Суретке айналған әуен

Жаза беріппіз. Көлденеңінен де, тігінен де, қиғашынан да… Қойшы әйтеуір қолымыздағы ақ параққа көк сиямен, біресе қызыл сиямен бір-бір сөзден түсіре беріппіз.
Суретшінің тап бір көк, қызыл… – сан түрлі бояуы сапырылысқан «Қатал ғасыр» атты суреттері секілді қым-қиғаш жазулар екен.
Неге олай? Суретші неліктен түрлі-түрлі бояуды параққа оңды-солды сүйкей берген? Жақындап үңілген сайын «Қатал ғасырдан» алыстап кеткендей екенсің. Қашықтан көз салып көрсек қайтеді өзіне? Адамның басы жармақталып, екіге бөлініп кеткен тәрізді. Картинаның жоғарғы жағындағы жалт ойнап тұрған шаш емес, найзағай іспетті. Жоқ, әлде бұл тіпті адам емес, таудың бейнесі ме? Етегін су шайған. Басын бұлт шалған… Қалай жорамалдасақ та, «Қатал ғасырға» алыста тұрып көз тастаған соң, бірнәрсе түсінгендей болдық.
Ақ парақтан… жоқ, кешірім өтінеміз, қолымыздағы шытырман шимай парақтан «Күміс музыкант» сөзін оқыдық. Суретшінің бір шығармасы солай аталатын. Баста – бөрік, үстіде – шапан – байырғы қазақ қобызды күңірентіп отыр. Бір қасын көтере түсіп өзі сол қобыз үніне құлақ қойғанын һәм қалың ойға шым батқанын аңғартады.

– Бұл картина туындыларымның ішіндегі жаныма ең ыстығы. Оралхан Бөкейді оқығаннан кейін туған шығарма. Иә, бұл – «Күміс музыкант», ал мынау өткізіп жатқан көрмем «Тыныштықтағы әуен» деп аталады. Мен мүлде саңырау адам болсам да, туындыларыма әуенмен байланысты атау бердім. Себебі, сыртқы дыбыстарды естімегеніммен, ішімде үнемі әуен ойнап тұрады, – дейді суретші жүрек тұсындағы қалтасына қолын сүңгітіп жіберіп. Ол осы қимылымен «әуен – жүрегімнің тереңінде» дегенді аңғартқандай.
– Әлгі ішімде ойнап тұрған әуен тысқа сурет болып алуан түрлі бояулармен кескінделіп шығады. Жағымсыз әуендер – қою қызыл, қара түстер болып келеді, – деп қосып қойды ол. Жоқ, ол «қосып қойған» жоқ асылында. Суретшінің қол ымынан түсінгенін сурдоаудармашы солай айтып берді бізге.
…Облыстық Өнер музейінде талантты суретші Марат Смайловтың 50 жылдық мерейтойына орай «Тыныштықтағы әуен» көрмесі ашылған еді.
– Марат Смайлов Көкпекті ауданы Көкжыра ауылының тумасы. Бала кезінен есту қабілетінен айырылған оның тағдыр жолы, өмірбаяны жалпақ жұртқа кең таныс. Марат Смайлов Зырян қаласындағы арнайы интернатты бітіріп, Ленинградтағы көркемөнер политехникумын тәмамдаған. Оның шығармалары Астана, Алматы, Өскемен, Зырян қалаларындағы көрмелерге қойылған, – дейді музей қызметкері Лариса Мартынова.
…Көрмеден шыққан соң қолымыздағы парақтан тағы да Қатал тағдыр, Менің қарындасым, Ардақ, Кек, Қызыл қобыз, Сурет деген сурет емес, әуен ол деген сынды бірі тырнақшаға алынған, екіншісі алынбаған сөздерді оқыдық. Кейбірі сол күйінше оқылмады да. Қым-қиғаш, шым-шытырық жазулар. Тап бір «Қатал ғасыр» аталған суреттер циклі тәрізді.
Тасқын Болатұлы