Қоғам

Сұранысқа ие мамандықтар қандай?

Айжанат Бақытқызы

Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев халыққа арнаған Жолдауында «Техникалық және кәсіби білім беретін оқу орындары еңбек нарығының нақты сұранысына бейімделуі және еліміздің жаңа экономикалық бағдарының міндеттеріне сай болуы керек. Біздің күшіміз жастардың білімінде»,  деп техникалық және кәсіптік білім беру саласына айқын міндеттер жүктеді.

Облыстық білім басқармасы басшысының міндетін атқарушы Әлима Ақылбекқызының айтуынша, былтырдан бері техникалық және кәсіптік білім беру жүйесіне бірқатар жаңалықтар енді. Соның бірі – «Студент таңдауы» қағидасы.

– Енді болашақ студенттер төрт мамандық пен төрт колледжге дейін таңдай алады. Қабылдау рәсімі жаңа ережелерге сәйкес жүзеге асырылады. Яғни, мемлекеттік тапсырыс студенттің таңдауы бойынша бөлінеді. Бұрын мемлекеттік тапсырыс орындары 200-300 деп тікелей колледждерге бөлінген болса, енді мемлекеттік тапсырыс түріндегі бюджет қаражаты талапкер таңдаған колледжге беріледі. Егер талапкер өз мамандығы бойынша басқа колледжге ауысқысы келсе, өз грантымен ауыса алады, – деді Әлима Ақылбекқызы.

Өзгерістерге сәйкес педагогикалық, медициналық және шығармашылық мамандықтар бойынша арнайы сынақтарды қоспағанда, колледждерге түсу емтихандары болмайды. Колледжге қабылдау барысында үміткерлердің аттестаттағы балы, білімі ескеріледі.

Сонымен қатар академиялық еркіндік негізінде колледждер студенттердің оқу мерзімін өздері анықтап, оқу бағдарламасына өзгеріс енгізе алады. Мәселен, 9-сыныптан кейін колледжге түскен студенттер бұрынғыдай 3,6 жыл емес, 2 жыл оқи алады. Егер студент 11-ші сыныптан кейін колледжге түссе, онда ол 2,6 жыл емес, бір жарым жыл оқи алады.

Облыстық кәсіптік білім беру орталығы директорының міндетін атқарушы Ләзат Кездікбаеваның айтуынша, қазір өңірдегі техникалық және кәсіптік білім беру жүйесінде 42 колледж жұмыс істейді. Оның ішінде 1 колледж – республикалық, 23 – мемлекеттік, 15 – жеке меншік (1 колледж өз қызметін тоқтатты), 3 колледж – жоғары оқу орындарының жанында. Қалалық жерде 30 колледж, ауылдық жерде 12 колледж орналасқан. Онда 17 мыңнан астам студент оқиды, оның ішінде 12 627 студент мемлекеттік тапсырыс бойынша білім алады. Даярлау 60 мамандық бойынша жүргізіледі.

21 колледж облыстағы 26 кәсіпорынның қамқорлығында, мұнда басты назар колледждер мен бизнес өкілдерінің кадрларды бірлесіп даярлауына аударылады.

Мамандар даярлаудағы әлеуметтік әріптестіктің маңыздылығын облыста іске асырылып жатқан 28 колледж бен 343 кәсіпорындағы дуальды оқытудың нәтижесі дәлелдейді. Дуальды оқытуды табысты енгізу түлектердің жұмысқа орналасу үлесін 62 пайыздан 86,2 пайызға дейін арттыруға мүмкіндік берген.

– Білім басқармасы салалық басқармалармен, қалалық-аудандық әкімдіктермен бірлесіп, өңір экономикасы үшін техникалық және кәсіптік білімі бар кадрларға нақты қажеттілікті айқындау мақсатында жыл сайын арнайы зерттеу жұмыстарын жүргізеді. Соның қорытындысы бойынша 2026 жылға дейін 23 мыңнан астам маман қажет. Өңірлік кәсіпкерлер палатасы да шағын және орта бизнес өкілдерімен кадрларға қажеттілікті қалыптастыру бойынша жұмыс жүргізіп, оны білім басқармасына ұсынады.

Ең көп сұранысқа ие мамандықтар инженерлік, өңдеу және құрылыс салалары, ауыл шаруашылығы, орман шаруашылығы, балық шаруашылығы, ветеринария, денсаулық сақтау, білім беру, – деді кәсіптік білім беру орталығының басшысы.

Жастарды сұранысқа ие мамандықтар бойынша колледждерде тегін оқумен қамту мақсатында өңір кәсіпорындарының өкілдерімен бірлесіп, мектеп оқушылары үшін кәсіптік бағдарлау шаралары өткізіледі.

Техникалық және кәсіптік білімі бар кадрларды даярлауға биылғы оқу жылына арналған мемлекеттік тапсырыстың көлемі – 5156 орын. Жоғары сұраныстағы мамандықтар: инженерлік және өңдеуші құрылыс салалары – 2048 орын, білім беру – 829 орын, медицина – 798 орын, IT мамандықтары – 456 орын.

Төрт құзыреттілік орталығы ашылды

Ләзат Тоқтарбекқызы айтып өткендей, «Жас маман» жобасы колледждердің базасын сұранысқа ие 100 кәсіп бойынша жаңғырту және білікті мамандар даярлаудың халықаралық тәжірибесін енгізуге бағытталған. Осылайша, негізгі мамандықтар бойынша кадрлар даярлау құзыреттілік орталықтарында шоғырланды. Бұл өңірдегі өзге колледждердің студенттеріне де WorldSkills әлемдік стандарттарына сай заманауи жабдықтарда оқып, іс-тәжірибеден өтуге, білім сапасын арттырып, бәсекеге қабілетті кадрлар даярлауға мүмкіндік береді.

Атап айтсақ, техникалық және кәсіптік білім беру саласындағы жетекші оқу орындары – Өскемен жоғары политехникалық колледжі, Шығыс Қазақстан ауыл шаруашылығы колледжі, Риддер аграрлық-техникалық колледжі және Өскемен құрылыс колледжінің базасында төрт құзыреттілік орталығы ашылды. Республикалық жоба аясында 1 млрд. 404,48 млн. теңге қаржы бөлініп, құзыреттілік орталықтары заманауи жабдықтармен және техникамен жабдықталды.

Облыс колледждерінен жыл сайын 4-5 мың студент мамандық алып шығады. Олардың жұмысқа орналасу үлесі былтыр 74,5% болса, биыл 78,3%-ды құрады.

Жұмысқа орналастыру көрсеткішін арттырудың бір бағыты – әлеуметтік әріптестікті дамыту. Кәсіптік білім беру жүйесінде «Казцинк», «Востокмашзавод», «ҮМЗ», «Қазақавтожол ДЭУ-25», «Есіл-Астана», «Транзит» ЖШС сияқты әлеуметтік әріптестерді атап өткен жөн.

Колледж студенттері WorldSkills кәсіби шеберлік чемпионаттарына белсене қатысады.                 Облыстың құрама командасы соңғы үш жылда республикалық чемпионатта жалпыкомандалық 1-орынға ие болды және WorldSkills әлем чемпионаттарында жоғары жетістіктерімен көзге түсіп жүр.

«WorldSkills Kazakhstan» VI республикалық кәсіби шеберлік чемпионатының алтын медаль иегерлері «WorldSkills Competition 2022 Special Edition» әлемдік чемпионатында ел намысын қорғайтын болады.                    

 «Казцинк»-тен шәкіртақы алады

Өскемен жоғары политехникалық колледжіне «Жас маман» жобасының  аясында 245 миллион теңгенің құрал-жабдықтары сатып алынып, бірегей зертханалар мен құзырет орталығы ашылғандығы белгілі. Бұл оқу орны электромонтер, техник-электрик, машинист, электромеханик, аудитор, жылу энергетигі, техник-механик, мехатроник мамандарын даярлайды.

Колледж түлектері негізінен «Біріккен ЭнергоСервистік компания», «Aitas KZ», «Үлбі металлургия заводы», «Титан-магний комбинаты», «Өскемен конденсатор заводы», «КЭМОНТ» акционерлік қоғамдары мен «Өскемен  су электр станциясы», «Машзавод», «Силумин Восток», «Силумин-Сервис», «Согра жылу энерго орталығы», «Өскемен жылу энерго орталығы», «Шығысэнерготрейд» жауапкершілігі шектеулі серіктестіктеріне жұмысқа орналасады.

Колледж басшысы Исатай Салихұлының айтуынша, негізгі әлеуметтік серіктестерінің бірі – «Қазцинк» ЖШС. Колледж студенттері аталған кәсіпорынның әртүрлі бөлімшелерінде өндірістік іс-тәжірибеден өтеді. Биыл колледждің 17 студенті «Казцинк» ЖШС-мен арнайы стипендиялық бағдарлама шартына отырған. Бұл бағдарлама бойынша студенттер колледжді жақсы оқып, «Казцинк» бөлімшелерінде тәжірибеден өткені үшін айына 25 мың теңге көлемінде шәкіртақы алады. Оқу орнын бітіргеннен кейін кәсіпорынға жұмысқа орналасады. Ол үшін оқушылардың ата-аналары арасында түсіндіру жұмыстары, оқушылармен әңгімелесу жүргізіледі. Әңгімелесуден өткен студенттер медициналық тексеруге жіберіледі. Дәрігерлер оң шешім бергеннен кейін дуальды оқыту бойынша үш жақты келісім жасалады.

Бұл оқу орны білім сапасына баса мән береді. Нәтижесінде колледж түлегі Павел Фетисов «Қазақстанның ең үздік 100 студенті» қатарына енді.

«WorldSkils Shygys-2022» аймақтық чемпионатының жүлдегерлері мен жеңімпаздары – Шахназар Қалтайұлы, Бекзат Русланұлы, Әлқайырхан Ринатұлы, Евгений Киреев, Сергей Бочаров, Татьяна Когай, Андрей Свахин,

Артём Кравцов та аталған колледждің студенттері.

Колледждің әлеуметтік жағдайына тоқталар болсақ, оқу орнының 210 орындық жатақханасы бар. Студенттер жатақханамен толық қамтылған.

Мұнда оқитын көпбалалы немесе әлеуметтік осал топтағы отбасыларынан шыққан студенттер тегін тамақпен қамтылып, жатақханада елу пайыз жеңілдікпен тұрады. Ал жетім және ата-ананың қарауынсыз қалған балалар жатақханада тегін тұрып, тегін тамақпен қамтылған.

Ауыл шаруашылығы мамандары қажет

Саратов ауылындағы Шығыс Қазақстан ауылшаруашылық колледжіндегі 350 студент ветеринар, агроном, омарташы, механикаландыру, есеп-аудит мамандықтары бойынша білім алуда. Саратовтан түлеп ұшқан ветеринар мамандары сонау Кеңес заманынан бері білім-біліктілігімен ерекшеленіп, республика бойынша бірінші орын алып келеді.

«Жас маман» жобасы аясында оқу орнына 330 млн. теңге  бөлініп, материалдық-техникалық базасы жаңғыртылды. Колледж директоры Оралбек Төлегенұлының айтуынша, бұл қаражатқа комбайн, егіс кешені, автоматтандырылған заманауи тракторлар сатып алынған. Енді студенттер колледж қабырғасында жүріп-ақ жаңа техникаларды игеріп алады. Өңірдегі ірі  шаруашылықтардың барлығы дерлік осындай автоматтандырылған шетелдік техникалармен жұмыс істейді. Мәселен, америкалық «John Deere» егіс кешенінде барлығы компьютермен басқарылады. Сатып алынған NEW HOLLAND тракторы да электронды панельмен басқарылады.

Колледж студенттері ғана емес, өңірдегі ауыл шаруашылығы бағытындағы өзге оқу орындарының студенттері де іс-тәжірибеден осы колледждің базасында өтеді.

– Болашақ мал дәрігерлері үй жануарларына дұрыс диагноз қойып, емдеп, ота жасауды үйренуі үшін базада қоян, қой, сиыр, тауық асыраймыз. Колледждің өз қаражаты есебінен базаны кеңейтіп, қосымша құрылыс салдық. Студенттеріміз өндірістік іс-тәжірибеден Өскемен құс фабрикасы, «Опытное поле», «Камышинка», «Багратион» сияқты ірі шаруашылықтарда өтеді. Бір қуанарлығы, қазір студенттер қоғамға қажетті мамандықтарды зерттеп, оқуға мақсатты түрде келеді. Ветеринарлық емхана, ветеринарлық дәріхана ашамыз деп, облыс орталығынан келіп, бізден білім алады, – дейді директордың орынбасары Асқар Шынтеміров.

Колледж басшысының айтуынша, қазір ірі шаруашылықтар білімді мамандарға жалақыны жақсы төлейді. Мәселен, Шемонайхада асыл тұқымды мал шаруашылығымен айналысатын «Камышинское» шаруа қожалығының басшысы, меценат Владимир Акулов жалақыдан бөлек, баспаналы болуға көмектеседі. «Багратион» шаруа қожалығының басшысы Василий Воропай жұмысшыларын баспанамен қамтып, жас мамандарға көтермелеу қаражатын береді. Сонымен қатар қызметкерлерін сауықтыруға және емдеуге көңіл бөледі.

– Мен «Серпін» бағдарламасы бойынша Қызылорда облысы, Жаңақорған ауылынан келіп, ветеринар мамандығының 4-курсында оқып жүрмін. Бітірген соң Шәкәрім университетінен жоғары білім алып, Өскеменде қызметке қалатын ойым бар. Өйткені Шығыста ауыл шаруашылығы мамандарына деген сұраныс көп. Колледж студенттері жатақханамен, үш уақыт тегін тамақпен, кең жолақты интернетпен қамтылған. Бос уақытымызда тоғызқұмалақ, шахмат немесе домбырада ойнап, мәдени-спорттық шараларға қатысамыз. Студенттердің ауызбіршілігі мықты. Бір-біріне көмектесуге, қолдауға дайын тұрады, – деді Ұлсана Таңқашбек.

Осы айдарда

Back to top button