Супермаркеттегі тауарлар сапалы да арзан
Аягөз тоғыз жолдың торабына орналасқан қала болғандықтан, бұл жерге келушілер көп. Сондықтан ба екен, мұндағылар қаланың сәулетіне ерекше көңіл бөлетіні рас. Осы бір- екі жылдың ішінде салынған әсем ғимараттардан көз сүрінеді. Бұдан өзге «аңыздар елі, абыздар елі» атанып, төңірекке үлгі болып келе жатқаны бар. Жуырда қала салтанатын тағы бір әсем ғимарат айшықтай түсті. Осындағы «Атамекен» сауда үйінің пайдалануға берілуі аудан жұртшылығы үшін зор сый болды. Еңсесі биік алып ғимараттың қос қабаты кәсіпкер азаматтарға жалға берілді.
Осыдан бір-екі ай бұрын екінші қабатты түгелдей «Alser» фирмасы алып, соңғы технология жетістіктерін саудаға қойған болатын. Ал бірінші қабатты жуырда ғана Самат Төлегенов деген кәсіпкер азамат алып, азық-түлік тауарларымен толтырды.
-Самат пен Ризвангүлді көп жылдардан бері білемін. Қазіргі сауданың жай-жапсарын жетік білетін, менеджмент, маркетингтен хабары бар азаматтар. Ғимараттың бірінші қабаты «Эконом» супер-маркеті. Иелері Самат пен Ризвангүл. Шынын айсам, өзім ат-түйедей қалап соларға бергізіп отырмын. Өйткені, өзі сапалы, өзі арзан тауарлар тек осы кісілерде ғана болады, -дейді «Атамекен» сауда үйінің басшысы Дулат Атығаев.
Жаңадан ашылып отырған «Эконом супер» маркеті жайындағы қала жұртшылығының көзқарасы тамаша.
-Біз Саматтың тауарлары қай нүктеден ашылып сатылып жатса да, содан сауда жасауға тырысамыз. Бұл кісілердің ең сапалы тауарларды дүкен сөрелеріне қоятынын жақсы білеміз- дейді Аягөз қаласының тұрғыны Әсем Райымбекова.
Берікхан Тайжігіт
Аягөз ауданы.