отырмыз, күні ертең дайын боп қалады. Су кіргізу үшін зауыт маңынан 1,5 млн. теңгеге су ұңғымасын  қаздық. Қазір оны қайта қазу керек, себебі, біреулер қастық жасап, ұңғыманың аузын таспен бітеп тастапты.

Сүт өңдеу зауыты ашылған уақытта,  мұнда жиырмаға тарта адамды жұмыспен қамтуға болады. Онда жұмыс істейтін тиісті мамандарды да қарастырып қойдық деуге болады. Сүтті жергілікті тұрғындардан, сондай-ақ көршілес Алтай ауданына қарасты Средигорное ауылынан жеткізіп отырамыз. Қазір олармен  бұл жөнінде өзара келісіміміз бар,  – дейді кәсіпкер.

Мәлік Зияданың айтуынша, бүгінде сүт өңдеу зауытын ашуға ол 80 млн. теңгедей өз қаржысын жұмсаған. Алдағы атқарылар бар жұмыстарға әлі де осындай көлемде қаражат қажеттілігін айтады.

– Зауыттың жұмысы жүріп кету үшін қаражат мәселесі тежеп тұр. Мәселен, әлі де біраз қажетті құрылғылар мен аяқталмаған жөндеу жұмыстарына қаржы қажет. Сол үшін мемлекет тарапынан  гранттық  немесе жеңілдетілген несие түріндегі қолдау берілсе дейміз. Бастаған жобамызды қайткен күнде де соңына дейін жеткізу керек. Бұл өзім емес, аудан тұрғындарының игілігі үшін жасалып жатқан жұмыс.

Елімізге сүтті сонау Белоруссиядан әкеледі. Өзімізде таза әрі сапалы өнімді неге шығармасқа?  Аудан тұрғындары өзімізден шыққан өнімдерді пайдалансын дейміз. Кезінде атағы дүркіреп тұрған сапалы өнімдерді қайтадан жаңғырту керек. Осылайша, еліміздің атын шығарамыз, – дейді Мәлік Зияда.

Егін салып, ірі қара мал  өсіреді

Сөз басында  айтқандайын, Мәлік Зияда Новохайрузовкада «Самай» шаруа қожалығын басқарады. Ал болашақ сүт өңдеу зауытын ол «Самай өндірісі» ЖШС деп тіркеген. «Самай» ШҚ-ын ол  1998 жылы құрған. Шаруашылықтың басты бағыты –егіншілік пен мал шаруашылығы.

– Біз үйде бес ағайынды боп өстік. Үлкен ағамыз дүниеден өтіп кетті. Қалған төртеуіміз «Самай транзит» ЖШС-ін құрдық. Кейіннен оның филиалы ретінде  «Самай өндірісі» ЖШС-ін аштық. Сүт зауыты аталған серіктестік негізінде жұмыс істейтін болады, – дейді М.Зияда.

Кәсіпкер басшылық ететін шаруашылыққа келер болсақ, бүгінде қожалық иелігінде 600 гектар егістік,  800 гектар жайылым және 150 гектар шабындық   жер бар. Егістік алқаптарына шаруашылық бидай, арпа, күнбағыс, сұлы сияқты дәнді дақылдар егеді. Биылғы орақ науқанында  қожалық басшысы бидайдың әр гектарынан 10-15 центнер өнім түсірсе, күнбағыстан 20 центнерден өнім алатындығын  айтады.

Мал шаруашылығын дамыту мақсатында қожалықта бүгінгі таңда 50-ге тарта жергілікті тұқымды ірі қара өсіріп отыр. Алдағы уақытта ірі қара санының  сүтті бағытын арттыруды мақсат етуде.

Қожалық сондай-ақ  биыл иелігіндегі ауыл шаруашылығы техникасын жаңартуда. Жалпы алғанда, шаруашылық еншісінде екі комбайн, үш-төрт бірлік  МТЗ тракторлары, сонымен қатар Қытайда және Германияда жасалған «Ловол» және «Дойч фар» атты  екі-үш  бірлік  жаңа тракторлары бар. Келер уақытта шаруашылық басшысы бір-екі бірлік американдық комбайндарды алу жоспарда бар екендігін айтады.

«Самай» ШҚ-да бүгінде он-он бес адам еңбек етеді. Қожалық басшысының айтуынша, жазғы маусымда жұмысшылардың жалақысы  300 мың теңгеден кем емес болса, қысқы уақытта оларға  60 мың теңге көлемінде орта айлық жалақы төленеді.

Новохайрузовкалық іскер азамат Мәлік Зияданың бастамасы әбден құптарлық. Көбінде мал шаруашылығымен айналысып отырған ауданымыз үшін бұл  үлкен жаңалық болары анық.

 Тимур Смағұлов, Катонқарағай ауданы.

Осы айдарда

Back to top button