Сурдлимпиаданың күміс жүлдегері Өскеменге оралды
Түркияның Самсун қаласында өткен XXIIІ сурдлимпиадалық ойындарда күміс медаль еншілеген дзюдошы Шаяхмет Қанапиянов Өскеменге оралды. Спортшыны жанкүйерлері мен қала тұрғындары құшақ жая қарсы алды.
Естеріңізге салайық, 66 келіге дейінгі салмақ дәрежесінде өнер көрсететін Шаяхмет түрік жерінде бірнеше кездесу өткізіп, ақтық сынға сенімді шыққан. Тек финалдық белдесуде ресейлік Руслан Аскеровке жол берген жерлесіміз күміс медальға ие болды.
– Бұл тек менің ғана емес, жаттықтырушыларым мен қолдаушыларымның жетістігі деп білемін. Соңғы кездесуде аздап қобалжығаным рас. Оның үстіне уақыт та тығыз болды. Дегенмен, бұл – менің бірінші үлкен жетістігім. Мұнымен тоқталып қалмақ емеспін, – дейді спортшы.
Айта кетейік, жазғы сурдлимпиадалық ойындар 1924 жылдан бері өткізіліп келеді. Онда тек есту мүшесінде мүкісі бар спортшылар қатысады. Бұл жарыстың Паралимпиада ойындарынан басты айырмашылығы – мұнда қатысушылар арнайы әзірленген емес, Олимпиада ойындарына арналған спорттық алаңдарда бақ сынасады.
Нұржан Кенжеұлы