Сәуірдің сенбілігін науатты Наурызға айналдырдық

Алтайға көктем кеш келеді. Сол себепті де Наурыз мерекесі ай бойы тойлана беруі тиіс. Осы қисынға сүйенген №45 мектептің ата-аналары биыл Ұлыс күнін жер бауыры әбден қызған соң, дүркіретіп тұрып өткізсек деген ұсыныс айтқан. Орынды ұсынысқа әрқашан жол ашық.
Уағда бойынша сәуірдің 13-ші жұлдызында мектеп жанындағы ашық алаңқайға сегіз бірдей ақшаңқан киіз үй тігілді. Сол үйлердің арасында қалықтаған рухты ән мен сазды күй өткен-кеткен халықты аламанға жинады. Түс болмай мектептің маңын қаңтарылған көлік пен сабылысқан адам жауып кетті.
Сәуірдің сенбілігін науатты Наурызға айналдырған ата-аналардың жүзі балбұл жанады.
Берекесі бекем шаңырақтың думанына қала әкімі Жақсылық Омар да қатысып, лебізін білдірді. Ол өз сөзінде Ұлыс күні көктем мерекесі ғана емес, салт-дәстүр мен ғұрыпты сақтаған сандық іспеттес екенін атады.
Мектеп директоры Оралхан Тілеукенов қала басшысы бастаған құрметті қонақтарды түлектер аллеясына бастады. Жыл сайынғы дәстүр бойынша биылғы түлектер мектеп ауласына жас көшеттер егіп, естеліктерін қалдырды.
Бұл шақта киіз үйлі ауылда ымырасыз сайыс басталған. Ата-аналардың қажыр-қайратымен тігілген сегіз үй Ұлы даланың есімдерін иеленіп, өзара сән-салтанатын сынға салды. Абай ауылы есті ән-күйімен, Ыбырай ауылы өрелі өнегесімен, Қазыбек, Төле, Әйтеке билердің ауылы данагөй насихатымен, Шәкәрім ауылы шайырлардың шарапатымен, Жамбылдың ауылы жыр-термемен, Шәмшінің ауылы шынайы саздарымен баурады.
Ұлттық киім киген мектеп ұжымы, оқушылар, ата-аналар мерекенің ажарын аша түскендей. Білім ошағымен біте қайнасып, әр кез игі істердің басы-қасынан табылатын әжелер мен ақсақалдар, ардагерлер, көрші мектептердің директорлары мерекелік шараның төрінен табылды.
Мектеп директоры Оралхан Рақымжанұлы Наурыз мерекесін ашық аспан астында, ерекше нақышта өткізудің мәні «Рухани жаңғырудың» бір көрінісі екенін, оқушыларға ұлттық сананы жаңғырту мақсатында тәрбиелік үлкен маңызы бар екенін атап өтті. Сондай-ақ, мектеп басшысы ата-аналар, арнайы шақырылған қонақтар және мектеп ұжымына мерекені өткізуге қолдау көрсеткендері үшін зор алғыс білдірді.
Салтанатты сахнада мектебіміздің әжелер алқасы жиналған қауымды пәле-қаладан аластап, шашу шашса, Қыдыр ата халыққа бата берді. Музыка пәні мұғалімі Азатбек Орынбек дайындаған 100 баладан тұратын «Мұрагер» домбырашылар оркестрінің күмбірлеген күйлері көпшіліктің көңілін көтеріп, мерекенің ажарын аша түсті. Әр сынып өздеріне бөлінген ауыл атауларына сай өнерлерімен, киіз үйдің безендірілуі, ұлттық дастарқан мәзірін қорғау үшін сайысқа түсті. Мектеп жанынан құрылған қазылар алқасы барлық ауылдарды аралап, әділ бағасын берді. Сайысқа ерекше жауапкершілікпен, үлкен дайындықпен оқушыларды жоғары деңгейде ұйымдастыра білген сынып жетекшілерінің еңбегі зор. Арнайы өзінің ән-шашуымен келген өнерпаз ата-аналардың өнерлерін және әр сыныптың дайындаған әні мен жырын, биі мен күйін тамашалаған жұрт бір марқайып қалды.
Наурыз тойы ары қарай ұлттық спорт ойындарымен жалғасын тапты. Мерекеге жиналған халық наурызкөжеден дәм татып, риза болып тарқасты.
С.Мадыева,
Н.Үркіншінова, мектеп мұғалімдері.
Өскемен.